Жаңалықтар

Павлодарда ер адам танысын өлтіріп, үйдің ауласына көміп тастаған

pexels.com

Павлодарлық тұрғын ерікті түрде өзі полицияға келген.

Сот отырысында 31 жастағы күдіктіге 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлады turkystan.kz Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«2 қаңтарда оңтүстік полиция бөлімінің кезекші бөліміне қала тұрғыны ерікті түрде келген. Ер адам 2022 жылдың қыркүйек айының ортасында өзінің 1964 жылы туған танысын өлтіргенін хабарлады. Ол сол күні тұрғылықты жеріндегі үйде алкогольдік ішімдіктер ішу барысында таныс әйел екеуінің арасындағы жанжал кезінде оны тұншықтырып өлтіргенін айтты. Денесін өзі тұрған үйдің ауласына көміп тастаған»,  –  делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Аталған факті тіркеліп, тергеушілер Қазақстан Республикасы ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.