Елордада мемлекеттік балабақшалардың құрылысы жанданады
Елордада мемлекеттік балабақшалардың құрылысы 2017 жылы тоқтап қалған.
Астанада мемлекеттік балабақшалардың құрылысын қайта бастау туралы шешім қабылданды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-дағы парақшасына жазды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Астананы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарға баса назар аудара отырып дамытып жатырмыз. Мәселен, елордада мемлекеттік балабақшалардың құрылысы 2017 жылы тоқтап қалған. Осы 6 жылда жекеменшік балабақшаларға арналған мемлекеттік тапсырыстар бөлінді. Дегенмен тұрғындар санының өсуін ескерсек, қалада әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік байқалады», – деді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, сол себепті мемлекеттік балабақшалардың құрылысын қайта бастау туралы шешім қабылданды.
«Қазір ішкі жұмыстарды жүргізіп жатырмыз: жер учаскелерін анықтап, инженерлік желілер мен басқа да қажетті инфрақұрылымның дайындығын қарастырамыз. Келер жылдан бастап мемлекеттік балабақшалардың құрылысын қаржыландыруды жоспарлайтын боламыз. 60 жер учаскесін белгілеуді жоспарлап отырмыз. Оларды кезең-кезеңімен саламыз», – деп жазды қала әкімі.
Сол сияқты жекеменшік балабақшаларға да жыл сайын мемлекеттік тапсырыстар бөлетін болады.
«Мысалы, биыл жекеменшік балабақшаларға 10 мың 300 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда орындар саны 5 еседен астам өсті. Сондай-ақ, жеке инвестиция есебінен 17 балабақша салынып жатыр. Сонымен қатар мектеп құрылысына да баса назар аударамыз. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен 2027 жылға дейін Астанада 180 мыңға жуық оқушы орнына (екі ауысымда) арналған 65 мектеп салынады», – деді ол.