Жаңалықтар

Нью-Йоркте тіл білмесе де, такси жүргізушісі болып жүрген қазақ

Фото: видеодан кадр

Тіл білмеу ер адамның еңбек етуіне кедергі болмаған.

Егде жастағы қазақстандық Нью-Йоркте такси жүргізушісі болып еңбек етіп жүр. Бұл туралы әлеуметтік желіде ер адамның келіні бейнежазба жариялады, деп хабарлады turkystan.kz.

Оның айтуынша, тіл білмеу ер адамның еңбек етуіне кедергі болмаған. Түсінбеген сөзді телефондағы сөздікпен аударуды үйреніп алыпты. Бүгінде табысы да жақсы.

«Атама Ubereats ұнап тұр. Азанмен маманың бал шайын құйып алып, көлігімен жұмысқа кетеді. Жақында алған Kia-сы да үйлесе қалды. Басында тілден қиналса, қазір біраз сөйлемді біліп алған. Аударылмаған сөйлемін скриндап алып, скриндағы сөзді бірден аударып беретін iPhone-ның қасиетін де үйренген. Өз табысына өзі риза. Күніне 150-200$ тауып, қуанып келеді, кешкісін әңгімесін тыңдап арқа-жарқа боп шай ішеміз. Бір ебін тапқан жұмыс өзі үшін. Қайраты мен «істеймін» деген қажыры бізге үлгі. Алып мемлекеттің мүмкіндігін қолынан келгенше пайдаланғысы келген атамның бұл әрекеті – таза еңбек», - дейді әйел.  

Оның айтуынша, америкалықтар, тіпті, екі минуттық жерде тұрса да, тамақты таксимен алдырады. Ал такси жүргізуші тез жететін әрі табысы жақсы тапсырысты қабылдауға тырысады. Екі айдан бері такси жүргізушісі болып жүрген ер адам видеода ол жақта жан қинайтын жұмыс жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, ол жақта бензиннің литрі бес жүз теңгеден сатылады екен.