«Салтанаттың» сәні асқақ, «жаны» жүдеу...
Қазақстан Республикасы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің бүгінгі жай-күйі көңілге кірбің түсіреді
Әуелі: Қазақтың би өнері туралы бірер сөз
Өнерсіз халық жоқ. Ән, күй, би деген өнердің түрлері барлық халықтарда бар десек те, олар әр елде әртүрлі деңгейде дамитыны да шындық. Әуелетіп ән салып − аспандағы аққуға даусын қосқан, таңды таңға ұрып жыр жырлаған, жалған дүниеден көріп-сезгенін домбыра мен қобызға қосып күңіренте күй төккен қазақ − биге келгенде өзгелерден кем түспесе асып кетпегені шындық. Бұл, әрине, қазақ биден мақұрым халық дегенді білдірмес, бірақ біздің билеріміз жүректі шымши сыңсыған музыкаға қосылып күллі денесі шапши қозғалып, дене сұлулығын паш ететін араб, парсы үнділердің, динамикаға толы африка халықтарының, латын америкасы елдерінің ежелден қалыптасқан билерімен бәсекелесуі қиын. Солай болса да би өнері дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін өнер болғандықтан біздің халықта да ежелден бар өнердің бірі. Осы орайда өзіміз білетін жерден айтсақ, өзбектің «ләзгісіндей» немесе лезгиндердің «лезгинкасындай», украиндардың «гопагындай», т.б. бүкіл ұлт болып билейтін халықтық би бізде қалыптаспаған. Неге? Өнерді ерекше құбылыс деп түсінетін бекзат болмысты қазақ ән-жырға, күйге баса мән бергенімен, биді негізінен нәзік жандыларға жарасатын нәрсе деп қабылдаған сияқты. Сондай-ақ, ертеде бақсылардың жын шақырғанда аласұрып билейтіні де халыққа өзгеше әсер етіп, оның тек ерекше қабілетті адамдарға тиесілі нәрсе ретінде тануына итермелегендей. Солай болса да қазақтарда бидің біраз түрі болды, мәселен, бүркіттің аңды ілгенін, аттың шабысын, батырлардың қылыштасқанын бейнелейтін, т.б. тақырыптық билер ел арасында белгілі еді. Көпке мәлім, қазақтың халық әнінің әуенімен қыздар билейтін − «Қамажай», ұл да, қыз да билей беретін − халық күйі ырғағымен орындалатын «Қаражорға» билері де ежелден ел арасында бұл өнерді қалыптастыруға тер төккендердің болғанын дәлелдейді.
Келесі сөз: Қазақ би өнерінің дамуы және «Салтанат» ән-би ансамблінің құрылуы
Қазақ би өнері өткен ғасырдың алғашқы ширегінен бастап қайта жанданып, өнердің бұл түрінің дамуына жол ашылғаны белгілі. Сол тұста бұл өнерді шебер игеріп, талантымен дүйім жұртты таңғалдырған Шара Жиенқұлова (1912-1991) еді. Би өнерін зерттеп, көптеген қазақ биін сахнаға алып шыққан ол кейін бишілер ансамблін де басқарды. Сондай-ақ қазақ биін дамытуға зор еңбек сіңірген Нұрсұлу Тапалованың да (1923-1954) ұлттық биіміздің танылуына үлкен әсері болды. Дегенмен еліміздегі ұлттық би өнерінің тарихында 1955 жылы «Салтанат» ән-би ансамблінің құрылуы тарихи оқиға болды. Қазақ КСР халық әртісі, Украина КСР-на еңбегі сіңген әртіс Чернышева Лидия Демьяновнаның басшылығымен құрылған Қазақ КСР ән-би ансамблі ұжымы Алматы және Киев консерваторияларының, Ленинград және Алматы музыкалық училищелерінің жас түлектерінен құралды. Өнерпаз әрі тәжірибелі басшының жемісті еңбегінің арқасында ансамбль құрылғанына көп өтпей-ақ өз бағдарламаларымен әртүрлі фестивальдар мен конкурстарға қатысып, лайықты өнер көрсете бастады. Мәскеу қаласында өткен студенттер мен жастардың Дүниежүзілік фестивалінің жеңімпазы және Дүниежүзілік фестивалінің лауреаты болған «Салтанат» ән-би ансамблі бүкіл Кеңес Одағына концерт беріп, әлемнің көптеген елінде гастрольдік сапарға шықты. Өз өнерімен талай жұртты тәнті еткен ансамбльге 1967 жылы жоғары орындаушылық шеберлігі және музыкалық, вокалдық және хореографиялық өнерді дамытуда сіңірген үлкен еңбектері үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлығымен «Еңбек сіңірген» құрметті атағы берілді. «Салтанат» ән-би ансамблін 1970-1986 жылдарда ҚР халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ балет әртісі және педагог, профессор Зәуірбек Райбаев басқарды. Ол Қазақ КСР Мемлекеттік ән және би ансамблінің көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері және директоры қызметін атқара отырып, түрлі халықтардың билерінен бағдарлама жасап, көптеген жетістікке жетті. 1989 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен ҚазКСР ән және би ансамблі ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі болып қайта құрылды. Содан бері ансамбль еліміздің үлкен қалаларында жеке концерттер қойып, мемлекеттік дәрежедегі шараларда өнер көрсетіп келеді. Қытай, Түркия, Ресей, Бельгия, АҚШ, т.б. елдерде гастрольдік сапармен болып, үлкен жетістіктерге жетті. Ансамбльдің еліміздегі би өнерін дамытуға қосқан үлесі бағаланып, өнер ұжымының он алты әртісі Мәдениет қайраткері құрметті атағына қол жеткізсе, үш қызметкері үкіметтік марапат – Ерен еңбегі үшін медалімен, он бес қызметкері Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталды.
Негізгі мәселе: Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің бүгінгі жағдайы қалай?
Жоғарыда «Салтанат» Мемлекеттік би ансамблінің құрылуы және жеткен жетістіктері туралы аз ғана айтып өттік. Бірақ негізгі мақсатымыз ансамбльдің қол жеткізген табыстары туралы баяндау емес, оның қазіргі жағдайы, проблемалары туралы жазу болатын. Расын айту керек, соңғы жылдарда ансамбль жұрт назарынан тыс қалып бара жатқандай көрінеді. Оның, әрине, түрлі себептері бар. Сырт көзге сахнада жарқырап өнер көрсетіп, жұртқа рухани ләззат сыйлап жүрген әртістердің жұмыс орны, дайындалатын жері, оның жағдайы тасада қалып кететіні шындық. Біз аты елге белгілі ансамбльдің жұмысымен танысып, жай-күйін өз көзімізбен көру үшін жақында «Салтанат» Мемлекеттік би ансамблі орналасқан Алматыдағы Бөгенбай батыр көшесіндегі ғимаратқа барған едік. Ансамбль пішіні П әрпі сияқты Республикалық Мемлекеттік академиялық корей театрының оң жақ қанатындағы бөлігінде орналасқан екен. Таныстықты «Салтанат» Мемлекеттік би ансамблінің қазіргі басшылығымен кездесуден бастадық. Қазіргі директоры − Елубай Кенжалиев екен. Бұл жерге ол 2022 жылы келіпті. Е.Кенжалиев Ақтөбе музыкалық училищесін, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын және Қырғыз Республикасы ұлттық консерваториясын дирижер мамандығы бойынша бітірген, 2014-2022 жылдар аралығында Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры қызметін атқарған білікті маман. − Бұл жерге басшы болып келгеніме бір жылдай ғана уақыт болды, − деп бастады әңгімесін Е.Кенжалиев. − Сегіз жылдай Ақтөбе облыстық филармониясын басқардым. Облыс әкімі болған кезінде марқұм Бердібек Сапарбаев сол жердің мәдениетін көтеруге көп еңбек сіңірді. Ақтөбе облыстық филармониясы бар болғаны 300 орындық шағын ғимаратта еді, оған не оркестр, не хор сыймайтын. Мұндай жағдайда әртістерде қандай жағдай болсын? Сосын мен бұл жайында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қанат Айтбаевқа: «Мәдениет орны болған соң мұнда адамдар қызығып келуі керек, ал мына жерде жұмыс істейтін адамдарға да, келетін адамдарға да жағдай жоқ. Қазір тіпті той өтетін ресторандардың өзі мұнан үлкен. Осыған көмектесіңізші» деп өтіндім. Ол кісі өтінішімді облыс басшысына жеткізген болуы керек, кейін Ақтөбе қаласында 1 200 орындық үлкен, сәулетті «Өнер ордасы» атты орталық ашылды. Жағдай түзелген соң онда көрермендер көбірек келе бастады. Жаңа басшыдан «Салтанат» Мемлекеттік би ансамблінің жағдайы туралы сұрадым. − Бұл ансамбльдің құрылғанына екі жылдан соң жетпіс жыл толады. Би өнерін жоғары дәрежеде насихаттап келе жатқан, шетелдерде өнер көрсететін, мемлекет қаржыландыратын үлкен ұжым. Бұл жерде талай белгілі адамдар еңбек еткен, басқарған. Қазір бізде елуге жуық биші бар. Алайда көріп тұрсыз, отырған жеріміз корей театрының бір бұрышы. Ұжым еңбек ететін ғимаратқа көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бұл ең басты мәселенің бірі... Расында, әртістер дайындалатын бір үлкен, бірі шағын залды барып көргенімізде оның іші көп жылдардан бері жөндеу көрмегені көзге анық білінеді. Мәселен, ғимараттың бірінші қабатындағы кіші залға ары кетсе оншақты адам ғана дайындалуы мүмкін. Тап-тар. Бір шетінде киімдер тұр. Бұл жерде еркін би қимылдарын жасаудың өзі қиын шығар деп ойладым. Одан соң жоғары қабаттағы үлкен залдың да іші көзге тым қораш. Ішінде жиырмадан аса биші қыздар тобы жаттығып жатыр. Еденіне төселген линолеумнің әбден тозығы жеткен. Қатты. Ал мұндай жердің еденіне жабылған линолеум жұмсақ болуға тиіс. Киім ауыстыратын жерлері тар. Ішінде бір мезгілде әртістердің бәріне киім ауыстыруға мүмкіндік жоқ, біреулері киініп жатқанда, біразы сыртта кезек күтіп тұруға мәжбүр. Қабырғадағы бишілер өзін көріп би қимылдарын жасайтын айналары да ескі. Ал бір қабырғадағы көлденең тұрған, адам қолмен ұстап тұрып жаттығатын темір трубалар да ескірген, трубалардың кейбірінің арасы ағашпен жалғанған... Сонда да осындай жағдайда жұмыс істеп жүрген бишілерді аяп кетеді екенсің. Би қиылдарын жасап жаттыққан соң адамның терлейтіні анық, себебі бұл өнерде физикалық дене қимылдары көп жасалады. Ал енді... ансамбль бишілері жұмыстан соң жуынатын бөлме де жоқ ғимаратта. − Мәдениет әрқашанда қолдауға зәру сала. Халқымыздың ғасырлар бойы жасалып қалыптасқан өнерін сақтауымыз керек. Сондықтан мемлекет бұл саланы әрдайым өз назарында ұстамаса болмайды. Сосын өнердің әр саласының әртүрлі жағдайы бар. Мәселен, зейнет жасына жеткенше әнші әнін айтып, музыкант аспапта ойнап жүре беруі мүмкін, ал бишіліктің уақыты шектеулі, қиын мамандық. Ары кеткенде биші 35 жасқа дейін ғана бұл жұмыста жүруі мүмкін. Одан кейін басқа жұмыс істеуге мәжбүр болады. Мұның сыртында би өнерімен айналысқан адамның жарақат алып қалу қаупі бар, отбасын құру, күнкөріс деген бар. Демек, белгілі бір уақыттан кейін бишілер өзге мамандықты игеруге мәжбүр, − дейді ұжым басшысы би өнерінің ерекшелігін бізге түсіндіріп. Расында, ұзақ уақыт сахнада жүрген бишілердің тізесі, белі ауыратыны, омыртқасы орнынан қозғалып кететін жағдайлары жиі кездесіп тұрады. Сондықтан өнердің бұл түрімен айналысушылар зейнетке шыққанда 60 пайыздық зейнетақы көлемінде мемлекеттен қаражат алып тұрады. «Салтанат» би ансамблінде 130-дай адам жұмыс істейді. Оған бишілерден басқа ұжымның басшылығы, тігін цехындағы тігіншілер, костюмерлер, т.б. қызметкерлер кіреді. Би ансамбліне гастрольдерге шығу да оңай емес, адамдарды былай қойғанда би киімдерінің өзі едәуір жүк. Мәселен, бір концерттік бағдарламада 15 би нөмірі орындалатын болса, 50 бишінің киетін 15 түрлі киімінің (үстіне киетін киімдер, бас киім, аяқ киім) саны 750 комплект болады. Тігін цехын аралап көрдік. Онда тігіншілер жұмыс істеп жатыр. 6 тігін машинасының екеуі ғана кейінгі кезде алынған, қалғандары ескі. Би костюмдерінің дені бұрыннан келе жатқан көрінеді, тек соңғы кезде мемлекет аударған қаражатпен екі түрлі киім тігіліпті. Сонымен бірге бишілер шақырған жерлерге (той, концерт деген сияқты) барып, өнер көрсетуден түскен азды-көпті қаражатқа да маталар алынып, екі-үш би киімдерін тіктіріп жатқан көрінеді. Ал мебель атаулының түгелге жуығы кеңестік кезеңнен бері келе жатқан ескі жиһаздар. Жаңаланбаған. Ансамбльдің киімдері сақталатын қоймаларды аралап көрдік. Олар тар бөлмелерде бірінің үстіне бірі үйіліп жатыр, желдету жүйесі жоқ. Бір жағында кір жуғыш машинамен киімдерді жуып жатыр, ал оны кептіретін жер болмағандықтан далаға жайып кептіреді екен. Директордың айтуынша, ансамбль құрылған кезде тіктірілген, бүгінде әбден тозығы жеткен кейбір киімдер де әлі есептен шығарылмаған. Осының бәрін біреуден естісем сенбес едім, сондықтан бұл ұжымның жағдайын көзбен көрген соң сенбеске амал қалмады. «Салтанат» би ансамблі – мемлекеттік үлкен өнер ұжымы. Олар гастрольдерге шығады, Алматы, Астана секілді ірі шаһарларда жыл сайын есеп беру концерттерін беріп тұрады, сондай-ақ облыстарға да шығып тұратыны белгілі. Ал енді сондай жерлерге баруға ансамбльдің өзіне тиесілі автобусы да жоқ. Сонда олар бір жерден екінші жерге барғанда қандай қиындық көретінін елестете беріңіз! − Ансамбльдің реперуарында қазақ билері және көптеген әлем халқының билері бар. Дегенмен оларды жаңалап тұру керек, уақыт өте келе ескіріп қалатындары болады. Жаңа репертуар жасау да оңай емес, биге келетін музыкалар арнайы жазылуы қажет. Оны композитор мен балетмейстер ойласып отырып жасауы керек. Би көбіне дайын музыкаға қойылады, ал ол арнайы би қимылына орай жазылмағандықтан биді қоюшы мамандар ойындағысын түгел жүзеге асыра алмайды. Бізде ақсаңқырап тұрған мәселенің бірі осы. Ондай музыканы арнайы тапсырыспен жаздыру керегі белгілі. Оған арнайы киім тіктіру тағы бар. Мәселен, мына өзбек, түрік, т.б. елдерде ол жағы жақсы жетілген, − дейді Е.Кенжалиев біз біле бермейтін тағы бір қиындықтың шетін шығарып. Расында, бізде биге арнайы музыка жазатын мамандар бар ма екен өзі? Би деген эстетика, би деген сұлулық! Ал бидің қимылына сай музыка мен бишілердің киімі барлық жағынан үйлесіп тұрмаса ол халықты қызықтырып, өнерді көріп отырған елдің көңіл күйі көтеріле ме?! Тыңдап қарасақ, қазақ би өнерін дамытуда «Салтанат» би ансамблінің директоры Елубай Мұхамбетұлының өз ойлары бар. Ол былай дейді: − Қазір билеріміздің өзі алашұбар болып кетті. Бізге ең алдымен қазақ билерін насихаттау керек. Бізде неше түрлі бишілер ұжымы бар, әрқайсысы биді өз бетінше қойып жатыр, онда ұлттық танымға негізделген қимылдар бар ма, жоқ па, басқа халықтар билерінің элементтері басым болып кетіп жатыр ма, оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Тойдағы халық та өз бетінше билеп жүр. Соның бәрі біздің би өнерімізде қалыптасқан ортақ ұстанымның болмай тұрғанын көрсетпей ме? Би де ұлттық болмысты көрсететін өнер. Біз түрлі тақырыптарға арнайы билерді қоюымыз керек. Бізде түрлі тақырыптарда әндер, күйлер бар ғой, би өнерінде де сондай туындылар болуы керек. Мен Қытайға барғанымда олар өздерінің ұлттық батырына арнап екі жарым сағатқа созылатын би-спектаклін қойды. Тамаша туынды екен. Бізде де ондай нәрселер жоқ емес, тек оны дамыту қажет. Мәселен, Раздық Ахметжанұлының «Аңшының зары» деген күйі бар. Оның сюжеті мынадай: ағайынды екі жігіт аңға шыққанда тауда жаңбыр жауып, бір-бірінен көз жазып қалады. Сөйтіп, бірі екіншісін іздеп жүргенде қасқырды көреді. Ағасы қасқырды атып болып қараса, ол қасқырдың өзі емес, терісі екен. Сол теріні жамылып жатқан інісі болып шығады. Сөйтіп, байқаусызда ағасы інісін жазым қылып алады. Міне осыны бимен көрсетуге болады. Түрлі тақырыптағы билерді спектакль етіп қоюға болады. Өрт сөндірушілердің қарбалас тірлігін, дәрігерлердің науқасты ажалдан арашалап қалғанын, т.с.с. нәрселерді бимен көрсетуге болады. Тек ол біраз қаражатты талап етеді. Дұрыс дейсің. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, үлкен ұжымға жетекшілік етіп отырған басшының талабын қолдау – қазақ мәдениетіне деген жанашырлық болар еді-ау, тек осыған жоғарыдағы тиісті адамдар назар аударса. Ұлттық өнерге дем беру – ұлт үшін қызмет етем деген баршаның ортақ парызы емес пе? Айтпақшы, директордың тағы бір іске асырсам деген жоспары бар екен, ол болашақта жасы келіп зейнетке кететін бишілерді маман даярлауға пайдаланғысы келеді. «Өнердегі жолын аяқтаған мамандар жастарды биге баулып, сабақ беріп, өз тәжірибелерін болашақта биші боламын дегендерге үйретуге ақылы негізде үйірмелер ашсақ жақсы болар еді», – дейді. Несі бар, тәп-тәуір бастама. «Барға қанағат» деп шүкір-тәубесінен жаңылмаған елдің баласымыз ғой, бүгін болмаса ертең жағдайымыз түзелер деп жүре береміз. «Салтанат» би ансамблін басқарып отырған Елубай Кенжалиевтің де жоғары жақтың қолдауынан үміті зор. Бірақ... Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағындағы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің жағдайын көріп көңіліміз құлазыды. 50 шақты биші әртісі бар және 70-тен аса адам еңбек ететін, құрылғанына жетпіс жылдай уақыт болған үлкен өнер ұжымының мынадай қалыпта жұмыс істеп жатқаны ұлт өнеріне жанашырлықпен қарайтын әр азаматтың намысын келтіретін-ақ жағдай. «Салтанат» ансамблінің дәл қасында тұтас ғимараттың үштен екісін иеленіп тұрған корей театрының «академиялық» мәртебесі бар, ал біз сөз қылып отырған қазақтың белгілі өнер ұжымында ондай мәртебе жоқ. Неге? Себебі ондай дәрежеге ие болу үшін өнер ұжымының 25 пайызы мемлекеттік марапат иесі болуы қажет! Бұл жағдай «Салтанат» би ансамблінің өнері әлі күнге лайықты бағасын ала алмай келе жатқанын көрсетпей ме? ...Біз сыртқа шыққанда аулада бір топ жігіт тұрды. Олар «Салтанат» би ансамблінің әртістері екен. Жоғарыдағы үлкен залда қыздар дайындалып жатқандықтан бұларға орын жоқ, кезегін күтеді... Айтып-айтпай не керек, біз көтеріп отырған мәселе жоғарыдағы тиісті орындардың құлағына жетсе игі. Жағдайы болмағанына қарамастан Қазақтың бір өнерін, туын биік ұстап, өнерге деген энтузиазммен алған бетінен қайтпай тер төгіп жүрген ұжымның мұң-мұқтажына билік басындағылар құлақ салар деп сенеміз. Өзге елдерге қарап бой түзейік те!
Ахмет ӨМІРЗАҚ