Жаңалықтар

Министрлік мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесіне өзгеріс енгізуге тиіс – депутат

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру керек екенін тапа айтқан болатын.

Аталған мәселеге қатысты енгізіліп жатқан өзгерістер мен бастмалар жайлы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова өз ойын ортаға салды.

 «Біз заң шығарушы өкіл ретінде Президент Жолдауында міндеттелген тапсырмаларды заңнама жүзінде орындалуына үлес қосып жатырмыз. Ең бірінші – білім, тәлімгерлікке қатысты мәселелер жөнінде кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу туралы Әлеуметтік даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовпен бірге бастама көтердік. Бүгінгі күнге дейін 88 нормаға өзгеріс енгізілді. Үкіметке жолдап қойдық, енді оң нәтижесін күтеміз», – деді Ж. Сүлейменова.

Депутаттың айтуынша, сапалы білімге қолжетімділік – әр баланың мызғымас құқығы.

«Алдымен біз мұғалімдердің білім сапасы көтерілмейінше, балаларымыздың білім деңгейі жақсармайтынын түсінуіміз керек. Осыған қатысты өткен сессияда бірнеше механизмді бекіттік. Мәселен, қазір ұстаздарды даярлайтын педагогикалық университеттерге түсу үшін шекті балл – 75, бұрын 50 балл болатын. Сондай-ақ педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысы басқа мамандықтарға қарағанда бірнеше есе жоғары. Бүгінгі таңда олардың шәкіртақысы 58 мың теңгені құрайды. Басқасы 32 мың теңге алады.

Биыл да шәкіртақы сомасы өскені белгілі. Педагогикалық мамандықтың еңбек нарығында тартымдылығын арттыруға байланысты экономикалық тетіктер заңмен бекітілді. Бұл «Педагог мәртебесі» туралы заңның аясында және мұғалімдердің айлық жалақысын өсіруге қатысты жыл сайынғы Мемлекет басшысының тапсырмасымен өсіп отырған қосымша ақыларға кіреді», – дейді ол.

Қазір басты мәселе – мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Халық қалаулысы қазір мұғалімдердің біліктілігін арттыру екі жолмен жүзеге асырылып жатқанын айтты.

«Біліктілікті арттыру жүйесін бірізді жолға қою керек. Негізгісі – пәндік құзыреттіліктерін дамыту. Бұл мен үшін сәл түсініксіздеу. Мұғалім ЖОО-да 4 жыл пәндік құзыреттілігін меңгереді. Мектепте 5 жыл жұмыс істегеннен кейін 3 жыл сайын біліктілігін арттыра алады. Менің ойымша, мұғалімнің қайтадан тек қана пәндік құзыреттілігін арттыру жеткіліксіз. Әрбір ұстаз сыныпта өзінің пәнін оқытумен қатар, оқушылардың  психологиялық әл-ауқаты туралы ақпаратты да меңгеруі керек. Осы мәселені де зерделеп қарастыраған жөн деп санаймын.

Екінші үлкен мәселе – педагогтардың жалпы методиканы меңгеруі. Пандемия кезеңінде барлық мұғалім жаппай онлайнға өткенде, компьютер арқылы сабақ беру әдісі қаншалықты қиын және күрделі екенін сезді. Сәйкесінше, онлайн педагогикаға қатысты құзыреттілігін дамыту үшін аталмыш методиканы жиі жаңарту қажет.

Одан бөлек, әр баланың әр пәнді меңгеру қабілеті әртүрлі. Ондай кезде мұғалімнің педагогикалық шеберлігі маңызды рөл атқарады. Әр баланың қабілетін зерттеп, жеке жолын табатындай әдісін меңгеру керек. Қазір технология, жасанды интеллект қатты дамыған.  Өз кезегінде оқытушылардың осы жаңашыл салаларды меңгергені жөн.

Қазіргі жаҺандану заманында цифрлы технологиялардың күннен-күнге дамуына байланысты  педагогика саласындағы мұғалімдердің біліктілігіне қойылатын талап та ауысады. Сәйкесінше, Оқу-ағарту министрлігі біліктілікті арттыру жүйесіне толыққанды өзгерістер енгізуге тиіс», - дейді ол.