T-Newspaper

Ресейде туып, Америкада өскен қазақ – Луис Азамат Альбертини

"Мен «Қазақстан» деген кітаптың пара­ғын ашқан кезде жиырма екіде едім. Ол кезде «Қа­зақстаннан не ала аламын?», «Не үйренсем бо­лады?» деп ойлайтынмын. Ал қазір 34 жа­сым­да «Мен Қазақстанға не бере аламын?» деп ой­ланамын".

Ресейдің Воронеж қаласындағы балалар үйінде болған Луис Азамат Альбертиниді 1991 жы­лы үш жасында италиялық ерлі-зайыпты асырап алып, мұхит асырып алып кеткен. Аме­риканың Мичиган штатында өскен ол колледж­дің соңғы курсында Қазақстанға қызығушы­лығы артып, Алматыға екі аптаға қыдырып келген. Кейін «Дұрысы, барып тұрып көрейін. Зерттейін» деген ол арнайы бағдарлама арқылы Алматыға тағылымдамаға барып, артынша жеке кәсіп ашып, төрт жылға жуық сонда тұр­ған. Қазір Америкада жүрсе де, «Қазақстанмен байланысым үзілмейді» деп ағынан жарылған Луис Азаматқа хабарласып, сұхбаттасқан едік.  

– 2000 жылдары америкалықтар асы­рап алған қазақтар Қазақстанда туып-өс­кен. Бірақ сізді Ресейдің Воронеж қа­ла­сынан асырап алды дегенді естігенде таң­ғалдым. Сіз сонда Воронеж қаласын­да дүниеге келдіңіз бе, әлде ата-анаңыз­бен бірге сонда Қазақстаннан көшіп бар­­­­дыңыздар ма? – Орынды сұрақ. Мен 34 жастамын. Отыз төрт жыл бұрын шетелдіктердің қазақ ба­ла­ла­рын қамқорлығына алуы сирек болатын. Тіп­ті, Ресейдің өзінде аз болатын. Бір жылда екі немесе үш-ақ баланы асырап алуға рұқсат бе­ретін. Қазір, әлбетте, бәрі басқаша. Бейнелеп айт­сам, мен Америкадағы қазақ ауылының бір бөлігімін (күліп). Мұнда өзіңіз айтқандай 2000 жылдары асырап алынған балалар же­терлік. Оларға ағалық ақылымды айтып, оқуы­на көмектесіп, қолдап отырамын. Мен­тор секілдімін. Ең үлкені – жиырма бесте, ең кенжесі жиырма үште болар. Мен секілді жа­сы отыздан асқандарды кездестірмедім. Өз хи­каямды баяндайтын болсам, туған ата-анам – Қазақстан азаматтары. Екеуі де – қа­зақ. Бала туғанда берілетін, ішінде тіпті ата-анаң­ның ұлты кім екені жазылып тұратын құ­жат қалай аталатын еді сіздерде? Ұмытып тұр­мын. Сырты – жасыл. – Туу туралы куәлік. – Иә, сол туу туралы куәлігімде екеуі де қа­зақ деп жазылған. Жаңылыспасам, туған әкем – Павлодардан, ал анам Оңтүстік Қа­зақ­стан облысында туып-өскен. Әкеммен та­ны­сып, артынша көңіл жарастырған анам Пав­ло­дар­ға онымен бірге еріп барып, сонда от­ба­сын құрса керек. Сосын тұрмыс салты­мыз­ды жақсартамыз деп Ресейге қоныс аударған. Тоқ­саныншы жылдары Ресейге жұмыс іздеп бар­ған қазақтар көп болған ғой. Сол секілді олар да нәпақа табу үшін Воронеж қаласына тұ­рақтаған. Мен сонда дүниеге келдім. Со­сын олардың жағдайы күрт нашар­лап, асырап-бағуға шамасы жетпе­ген­діктен мені балалар үйіне өткізуді ұйғарған. Содан соң мені үш жасымда Нью-Йор­кте тұратын ита­лия­лық жұп асырап ал­ды. Менен бө­лек, олар Жанна есімді қарында­сым­ды да қанат­­­тарының астына алу­ды жөн санаған. Оның ұлты да – қазақ. Тек ол Санкт-Петербургте ту­ған. Мен АҚШ-тың Мичи­ган штатында өстім. Жақсы мек­­­тепте білім алдым. Жоғары сы­ныптарда көзілдірік киіп жүре­тін­дік­тен, азиялық түр-сипатымды меңзеп, көңіл күйімді түсіргісі келгендер де болды. Алайда анау айтқандай буллиң көрдім деп айта алмаймын. Мектеп бітірген соң, Мичиган университетінде оқуға түсіп, экономика және Орталық Азия елдерінің тарихын зерттедім.  – Ұлтыңыз қазақ екенін сол туу туралы куә­ліктен білген боларсыз? – Жоқ. Мен оқушы кезімде бұл туралы тіп­­ті де ойланбадым. Ата-анам да кино­да­ғы­дай отырғызып қойып, қас-қабағыма қарап «Балам, біз сені асырап алғанбыз» деп те айт­па­ды. Олар маған ешқашан мені асырап ал­ғаны туралы тіс жармады. Дейтұр­ған­мен, мен олардан өзгеше екенімді бі­ліп өстім. Мен қазақ ұлты, Қазақ­стан елі туралы колледждің соңғы кур­сы­на дейін еш ойламадым. Ресейде туған соң, өзімді орыспын деп ойладым (кү­ліп). Ресейлік және орыс сөздерінің ма­ғы­насын кейін түсіндім ғой (күліп). Аңғал бол­дым, көп ештеңе білмедім. Жаз айларында Мәс­кеу мен Санкт-Петербург қалаларына ба­рып, алмасу бағдарламасы бойынша білім ал­дым. Тіл үйрендім, экономикасы мен тари­хын оқыдым. Ондағылар мені америкалық деп есептеген жоқ. «Сен Қазақстан немесе Қыр­­­­ғызстаннан болуың керек» деді. Сол кезде Қа­зақстан туралы ойлана бастадым. Сол жыл­дары Мичиган университетінде «Болашақ» бағ­дарламасымен оқып жатқан, өзіммен ат­тас Азамат есімді баламен танысып, айнымас досқа айналдық. Жақында оның үйлену тойына барып қайттым. 2012 жылы Мәскеуде жазғы оқуым аяқталған кезде Азамат маған ха­бар­ласып «Мәскеуден ары Алматыға барып, та­рихи Отаныңды көруің керек. Бар, көр, та­ны, біл» деп ақылын айтты. Сөйтіп, Мәскеу­ден ары Алматыға барып, бөлек әлемге еніп кеттім. Өзіме ұқсайтын адамдарды көрдім, өзімді жайлы сезіндім. Америкада бізді түр-әлпетімізге қарап, кәріс, жапон немесе қытай деп ойлайды. Қазақ деп ешкім айтпайды. Ал­ғаш рет Алматы көшелерінде қаумалаған қазақтардың ортасына шыққанда бірінші ойыма келген нәрсе: Мен – қазақпын. «Мынау Өзбекстаннан ғой», «Мынау Тәжікстаннан емес пе?» деп ешкім келіп саған айтпайды.  – Америкалықтар асырап алған бір-екі қазақтың Қазақстанға бірінші рет кел­генде сіз секілді «Айналамдағылардың бәрі неге маған ұқсайды?» деп таңданып, тө­бесі көкке бір елі жетпей қалған кез­дері­не куә болғанбыз. – Иә. Керемет сезім. Мен де солай қуан­дым. Бәрі керемет. Бәрі түсінікті. Әрі есімім Аза­мат та – елде көп таралған есімдердің бірі. Ма­ған бәрі ұнады. Ет тағамы бұрыннан ұнай­тындықтан манты, қуырдақ, қазақша ет та­ғам­дарын сүйсініп же­дім. Жылқы еті­нің дә­мі ұна­ды. Ол кезде екі апта ғана болдым. Со­­дан соң Америкаға қайтып, Чикаго қала­сын­да бір­неше жыл жұмыс істедім. Сосын 2015 жылы Қазақстанға турист ретінде емес, онда біраз жұмыс істеп, тұрып көрейін деп шештім. Қы­дырып барсаң, көп нәрсені байыбына ба­рып түсіне алмайсың. Ал мен бәрін тереңі­рек зерттегім келді. Сөйтіп, Princeton in Asia бағ­дарламасы бойынша құжат тапсырып, ақы­рында Алматыдағы КИМЭП университетіне бір жылға тағылымдамадан өтуге жіберілдім. Онда бір жыл жұмыс істеген соң, Қазақстан мен Америка арасындағы ІТ саласына наза­рым ауып, жаңа технологияларға ден қоя бас­тадым. Кәсіппен айналысамын деп, Алма­тыда тағы үш жылға жуық тұрдым. – Содан соң Америкаға оралуға не түрт­кі болды? – 2019 жылы ата-анамның қасында бо­лайын, қарайласайын деп Америкаға қайт­тым. Алайда мен Қазақстанға жылына екі рет бара­мын. Онда жеке кәсібім бар. Консалтинг жә­не Кремний алқабы мен Қазақстан ара­сын­да жол жалғайтын ІТ жобаларым бар. Мен бұл жұмысты 2017 жылы ІТ экспортына сұраныс жоқ кезде бастадым. Ол уақытта білікті маман жоқтың қасы. Кейін қарыштап, елде оқыған-тоқыған ІТ мамандар ірі алпауыт ком­­­панияларға жұмысқа кірді. Аз уақыт ішінде осындай прог­ресс болғанына қуа­ныш­тымын.  – Қазақ­стан­да тұрған төрт жыл ішінде сіз­ге ең бас­­­­ты ұна­ған нәрсе не? – Қонақжай­лы­лық. Мен кездес­тір­ген әрбір адам құ­ша­ғын ашып, асты-үстіңе тү­су­ге дайын тұрады. Мысалы, Америкада тұратын достарыңа «Таңғы төртте әуежайдан күтіп ала­сың ба?» десең, ешкім келісе қоймас. Ал мен Қазақстанға келер кезде, бір до­сы­ма ғана жазған едім, әп-сәтте он адам ха­барласып, әуежайдан күтіп алатынын айт­қанда аң-таң болдым. Бұл – достықтың жо­ға­ры деңгейі. Бұл – мен үшін маңызды. – Бізде «Қонақжайлылық қанымызға сіңіп кеткен» дегенді жиі айтады. – Толығымен келісемін. Қазақстанда көп от­басы немесе достар бір үйде жиналып, ет жеп, сорпа, шай ішіп, төрт-бес сағат әңгіме­ле­сіп, шүйіркелескенді құп көреді екен. Маған бұл дәстүр ұнап қалды. Қазақ достарыммен көп әңгімелесіп, көп кездесетінді шығардық. Ал Алматыда достарымыздың үйіне, қала берді, қала сыртындағы саяжайларына барып, әңгіме-дүкен құрып, керемет кештер өткіздік. Ғажап сезім. Мұндайда отбасылық құндылық, ұрпақтар арасындағы сабақтастық бәрінен биік тұратынын байқайсың. Мен Шымкентте досымның шақыруымен үйлену тойға да бар­дым. Қызық болғанда, қателесіп, басқа тойға кіріп кетіппін. Іштегі қонақтардың біреуі қолыма шампан ұстатқан соң, осы үй болар деп бөлмеге кірсем, досым емес екен (күліп). Со­сын оған хабарлассам, ол тура мен кірген үйге қарама-қарсы үйдегі тойға кіруім керек екенін айтты. Сонда байқағаным, бір көшеде қатар тізілген бірнеше үйде той болып жатыр. Тіпті, ертесі де той өткізіліп жатыр. Күн сайын той. Адам санының көптігінен бұрын қазақтың тойлары өте қызықты әрі көңілді өте­ді. Асабаның басқаруы, ойындар, бишілер, ұлт­тық тағамдарды таныстыру, бәрі, бәрі мені таң-тамаша етті. – Дейтұрғанмен, «Мына жері қызық екен. Бізде олай емес» деген кездер бол­ған шығар? – Әлбетте, болды. Америкада жұмыс про­цесін басқару жүйесі өзгеше. Ал Қазақстанда тіп­ті басқаша. КИПЭП-те жұмыс істегенде бар­лық шешім бас директордың қарауынан өте­тінін білдім. Сен оған тіпті қарсы шыға ал­майсың. Әсіресе, үлкен компанияларда ұзын тізімі бар директорлар кеңесі болады. Сен тіпті кейде негізгі директордың кім еке­нін білмейсің. Мен мұны жаман демеймін, тек өзгеше. Мысалы, Google компаниясында сенің жұмысыңа жауапты маманның айтқаны – заң. Ол – нөмірі бірінші адам. Оның артында еш­қандай орынбасар немесе кеңесші бол­май­ды. Ал Қазақстанда тіпті орта буын (middle management) басшысының қолында билігі жоқ. Ал Америкада ол маман бәріне жауапты, би­лігі бар. Сосын мен «қазақтар жалқау» деген стереотипті ұнатпаймын. Осы жылдар ішінде жал­қау ешкімді көрмедім. Тек көп мықты ма­манның көзінде жалын жоқ. Мотивация бай­қалмайды. Америкада бір компанияда істе­сең, саты бойынша дамуға үлкен мүм­кін­дік бар. Басында талдаушы, сосын менеджер, одан соң аға менеджер секілді лауазымың жо­ғарылай береді. Жолың анық. Ал Қазақ­стан­да бұл жағы басқаша екен. Тіпті, сол «бас­палдақпен» көтеріліп келе жатқан маман­ды Бәке, Сәкесі бар, байланысы немесе туыс­тық қарым-қатынасы бар бәзбіреулер жолдан тай­дырып, мүлде басқа маманды тағайындай салады. Сонда әлгі маман соншама жыл не үшін аянбай еңбек етеді? Әлбетте, ол да өсіп-өніп, жинаған тәжірибесіне сай лауазым ат­қар­ғысы келеді ғой. Cодан соң 40 жастан ас­қан, Кеңес заманында тәрбиеленген кейбір ға­лымдар сыни ойлау, жаңа фактілермен жұ­мыс істеуден бейхабар. Ал бұл – инновация са­ласында еңбек ететіндер үшін баға жетпес қа­білет. Ал бірақ жалындап тұрған жастардың ойы ұшқыр, зейінді әрі алғыр. – Сөздің шыны керек, сұхбатқа ке­лі­серде сіздің Қазақстанда жобаларыңыз бар деп ойламаппын. Тек Қазақстаннан не үшін кеткеніңізді білгіміз келіп, өз хикаяңызды өз ауызыңыздан есту үшін хабарласқан едік. – Мен «Қазақстан» деген кітаптың пара­ғын ашқан кезде жиырма екіде едім. Ол кезде «Қа­зақстаннан не ала аламын?», «Не үйренсем бо­лады?» деп ойлайтынмын. Ал қазір 34 жа­сым­да «Мен Қазақстанға не бере аламын?» деп ой­ланамын. Менің білімім, тәжірибем, зерт­теуім кәдеге жарайтынын білемін. Сол үшін Қа­зақстанда жоба жүргізіп жатырмын. Қа­зақ­стан­да ақылды адамдар, жаңа мүмкіндік көп. Шет­елдік инвесторлар Қазақстан мен Ор­та­лық Азияға қызығады. Оларды Қазақстанға ша­қыруға көп мүмкіндік бар. ІТ-ды жетік мең­герген қазақтарды сыртқа жібергеннен гөрі, осында инвесторларды шақырып, бір­ле­сіп жұмыс істеген әлдеқайда тиімдірек. Үкімет жақ­сы жұмыс істеп жатқаны білінеді. Деге­н­мен ел арасында шетелдіктер бізді қайтсін, Ал­маты, Астана немесе Шымкент Кремний ал­қабы бола алмайтын шығар деп ойлай­тын­дар табылар. Алайда сізге өтірік, маған шын, Қа­зақстанға қызығатын мықты мамандар же­­­­терлік. Қазақстанға келіп, тұмса таби­ға­ты­на тамсанғандары өз алдына, қалалардағы өмір сүру сапасына қызыққандар, жоғарыда айт­қандай елдің әлеуеті мен мүмкіндігін бай­қап, таңырқағандар жетіп артылады. Мен Ал­м­атыда тұрған кезде көп шетелдік досымды қо­нақ қылдым. Олар тауы мен бауына там­сан­ған Алматыны әлемдегі ең бірегей қа­ла­лар­дың бірі деп бағалады. Инфрақұрылымы да көңілінен шықты. Кептеліс көп болса да, көп мүмкіндік бар екеніне көз жетті. Олар Ал­матыда тұратын америкалықтар немесе еу­ропалықтармен емес, жергілікті тұрғын­дар­мен жұмыс істегісі келеді. Тағы бір айта ке­тер­лігі, мұнда көп хабпен байланыс орнатуға бо­лады. Жалпылама айтсам, Қазақстанның про­файлын дамытуға мүмкіндік жетерлік. Шет­елдіктерді «Тау мен табиғатты көріңіздер» деп қана емес, болашақта Сингапур, Дубай се­кілді іскерлер әлеміне айналатындай әлеуе­ті бар қолайлы орын деп шақыруымыз керек. Шет­елдіктерді тартсақ, инвесторларды тап­сақ, экономика да ілгерілейді. Мықты ма­ман­дар тартылады, жергілікті нарық дами түседі. Тиісінше, жалақы да өседі.  – Қазір Америкада жүрсеңіз де, та­ри­хи Отаныңызбен арадағы байланыс еш­­­қашан үзілмейтініне қуаныштымыз. – Мен Қазақстанмен тығыз байла­ныс­та­мын. Маған Қазақстан ұнайды. Онда көп до­сым тұрады. Қызықты жобаларым да көп. Шет­елде тұратын қазақтар Қазақстан туралы ай­тудан шаршамаймыз. Арасында Қазақ­стан­ға оралып, елдің дамуына үлесін қосып жат­қан­дар да бар. Жоғарыда айттым ғой, бізде ақыл­ды балалар көп. Мұндай балалардың ел­дің іргесін көтеруге атсалысқысы келетіні көңіл қуантады. Мен 2012 жылы Қазақстанға алғаш рет келгенде сапалы қызмет көрсететін банк, каршеринг (автокөлікті жалға алу қыз­меті) болмаған. Тіпті, интернет сапасы да он­ша емес еді. Тағам түрлері, жақсы мейрамха­налар да аз болатын. Ал қазір бәрі өзгеріп сала бер­ді. Он жыл ішінде осыншама деңгейде да­­­мығанына аң-таңмын. Әсіресе, Алматы – өте заманауи қала. Алматы мен Астанадан бө­лек, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Көкшетау, Көк­шетау және Талдықорған қалаларында бол­дым. Әр қаланың өзіндік колориті бар. Әр­бірінің өзгеше бір қыры бар. Маған қатты ұнады. – Соңғы сұрағыма жауап бермесеңіз де болады. Дегенмен осы күнге дейін биологиялық ата-анаңызды іздестіру туралы ой мазаламады ма? – Жоқ. Мені бағып-қаққан керемет ата-анам бар. Баланы туу оңай. Алайда оны тәр­бие­леу, өсіріп-жеткізу – қиынның қиыны. Ме­ні асырап алған ата-анам маған тәрбие, мүм­кіндік берді. Маған бар ғұмыры мен қара­жатын сарп етті. Бетімнен қақпай, белімді буып өсірді. Анам мен Қазақстанда тұрғанда ке­ліп кеткен. Қатты ұнатты. Олар «тарихи Ота­ныма барамын» дегенімде «Бұл – өмірде бір-ақ рет берілетін мүмкіндік. Бар, көр, тұр» деп қолдап, ыстық лебізін айтты. Ал маған Қа­зақстан әлемін ашқан досым Азаматтың ана­сын Қазақстандағы анам әрі ең жақын жан деп есептеймін. Ол кісі мені үнемі та­мақ­қа шақырып, отбасында өтетін әр мей­рамнан қалдырмайды. Барған сайын асты-үстіме түсіп, шыр-пыр болып, күтіп алады. Мен ол отбасының бір бөлігі секілдімін. Сондықтан мен Қазақстанда отбасым бар деп есептеймін. – Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!

Сұхбаттасқан  Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ