T-Newspaper

Ақтөбелік жастардың жайы қалай?

Бүгінде Ақтөбе облысында 930 мыңнан астам тұрғын бар.

Оның 267 мың­ға  жуығы – жастар. 14-35 жас аралығындағы жастардың 161 341-і қалада тұрса, 105 448-і ауылдық елді мекендерде өмір сүріп жатыр. Бү­гінде облыс жастарына қандай жағдай жасалып жатыр? Биыл қанша жас баспанамен, қаншасы жұмыспен қамтылды? Осы орайда біз жауапты ор­гандардың өкілдерімен тілдескен едік...

Биыл 15 мың жас жұмысқа орналасты

Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы жас­тармен жұмыс бөлімінің бас маманы Мә­ди Кемешовтің айтуынша, бүгінде өңірде жас­тарды тұрақты жұмыспен, баспанамен қам­ту мәселелері басты назарда тұр. Өткен жы­лы осы орайда өңір бойынша 22 мыңнан ас­там жас жұмыспен қамтылған. Ал биыл 35 мың­нан астам жасты еңбекпен қамту жос­пар­ланған. Қазір осы жоспардың 44,5 пайы­зы орындалған. – Биыл жыл басынан бері облыс бойын­ша 15 836 жас жұмыспен қамтылды. Оның ішін­де бос жұмыс орындарына – 6 775, жас­тар тәжірибесіне – 1 284, әлеуметтік жұмыс орын­дарына – 498, уақытша сипаттағы қо­ғам­дық жұмыс орындарына – 1 667 жас жі­беріл­ді. Сондай-ақ облыста жүзеге асырылып жат­қан «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 112 жас қатысса, «Ұрпақтар келі­сім­шар­ты» жо­басы аясында 76 адам жұмысқа ор­на­лас­ты. Өңірімізде 250-ге жуық жас қыс­қа­мер­зім­ді кәсіптік оқыту курсына қа­тыстырылса, 3 202 адам «Бастау бизнес» жо­басы бойынша кә­сіпкерлік негіздеріне оқы­тылды. Оның 153-і 400 айлық есептік көр­­­сеткіш көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды, – дейді  ол. Мәди Кемешов жыл басынан бері жас­­­тарға жылдық 2,5 пайыздық жеңіл­дікпен несие беру үшін 187 адамға 935 млн теңге қаржы бөлінгенін айтады. Соның ар­қасында биыл 200-ден астам жас «Аг­рар­лық несие корпорациясы» акционерлік қо­ғамы арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген жас­тарға арналған несиеге қол жеткізген.    Ақтөбе облыстық статистика де­пар­та­мен­тінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірде 21,9 адам жұмыссыз жүр. Оның ішінде жас­тар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 2,1 пайыз. Бұл республикалық көрсеткіштен тө­мен. Республикадағы жастардың жұмыс­сыз­дық деңгейі – 3,6 пайыз. – Облыстағы жұмыссыз жастардың саны – 3 815. Оның ішінде ауылдық жерлерде тұ­ра­­тыны – 175 адам. Яғни, жұмыссыз жас­тар­дың үлесі қалада көп. Ал өңірдегі NEET санатына жататын жастардың үле­сі – 7,1 пайыз. Яғни, осы санатқа жататын об­­­­лыста 11 644 жас анықталып отыр. Бүгінде об­лыста жастарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жа­тыр, – дейді бас маман.

Студенттерге жатақхана жеткілікті ме?

Қазір Ақтөбе облысында жастарға жо­ға­ры білім беретін 6 оқу орны бар. Оның екеуі мем­лекеттік болса, 4-еуі – мемлекеттік емес оқу орны. Қазір бұл оқу орындарында жалпы са­ны 24 542 студент білім алып жүр. Оның ішін­де 13 452 студент күндізгі бөлімде оқи­ды.  Өңірдегі екі әскери оқу орны, атап айт­сақ, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күш­тері әскери институты мен М.Бөкенбаев атын­дағы Ақтөбе заң институты режимдік тәр­тіпте жұмыс істейді. Бұл оқу орнының бі­лім алушыларына барлық жағдай жасалған. Ал қалған университеттердің студенттері жа­тақ­ханада жатып оқиды. Мәселен, бүгінде 4 жоғары оқу орнына тиесілі жатақхана­лар­д­а­ғы орындар саны – 4 580. Ал оларда 3 373 сту­дент тұрып жатыр. Шамамен білім алып жүр­ген жастардың бір бөлігі ғана жатақ­ха­на­ларда тұрады. Көбі оқуға өз баспанасынан, жал­дап тұратын пәтерінен немесе туысының үйі­нен қатынайды.     Ақтөбе облыстық білім басқармасы бас­шы­­сының орынбасары Дина Жаман­бае­ва­ның айтуынша, жаңа оқу жылына жа­тақ­ха­на­ларды дайындау мақсатында биылғы жы­­лы облыстық бюджеттен 67,2 млн теңге қар­жы қарастырылған. Шығындардың не­гізгі бөлігі жатақханалардағы төсек-орын­дар­ды жаңартуға, зақымданған жиһаздарды ауыс­тыруға,  ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүр­гізуге жұмсалған. Алайда білім алу­шы­ларға жайлы жағдай жасау үшін колледж жатақханаларының жиһаздары мен жаб­дық­тарын жаңарту мәселесі күн тәртібінде тұр.  Бұл мәселе бойынша биыл «AMANAT» пар­­тиясы жанындағы жастарды қол­дау жөніндегі аймақтық кеңес мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанаты облыстық фи­­­лиалының өкілдері арнайы рейд өткізді. Аталған филиал өкілдерінің айтуынша, кол­ледж жатақханаларына қатысты кейбір мә­селелер шешімін тауып жатқанымен, олар­­­­ды жүзеге асыру биыл оқу процесімен қат-қабат келген. Дегенмен бұл мәселе осы ай­дың аяғына дейін шешілуге тиіс.  Бұдан бөлек, биыл жоғары оқу орны сту­денттерінің ішінде оқу үлгерімі жо­ғары және облыстағы қоғамдық жұмыс­тар­ға белсенді қатысатын 145-іне 215 мың тең­ге көлемінде облыс әкімінің стипендиясы та­быс етілді. Сондай-ақ өңірдегі кәсіптік жә­­­­не техникалық білім беретін оқу орнының 45 студентіне 105 мың теңге көлемінде бір рет­тік стипендия берілген.  Жалпы, облыстағы білім алатын, еңбек ете­тін жастардың барлығы бүгінде жастар ре­сурстық орталығына жүгінеді. Оларға бұл ор­талықтың мамандары әлеуметтік, пси­хологиялық, ақпараттық жағынан әркез қол­дау көрсетеді. Қазір Ақтөбе об­лы­сында мұн­дай 14 орталық бар. Оның біреуі об­лыс­тық болса, біреуі — қалалық, ал 12-сі – ау­дан­дағы орталықтар.  – Жыл басынан бері  облыстағы жастар ре­­сурстық орталықтарына түрлі мәсе­ле­лер­мен 4 мыңнан астам жас  жүгінген. Оның ішін­де 187-сі психологиялық қолдауға мұқ­таж болса, 3 737-сі әлеуметтік мәселелер бойын­­ша көмек алған. Ал заңгерлік-құ­қық­тық қолдауға ие болған жастардың саны – 83. Жалпы, биыл облыс бойынша мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысында есепті кезеңде 2 279 шара өткізіліп, оларға 81 940 жас қатыстырылды, – дейді Мәди Кеме­шов. Баспаналы болды,  кәсіп ашты Бүгінде Ақтөбе облысында жастарды баспанамен қамту мәселесі өте өзекті. Се­бебі пәтер жалдап, тапқан нәпақасын со­ған жаратып жүрген жастардың қатары көп. Ресми емес мәліметтерге сүйенсек, облыс бойын­ша шамамен үй кезегінде тұрған 14 мың жас бар.  Былтыр өңірде облыс әкімінің бас­тама­сы­мен «Ақтөбе жастары» бағдарламасы жү­зе­ге асырылып, соның нәтижесінде 42 жас от­басы баспаналы болды. Бұл мақсатқа жер­гілікті әкімдік 300 млн теңге, ал «Отбасы бан­кі» АҚ 300 млн теңге қаржы бөлді. Соның ар­қасында жас отбасылар 23 жылға дейінгі мер­зімге 5 пайызбен құны 15 млн теңге бо­ла­тын  пәтерлерге қол жеткізді. Биыл да бұл бағ­дарламаны жүзеге асыру жоспарлануда. Дегенмен оған қатысатын жастардың саны белгісіз.   Бұдан бөлек, биыл өңірде «Отбасы банкі» АҚ-ның мемлекеттік тұрғын үй бағдарла­ма­лары арқылы 342 жас баспаналы болды. Ақтөбе облысында биыл «Ауыл аманаты» жо­басы сәтті жүзеге асырылуда. Осы бағдар­ла­ма аясында жұмыссыз ауыл жастарын кә­сіптік дағдылауға бағытталған «Дем» жо­басы іске асырылып, 12 аудан бойынша 278 жұмыссыз тегін білім алды.  – «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асы­ру мақсатында облыстық ішкі саясат бас­қармасының мамандары ауылдық жер­лердегі 35 жасқа дейінгі жастарға скрининг­тік жұмыстар жүргізіп, ауыл жастарының пас­портын жасақтады. Скрининг нәтиже­сін­де, 12 аудандағы «Ауыл аманаты» жобасына ен­ген 24 ауылдық округтен 278 жұмыссыз жас анықталды. Осы жұмыссыз жастардың іші­нен 22-сі «Дем» жобасының бірінші ке­зеңіне қатысып, ауыл шаруашылығы, әлеу­меттік-мәдени және қаржылық сауаттылық ба­ғыттары бойынша тегін білім алды. Сон­дай-ақ «Білім және ғылым», «мәдениет және өнер», «бизнес және кәсіп», «медиа», «ақпарат­тық технологиялар» және «волонтерлік» са­лаларындағы жастар бастамаларын қол­дауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гран­ты жобасы жүзеге асырылды. Жобаны жү­зеге асыруға бюджеттен 9 миллион теңге бөлінді. Жоба арқылы 300 мың теңге кө­ле­мінде 30 ауыл жасына қайтарымсыз грант бе­рілді. Осылайша, өңір жастары жеке кәсіп ашу­ға мүмкіндік алды, – дейді Ақтөбе облыс­тық ішкі саясат басқармасы жастармен жұ­мыс бөлімінің бас маманы Мәди Кемешов. Айта кету керек, соңғы жылдары Ақтөбе өңі­рінде кәсіпкерлік саласына бет бұрып, оқу курстарына қатысып, жеке кәсіп ашып жатқан жастардың қатары көбейіп келеді. Бүгінде облыста кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы арқылы 153 жас 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ие­гері атанса, 500-ге жуық жас «Ауыл ама­наты» жобасы арқылы қаржы алып, кәсібін кеңейткен. 

Данагүл ҚАЗИХАН, Ақтөбе облысы