Жаңалықтар

Абай облысында ардагерлер орталығы ашылды

Бұған дейін Президент Жарлығымен құрылған үш облыста ардагерлер ұйымының филиалдары құрылған болатын.

Мәжіліс депутаты, республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Абай облысына жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімі Н.Ұранхаев Мәжіліс депутатымен жүздесу кезінде аймақтағы түйткілдердің оң шешілуіне ықпал ететін,  Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Б.Ізмұхамбетов өз кезегінде өткен жылы Президент Жарлығымен құрылған үш облыста ардагерлер ұйымының филиалдары құрылып, бұған дейін екі облыс орталығында – Қонаев және Жезқазған қалаларында арнайы ардагерлер орталығы ғимараты ашылғанын атап өтті. Осындай орталықтың Семей қаласынан ашылуына жағдай жасап, арнайы ғимарат бөліп, көмек көрсеткені үшін облыс әкіміне ризашылығын білдірді.

Іс-сапар барысында  Б.Ізмұхамбетов ұлы ақын Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тарихи-мәдени орындарды аралады. Содан соң облыстық ардагерлер кеңесі орталығының ашылу салтанатына қатысып, облыс ардагерлерімен жүздесті.

Ардагерлер орталығының ашылуында сөйлеген Б.Ізмұхамбетов: «Алдымен сіздерді қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекенінің бұрынғы мәртебесін қайтарып, Абай облысы болып қайта құрылуымен құттықтаймын. Бұл мекен – талай Алаш арыстарының ізі қалған қастерлі өңір. Мемлекет тарапынан ардагерлерге барлық жағдай жасалып жатыр. Президент биылғы Жолдауында «Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды» деп атап өтті. Елдік істерде аға буынға түсер жүк  салмақты. Ардагерлерімізге елдің тыныштығы, ынтымағы жолында, Мемлекет басшысының бастамаларын тұрғындарға түсіндіруде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуын сұраймын. Қазіргі ғаламтордың дамыған уақытында, түрлі теріс пиғылдағы ағымдар көбейіп кетті. Осы жағынан сақ болып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетуіміз керек. Жақында Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапарында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясындағы жалпы дебатта сөйлеген сөзі әлем назарында. Ең биік халықаралық мінберде сөз алған Президентіміз көтерген ұсыныстарымен өзінің мықты дипломат екенін әлем елдерінің алдында тағы бір дәлелдеді. Алдымызда ардагерлердің араласуын қажет ететін мәселелер көп. Қоғамда болып жатқан өзгерістерді  елдің арасында түсіндіріп  жүруіміз керек»,– деді.

Кездесу соңында ардагерлерді халықаралық қарттар күнімен құттықтап, сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген біраз ардагерлерге «Ардагерлер ұйымының» «Құрметті ардагер» төсбелгісі мен «Құрмет грамоталарын» тапсырды.