Жаңалықтар

Іле-Алатау ұлттық саябағында белгісіз біреулер орманшыны есінен танғанша ұрған

Фото: stan.kz

Жарты сағаттан соң есін жиған Дамир Қуатбеков туыстары тұратын Аққайың ауылына барған.

Іле-Алатау ұлттық саябағында жол талғамайтын көлік тізгіндеген белгісіз біреулер орманшыны соққыға жыққан, хабарлады turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«29 қыркүйек күні сағат 19:15 шамасында Іле-Алатау ұлттық саябағының аумағында, Каменский орман шаруашылығында, «Аққайың» шатқалында, «Мокрый ключ» шатқалына баратын жолда белгісіз біреулер 30 жастағы инспектор Дамир Қуатбековты соққыға жыққан. 

Орманшы Toyota Land Cruiser 105 көлігіне мінген белгісіз төрт адамның сүйретпеге кабель бекітіп, «Мокрый ключ» шатқалына өтуге кедергі келтіретін жабық бөгетті жұлып алмақ болғанын көреді. Инспектор өзін саябақ қызметкерімін деп таныстырып, қызметтік куәлігін көрсеткен. Содан кейін шлагбаумнан кабельді алып тастаған ер адам көліктің артқы орындығына жайғасқан. Артынша жүргізуші мен жолаушы көліктен түсіп, инспекторға шабуыл жасаған. 

Бұған шыдамаған Қуатбеков өзін қорғау мақсатында оларға қарсы шыққан. Алайда үшінші адам көліктің артқы орындығынан жүгіріп шығып, орманшыны бейсбол таяғымен үш рет ұрған. Соққының бірі бас аймағына тиген Қуатбеков жерге құлап, 30 минут бойы ес-түссіз жатқан», - деді Іле-Алатау ұлттық саябағы әкімшілігі.

Жарты сағаттан соң есін жиған Дамир Қуатбеков туыстары тұратын Аққайың ауылына барған. Сол жерден жедел жәрдем шақырып, бас жарақаты мен көгерген жарақаттарымен №12 ауруханаға жатқызылды.

«Сағат 20:30-да ауруханаға Алматы қаласы Медеу ауданы ІІБ тергеу бөлімінің тергеушісі А.Қайсеев келіп, тергеуші патрульдік полиция инспекторының арызын қабылдап, «Сотқа дейінгі тергеп - тексерудің бірыңғай тізіліміне «Қылмыстық кодекстің 293 (Бұзақылық) және 380-1 (Құқық қорғау органы қызметкерінің, арнаулы мемлекеттік органның, әскери қызметкерлердің, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектордың, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторының, қорықшының өміріне қол сұғу) баптары бойынша тіркеді», - деді ұлттық парк әкімшілігі.

Қазіргі уақытта тергеу органы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, сот-медициналық сараптама тағайындады.