Жаңалықтар

Павлодар облысында полицейлер жалған террористі іздеп жатыр

polisia.kz

Полицияға хабарлама директордың қалалық телефонына түскен.

2 қазанда сағат 14.10-да Екібастұз қаласының 102 телефонына мектеп директорынан жарылғыш құрылғы туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлады turkystan.kz.

ІІМ мәліметінше, «№26 ЖОББМ дәретханасына бомба қойылды» деген хабарлама директордың қалалық телефонына түскен.  

«Мекенжай бойынша шұғыл қызметтер дереу жіберілді. Оқу орнының оқушысы мен персоналы эвакуацияланды. Оқиға орнында саперлер жұмыс істеуде, ғимаратқа және оның айналасына тексеру жүргізілуде. Жарылғыш құрылғы табылған жоқ. Осы фактіге қатысы бар адамды анықтау бойынша іс - шаралар жүргізілуде», - деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.  

Полиция терроризм актісі туралы көрнеу жалған хабарлау қылмыстық құқықбұзушылық болып табылатынын және 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады.