Жаһан

Шыңжаңда киіз үйге тапсырыс көбейді

kaz.people.cn

Шыңжаңның туристік индустриясы дамып, дәстүрлі киіз үйлер көптеген саяхат өңірлерінде тігіліп жатыр.

Дәлелхан Хабидешұлы 50 жылдан астам уақыт қазақ киіз үйін жасау дәстүрін сақтап келеді. 2008 жылы қазақтың киіз үй жасау шеберлігі Ұлттық материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілді. Дәлелхан «киіз үй жасаудың» өкіл мұрагері атанды, деп жазды «Халық» басылымы. 

«Үйдің қаңқасы қарапайым болғанымен, оның әрбір бөлігі өте ұқыптылықты қажет етеді», – дейді Дәлелхан.

Шебер киіз үйдің шаңырағы мен керегелері үшін жіңішке қызыл талдар, ал есік пен оның жақтауына қарағай керек екенін айтты. Бір-біріне ұқсамайтын ағаштардың иілгіштігі мен төзімділігі де өзгеше. Сонымен қатар, керегені көктейтін жіптер негізінен сиыр немесе түйе терісінен жасалады. Керегенің негізгі ағашы үшін қызыл тал керек. Ал үйді жасау барысында бірде-бір шеге жұмсалмайды.

Дәлелхан - ағаштан түйін түйетін шебер. Оның жасаған киіз үйлері әдемілігімен ғана емес, өте беріктігімен халықтың ықыласына бөленіп келеді.

«Жақсы жасалған киіз үйді 30 жыл қолдануға болады. Дәстүрлі киіз үй қазақ халқының ғұрыптық ерекшеліктері мен тарихи белестерін қамтып жатыр. Менен кеңес сұрайтындар күннен-күнге көбейіп келеді. Саяхат аумақтарына тігілетін киіз үйлерге тапсырыс та көбеюде. Көптеген қазақ малшылары жайлауда киіз үй тігіп, той-томалақ, ас беру секілді жиындарды өткізеді. Тіпті мереке-мейрамдарда бас қосқанда, киіз үйден ыңғайлы орын болмайды», – дейді ол. 

Сонымен қатар, Шыңжаңның туристік индустриясы дамып, дәстүрлі киіз үйлер көптеген саяхат өңірлерінде тігілді. Бұл Шыңжаңның ішінде және одан тыс жерлерде, тіпті шетелден келетін туристердің дәстүрлі дала тұрмысына деген қызығушылықтарын арттырды.