«Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды»
Қолдағы тарихи құжат-деректердің куәлік беруінше, Қазақстандағы алғашқы филармония Алматы шәрінде 1935 жылы 14 қаңтарда Қазақ ССР Халық комиссарлары Кеңесінің қаулысымен құрылған.
ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әншілік мектептің озық бір үлгісін қалыптаған, ерекше үнді, тенор Ғарифолла Құрманғалиевтің көзі жұмылғаннан кейін, 20-25 жылдан соң, «Құлан құдыққа құласа құрбақа құлағына ойнайды» дегеннің керін келтіріп, оның шығармашылық ғұмыр дерегіне «тың мәліметтер» енгізбекке тыраштанып, көлденеңнен киліккен көк аттылар пайда болды. Көпке түсінікті болу үшін басынан бастайық неге наразы болып отырғанымызды.
Бұдан біраз жыл бұрын Qazaqstan телеарнасынан бір хабар берілген-ді. Әңгіме Қызылорда жақта өмір сүрген есімі Әділбек әлде Әділхан жайында өрбіді. Содан оған біраз мадақ арналды. Арқалы жыршы, төкпе термеші еді деді. Таланты зор еді, көзі тірісінде бағаланбады деп қамықты жүргізуші. Хабарды дайындаған журналист қыза-қыза келе «Тіпті, Ғарифолла Құрманғалиевтің өзі мұның алдында ән салуға тайсақтаған» (астын сыздық.-Б.К.) деп салды. «Апыр-ай, ә!» дедік. «Ел ішінде елеусіз қалған небір таланттар бар екен ғой» деп таңғалдық. Содан әжептәуір уақыт алған мәні шамалы әңгімеден соң әлгі журналистің «Ал, термесін, үнін тыңдаңыздар!» деп таспаға өзі жазып алған жаңағы жыршының даусын қосып жібергені. Ішіп отырған шәйімізге шашалдық та қалдық. О, тоба! «Дауысы» бала жұбататын деңгейде. Әуені де ортақол бірдеңе. «Жырының» не басы жоқ, не аяғы жоқ... «Мұндай да парықсыз болады екен!» деп таңғалған ек «журналист» деген атты иеленген есірікке қарап. Сөйтсек, мұның соңы бұл емес екен. Бұдан кейін де Ғарифолла Құрманғалиевке қатысты тағы бір сорақы жайтқа куә болдық. Маңғыстаулық Алтынбек Тілегенов деген mangystaumedia.kz сайтында жарық көрген тарихи мәліметтермен, шындықпен еш ұштаспайтынын «деректерге» құрылған «Қожантай Қойбас Жалбырұлы» деген «мақаласында» (26.02. 2018 жыл) бүй депті: «Қойбас 1932-1933 жылдары Алматыға шақырылып, филармонияға алынады. Осы Алматыда жүрген кезде Ғарифоллаға дәріс бергенін, ұстазы болғандығын да Балтөре апай арасында айтып кетеді. Ақыры 1-2 жылдан соң арызданып, сұранып, Қойбас ауылына қайтып келеді. Елде сол егін бригадирі болып жүрген кезде 1937 жылы «Тобанияздың айбалтасын ұстады» деген айыппен бір түнде ұсталады». Қолдағы тарихи құжат-деректердің куәлік беруінше, Қазақстандағы алғашқы филармония Алматы шәрінде 1935 жылы 14 қаңтарда Қазақ ССР Халық комиссарлары Кеңесінің қаулысымен құрылған. Директоры болып А. Жұбанов тағайындалған. 1938 жылы жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың есімі берілген (қазіргі Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы.-Б.К.). Демек, Қойбасты Алматыға арнайы шақырылып, 1932-33 жылдары әлі ашылмаған филармонияға жұмысқа алынды деу – еш қисыны жоқ бөстекі сөз! Олай болса, оның Ғарифоллаға «дәріс берді» дегені де жалған! Мұндағы тағы бір қайшы нәрсе: 1932-33 жылдары Қазақстанды аштық жайлады. Балапан басына, тұрымтай тұсына жан-жаққа босқан заман еді. Әркімнің тірі қалудан басқа ойы жоқ-ты. Сондықтан сол кездегі ахуал филармония ашып, елден ерек көңіл бөліп, Қойбасты іздейтіндей жағдайда емес-тұғын. Ауыл арасында тараған осы қисынсыз жалған әңгімені негіз еткен болар, Амандық Көмеков те бұдан бірнеше жыл бұрын ел естімеген «жаңалықты» әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, былай деген-тін, сонысын бірекі ауыз сөзге сидырып келтірейік, ол: «Қожантай Қойбас Ғарифоллаға ұстаз болған. 1934 жылы үкімет адай әндерін Ғарекеңе үйреттіру үшін арнайы қаржы бөлдіріп, Қожантай Қойбасты Алматыға алдырған» (астын сыздық.-Б.К.) – деген-ді. Әуелі таңғалдық. Кейін күдіктене бастадық. Ғарифолланың әр жылдары оқыған жер-жердегі шәкірттеріне сұрау салдық. Олардың қай-қайсы да «ондай адамды ұстазымыздан естімедік» деді. Олай болса, Қойбастың 1934 жылы Ғарифоллаға ән үйретті дегені – мүлде өтірік! Сонда мұндай қисынсыз сөзді таратуына нендей жағдай А.Көмековті мәжбүрлеп тұрған?! Ешбір дәлелге негізделмеген, ойдан шығарылған жалған оқиғаны насихат еткен осындай жайтқа және куә болдық. Нұржігіт Нұрболатұлы есімді жігіттің әлеуметтік желідегі парақшасында Адайдың жеті қайқысының бірі – Әділ Өтеғұлұлына қатысты деректер жарияланған екен, соған біраз пікірлер жазылыпты. Сонда Келтир Шаненов деген былай депті: «Айтулы әнші, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Ғарифолла Құрманғалиев «Мен Әділді Тайсойғанда жас кезімде көргенмін. Оның әншілігінің қасында біздікі жәй дауыс қой. Қолына су құя алсақ жарағанымыз», – деп мезгілінде есіне алып қояды екен» (астын сыздық.-Б.К.). Бұл «деректі» Келтир Шаненов қайдан алған, дереккөзін анықтап көрсетсе дейміз. Анау сөй деп еді, мынау бүй деп еді деген сырғытпа сөз нақты жауапқа жатпайды... 1982 жылы көкек айында Республикалық эстрада-цирк өнері студиясында 1965 жылдан бастап ұстаздық қылып келе жатқан Ғарифолла ата Құрманғалиевті әдейі іздеп барып, алтын дидарын көрдік. Ән салып, бағымызды сынатып, батасын алдық, содан 1985 жылға дейін көз алдында жүрдік, дастарқанынан дәм таттық. Қасында сағаттап отырып, талай тарихты тыңдадық. Қай әнді қай өңірден алғанын, кімнен үйренгенін, т.б. бетпе-бет отырып, естіп білдік. Ұстаздарым Шайқы, Шынтас еді дейтін. Әбуғалидың Құмары, Сағымқожа, Сартай, Жарылқаған, Нұрмақан, Иманғали дейтін. Бірақ бұлардың қатарынан Қожантай Қойбастың не Әділдің есімін естімедік (астын сыздық.-Б.К.). Мұның бәрі қағазға қатталып, ғылыми журналдарда жария көрді. Кітап болып шықты. Қазақ радиосы қорынан алынған Ғарифолла Құрманғалиевтің 1975 жылы ақтөбелік журналист Сәбит Сүлейменовке берген сұхбаты жеке архивімізде сақтаулы. Сонда айтқан деректерінде де әнші ақсақал: «Қызыққан әншім Мұхиттың баласы Шайқы болды. Шынтас Қаратаев деген әнші болды, Әбуғалидың Құмары, Сартай, Сартайдың баласы Құбайыс, Жарылқаған деген жыршылар болды. Осыларды тыңдауға қатты құмарландым» (астын сыздық.-Б.К.), – деп өзіне үлгі болған әншілер мен жыршылардың аттарын атап, түстерін түстеп айтқан. Мұнда да өзіне «құлдық ұрғызып қойған» Әділді не «ән үйреткен еңбегі бар» Қойбасты аузына алмаған! (астын сыздық-Б.К.) Бір әңгіме үстінде ғазиз ұстаз: «Мұхитты Жымпитының қан базарында көрдім бір рет. 15-20 метрдей жерден. Ат үстінде. Бес-алты жасар кезім болар, сірә. Шоқша сақалды. Ән салғанда маңдайы бір жиырылып, бір жазылып, басындағы кәмшат бөркі ілгері-кейінді қозғалып отырады екен. Дауысы сондай ащы. Әдемі. Ондай үнді өмірі естімедім», – деп еді. Ғарифолла атамыз сөзін ұстазы Мұхиттың баласы Нәуден туған Шайқыға әкеп тірей беретін. Сонда ылғи қайталап айтатын мына бір сөздері жадымызда жатталып қалды: «Мен әнді Шайқыдан үйрендім. Қасына мүшел жасқа толар-толмастан ердім. Уай, оның әншілігі сұмдық еді. Тор төбел аты болды. Қайда той-топыр, сонда әкететін мінгестіріп. Ат үстінде ән салады сондайда жазық далада келе жатып. Біраздан соң: «Ал, Ғарифолла, сен сал», – дейді. Бөгелмеймін, басам. Әнімді аяқтаған соң жарықтық: «Ой, құлдығым, түбі мықты әнші боласың», – деп бауырына қысатын. Сонда деймін-ау, Шайқының е-ең жоғарғы дауысына үнімді үш тыныс алып барып теңестіретінмін. «Дидарды» салғанда... Құдай сақтасын, айтатыны жоқ...» – дейтін ылғи да. Айтпағымыз «Әділдің әншілігінің қасында біздікі жәй дауыс қой. Қолына су құя алсақ жарағанымыз» деп «құлдық ұрып табынып қалған» Ғарифолла атамыз Әділді көргенін, оның да үніне осылайша таңғалғанын алдынан өткен шәкірттеріне, журналистерге берген сұхбаттарында неге айтпаған?! Солардың біреуі болмаса біреуі осы кезге дейін естелік қылып баяндар еді ғой естісе. Қожантай Қойбас, Әділ Өтеғұлұлы Амандық Көмековтің, Келтир Шаненовтің, Алтынбек Тілегеновтің біріне рулас болар, біріне басқалай жақындығы бар шығар, анығын білмейміз. Бірақ ең жоғарғы дыбыста шырқаған дауысы 1947 жылдан бері Италияның Генуя қаласында «Әлемде сирек кездесетін дыбыстар мұражайында» (астын сыздық.-Б.К.) сақтаулы тұрған, үні үшінші октаваның ми нотасына жеткен (сопрананың биіктігі) (астын сыздық.-Б.К.) Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, айрықша тенор Ғарифолла ата Құрманғалиевтің айтпаған сөзін айтты қылған, болмаған нәрсені болды қылған қисынсыз өтіріктерін таратуы – ғұмырының көбі өтіп, азы қалған 73 жастағы Келтир Шаненовқа, сондай-ақ, А.Көмековке, А.Тілегеновке жарасатын адами қылық па?! Қияметте сұрауы болатынын ойламағандары ма?! «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді қазақ. Бірінің жалған сөзін бірі іліп әкетіп отырған бұлар мұнымен тоқталмапты. Әлгі Алтынбек Тілегенов деген: «...бұрын Мұхиттың әні деп жүрген «Жайма қоңыр» әні Әділ Өтеғұлұлынікі екені анықталғанын мен «Адайдың жеті қайқысы» кітабына нотаға түсіріп, Әділдің әні екенін жазғанмын» (астын сыздық.-Б.К.), – депті «Қожантай Қойбас Жалбырұлы» аталатын «мақаласында» еш шімірікпестен. Мұнысы қаншалықты рас, дереккөздерді шолып өтелік енді. Шығарма 1960 жылы баспадан шыққан «Мұқит Мералыұлы. Әндер» аталатын жинаққа енгізіліп, «авторы Мұқит» деп көрсетілген (назарға ұсынылған 1-2 суреттерге қараңыз). Сөздері былай: «Тәкаппар неге керек пасық кісі, Ойнайды көзін қысып ғашық кісі. Білдірген көңіл сырын ишаралап, О-дағы ғашықтықтың басықтысы. Тәкаппар неге керек менмен кісі, Өлеңді неге айтпасын білген кісі. Алыстан сұлу көркің көз тартқандай, Қасыңнан неге кетсін келген кісі» (Қараңыз: Мұқит Мералыұлы. Әндер. Нотаға түсірген Б.Ерзакович. Құрастырған М.Майчекин. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы. Алматы – 1960. 20-бет). Мұнда Ғарифолла Құрманғалиев «Жаймақоңырды» Мұхиттікі деп орындаған, әнді нотаға түзген музыкатанушы ғалым Б.Ерзакович те авторын солай көрсетіп, таңбалаған. Осы тұста мынадай сұрақ туады: Келтир Шаненовтың куәлік етуінше, жүздесіп көзімен көрген, әндерін тыңдаған, «Әділдің әншілігінің қасында біздікі жәй дауыс қой. Қолына су құя алсақ жарағанымыз» деп «құлдық ұрып табынып қалған» Ғарифолла атамыз нотаға «Жаймақоңырды» неге «Әділдің әні» демей «Мұқиттың әні» деп түсіртті екен?! (астын сыздық.-Б.К.) Мұның ел білмейтін құпиясын Келтир Шаненов пен Алтынбек Тілегенов дегендер баяндап берер бәлкім. Тағы да айғақ келтірейік. «Жаймақоңыр» Алматы шаһарынан 1968 жылы жарық көрген «Халық композиторларының әндері» атты кітапқа да енгізіліп, Мұхит ән-өлеңдерінің қатарында тұр. Мұның шумақтары былай делінеді: «Тәкаппар неге керек пасық кісі, Ойнайды көзін қысып ғашық кісі. Білдірген көңіл сырын ишаралап, О дағы ғашықтықтың басыртқысы. Тәкаппар неге керек менмен кісі, Өлеңді неге айтпайды білген кісі?! Алыстан сұлу көркің көз тартқандай, Қасыңнан неге кетсін келген кісі» (Қараңыз: Қазақ әндері. 3 томдық. Алматы. «Жазушы», 1968. Т. 2. Халық композиторларының әндері. 141-бет). Мұнда да «Әділдікі» демеген. «Білгір» Келтир Шаненов пен Алтынбек Тілегенов мұның да құпиясын ашып береді деп ойлаймыз. Бірер сөздерінде ғана өзгешеліктері бар «Жаймақоңырдың» қолымыздағы үнтаспадағы шумақтары былай: «Тәкаппар неге керек менмен кісі, Өлеңді неге айтпайды білген кісі?! Алыстан сұлу көркің көз тартқандай, Қасыңнан неге кетсін келген кісі» Тәкаппар неге керек пасық кісі, Ойнайды көзін қысып ғашық кісі. Ойымнан күндіз-түні еш кетпейсің, Ол-дағы ғашықтықтың бір белгісі. Ғарифолла Құрманғалиев «Жаймақоңырды» барлық шәкірттеріне «Мұхиттың әні» деп үйретті. Теле-радио қорына, күйтабақтарға да солай жаздырып қалдырды. Әлгінде айттық, Қазақ радиосы қорынан алынған Ғарифолла Құрманғалиевтің 1975 жылы ақтөбелік журналист Сәбит Сүлейменовке берген сұхбаты жеке архивімізде сақтаулы деп. Сонда әнші қарт: «Шайқыдан алғаш үйренген әндерім «Дидар», «Көкайдай». Шынтастан Мұхиттың (астын сыздық.-Б.К.) «Үлкен айдайын», «Кіші айдайын», «Айнамкөзін», «Жаймақоңырын», (астын сыздық-Б.К.) «Паңкөйлегін» үйрендім», – деп ап-анық қылып айтқан. К.Шаненов пен А.Тілегенов өзеуреп «Әділдің әні» деп отырған «Жаймақоңырды» Шынтас Қаратаев шәкірті Ғарифолла Құрманғалиевке «Мұхиттікі» деп алдап үйретіп жіберген бе? Сондай-ақ аталған әуеннің музыкалық құрылымы неліктен Маңғыстау түбегі әндерінен өзгеше қалыпталған? К.Шаненов пен А.Тілегенов дегендер бұлардың да ақ-қарасын ашып, нақты дәлелдерімен бұлтартпай анықтап берер деп үміттенеміз! ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Мәдениет туралы» заңдары қорғауға алынған мәдени мұраларға жасалған бейәдеп әрекеттерге жауапкершілік жүктейтінін де еске сала кетейік сөз соңында.
Бөрібай КӘРТЕН, Ақтөбе қаласы