Қорғанысымыз мықты болсын десек, отандық өнеркәсіпке иек артуымыз керек
Биылғы Президент Жолдауында өнеркәсіпті дамыту, соның ішінде қорғаныс-өнеркәсіп кешенін қолдау, дамыту жөнінде Үкіметке міндет жүктелген болатын.
Осы аптада Мәжіліс қорғаныс өнеркәсібі мәселелері бойынша заңға енгізілген түзетулерді қабылдады. Жалпы, қорғаныс саласындағы техника көбінесе шетелден импортталатыны белгілі. Стокгольм халықаралық бейбітшілік проблемаларын зерттеу институтының (SIPRI) баяндамасындағы мәліметте 2015-2019 жылдары еліміздегі қару импортының көлемі алдыңғы бес жылдық кезеңмен салыстырғанда 238 пайызға өскені көрсетілген. Дегенмен өзімізде шығып жатқан өнімдер де жоқ емес. Қазір қорғаныс техникаларын өндіретін 47 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Президент бұл саладағы импортты алмастыру бойынша жүйелі жұмыс істелуі керек екенін нақты айтты. Салаға шолу жасап, қазіргі ахуалын саралап көрдік.
Өндіріс бар, қолдау керек
Биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы армияны жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту, сондай-ақ импорттық жеткізілімдерге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік беретін оқшаулау үлесі жоғары өндіріс циклін құру мәселелерін айтты. – Тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады. Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет. Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс, – деді Президент. Әртүрлі ресми статистикалық дерекке сүйенсек, елімізге қару-жарақ, әскери техниканың басым бөлігі импортталады. Еліміздің жауапты органдарының ресми ресурстарынан әскери техника экспорты мен импортына қатысты нақты мәлімет таба алмадық. Ал Стокгольм халықаралық бейбітшілік проблемаларын зерттеу институтының (SIPRI) баяндамасында 2015-2019 жылдары еліміздегі қару импортының көлемі алдыңғы бес жылдық кезеңмен салыстырғанда 238 пайызға ұлғайғаны көрсетілген. – Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға құзырлы мекемелердің тапсырысы керек. Заманауи технология трансфертін жасау және жаңа өндірістер ашу жұмысын жалғастырған жөн, – деді Мемлекет басшысы. Қазір еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешені 47 мемлекеттік және жеке кәсіпорыннан тұрады. Олар жыл сайын 200 миллиард теңгеге өнім өндіреді екен. Енді әскери техниканы жөндеу технологиясын игеру үлесін көбейту көзделіп отыр. Қазір елімізде Орталық Азия аймағындағы бронды техникаларды жөндеуге маманданған жалғыз «Семей инжиниринг» (Семей) зауыты бар. «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенінің негізі саналады. Оның құрамына 26 ұйым кіреді, оның ішінде, 26 еншілес, 3 бірлескен бақылаудағы және 6 тәуелді қорғаныс кәсіпорны бар. Компанияның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры». 5 қыркүйектегі оқу-жаттығу жиынында Мемлекет басшысы еліміздегі қару-жарақ пен әскери техника шығару және жөндеу мүмкіндіктерімен танысқан еді. Сол кезде «Navyco» компаниясының өкілі (Астана) бронды техниканы қалпына келтіруге арналған агрегаттардың дала жағдайында қалай ауыстырылатыны, ал «КамАЗ Инжиниринг» (Көкшетау) және «№405 авиажөндеу зауыты» (Алматы) кәсіпорындары әскери техниканы құрастыру, қалпына келтіру мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді. Көрмеге Қазақстан мен Түркияның «Қазақстан Aselsan инжиниринг» (Астана) бірлескен кәсіпорны, «Восток Полимер Снаб» ЖШС (Өскемен), «Universal-Build» ЖШС (Алматы), «Energy General» ЖК (Алматы) және басқа да кәсіпорындардың өнімдері қойылған болатын. Сонымен қатар Президент Жолдауда арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қолдау көрсетілетінін де айтты. Бұл мәселе бұған дейін бірнеше жыл бұрын да көтерілген, талқыланған еді. Сол кездегі жауапты мекеме – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қор құру үшін инвестор керек екенін айтқан болатын. Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын қаржыландыруда айтарлықтай жүйелі тәсілдің жоқтығы осы саланы дамыту мен жетілдіруге кедергі келтіріп отырғанын алға тартқан министрлік елімізде бизнесті қолдау құралдары қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын дамытуды толықтай қамти алмайтынын мәлімдеген еді. Кейін Ашық НҚА порталында мемлекеттік «Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры» акционерлік қоғамын құру туралы Үкімет қаулысының жобасы да жарияланды. Жобаға сәйкес, қор отандық ғылыми-техникалық өнім өндіруге қаржылық жағынан қолдау және қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын жаңғыртумен айналысады. Қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруға 2022 жылға көзделген республикалық бюджеттен 153 150 мың теңге бөлу де жоспарланыпты. 2000 жылдан 2010 жылға дейін қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырыстарды орындауға жасалған сараптама отандық кәсіпорындардағы атқарылған жұмыс көлемінің өте аз болғанын көрсетеді. Осы уақыт аралығында мемлекеттік тапсырыс әскери құрылымдардың қару-жараққа, техника мен мүлікке деген сұранысын басқа елдерден жеткізіп келген. Бұл отандық кәсіпорындарға кері әсер етіп, олардың дамуын тежеді. Кейін мәселе бұйрық, заң, қаулылар арқылы реттелгенімен, қорғаныс өнеркәсібін мемлекеттік реттеу мен оған қаржылай қолдау көрсету жөніндегі өнеркәсіп саясатының жеткілікті деңгейде тиімді болмауы салдарынан осы саладағы дағдарысты еңсеру мүмкін болмады. Яғни, елімізде жұмыс істеп тұрған, өнім өндіретін әскери техника кәсіпорындары бар. Дегенмен басымдық шетел техникасына, импортқа беріледі. Президент Жолдауда көтеріп отырған бастама осы импорттың үлесін азайту мен отандық өнімді қолдауға бағытталып отыр.
Заңға өзгерістер енгізілді
Осы аптада Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиация, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Депутат Айгүл Құспанның баяндамасына сүйенсек, заң қабылдауға бір топ депутат бастамашы болған, себебі 4 жыл бұрын ғана қабылданған заңнан кем-кетік анықталған. – Қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныс тапсырысын реттейтін заң 2019 жылғы 18 наурызда қабылданды, яғни, 4 жыл ғана өтті. Алайда осы жылдар ішінде заңның қолдану практикасы Мәжілістің түрлі іс-шараларында, дөңгелек үстелдерде, Комитеттің тақырыптық және көшпелі отырыстарында айтылған бірқатар проблемаларды анықтады. Осыған байланысты бүгін қаралып отырған заң жобасына бір топ депутат бастамашы болды. Әрі қарай заң жобасының негізгі тармақтарына тоқталған депутат жаңадан құрылымдалған министрлікке жаңа функция беруді ұсынды. – Біріншіден, Уәкілетті органға, яғни Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды кәдеге жарату объектілерінің өндірістік қызметін ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту функциясын беру ұсынылады. Ең әуелі бұл құжат жарамдылық мерзімі өткен оқ-дәрілерді кәдеге жаратумен айналысатын «Қазтехнология» қазақстандық мамандандырылған ұйымының қызметі үшін қажет, – деді ол. Айгүл Құспан заң жобасында қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеуді оңайлату және жеделдету мақсатында біздің күш құрылымдарымыздың мемлекеттік сатып алу тәртібімен жиынтықтаушылар мен қосалқы бөлшектерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылғанын айтты. – Ал орташа немесе күрделі жөндеу, қозғалтқыштар мен беріліс қораптар және т.б. елеулі тораптар мен агрегаттарды керек ететін жөндеу мәселелерін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде қалдыру қажет деп санаймыз, себебі аталған сұрақтар мұқият пысықтауды талап етеді, – деді депутат. Заң жобасында форс-мажор жағдайларға байланысты мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау мәселелеріне өзгеріс енгізілді. – Коронавирустың таралу қаупін азайту мақсатында Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай режимі бәріміздің әлі де есімізде. Пандемия мемлекеттердің экономикасына да, бизнесіне де кері әсерін тигізді. Осы сияқты форс-мажор жағдайларға байланысты мемлекеттік қорғаныс тапсырысының мерзімі бұзылған еді. «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысы туралы» заңның қолданыстағы нормалары шарттың орындалу мерзімін өзгертуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан біз форс-мажорлық жағдай немесе еңсерілмес күш туындаған жағдайда шарттардың орындалу мерзімдерін өзгерту мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Аталған түзету қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының қолдауын тапты, – деді Айгүл Құспан баяндамасында. Сонымен қатар заң жобасында «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңына Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органы ретінде Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік авиациясында ұшу жұмысын ұйымдастыру жөніндегі және бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтарын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыретін белгілеу бөлігінде түзетулер енгізіліп отыр. – Жалпы алғанда, осы Заңның қабылдануы қорғаныс-өнеркәсіп кешені қызметінің тиімділігін және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға ықпал етеді, – деп қосты депутат. Бұл Жолдаудан кейін талқыланып, Мәжіліс қарауынан өткен мәселелер Қорғаныс өнеркәсібіндегі мәселелерді шешуге ықпал етеді деген сенім бар. Президент тапсырмаларын іске асыру үшін Қорғаныс және Өнеркәсіп пен құрылыс министрліктерінің, ҚӨК кәсіпорындары басшыларының ведомствоаралық кеңесі өткізілді, онда проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Қолда бар қару-жарақ пен әскери техника паркін техникалық тұрғыда қамтамасыз ету және жөндеу, қару-жарақ пен әскери техниканы, оқ-дәрілердің заманауи үлгілерін өндіруді меңгеру және оқшаулау мәселелері де қозғалды. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің әскери-техникалық ынтымақтастық және қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы уәкілетті орган ретіндегі рөлі аса маңызды екенін атап өтті. Әскери өнімдердің жаңа өндірістерін жолға қоюда ҚӨК даму қоры маңызды рөл атқарға тиіс, оның қаржыландыруы тек қорғаныс мүддесі үшін шын мәнінде талап етілетін жобаларды ғана алуға тиіс екені айтылды. Жалпы, қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу технологиясын игеру үлесін 55 пайызға дейін, жаңғыртуды 35 пайызға дейін, қазіргі заманғы өндірістерді 70 пайызға дейін жеткізуге меже қойылып отыр.
Төленді Жұртыбаев, «Қазақстан парамаунт инжиниринг» ЖШС бас инженері:
Мемлекеттік органдар отандық өндірушілермен тығыз жұмыс жасаса... – Қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша Қазақстанда бірнеше зауыт жұмыс істеп тұр. Өндіріс орындары бар. 1 қыркүйектегі Президенттің Жолдауында айтылған мәселелер сол зауыттарға, сол өндіріс орындарына үлкен үміт беріп, мүмкіндік тудырып отыр. Әскери өнеркәсіп саласы – өте күрделі, мол қаржыны, біліктілікті талап ететін сала. Президент те қазіргі саяси ахуалға байланысты өнеркәсіп саласының үлкен рөл атқаратын, елдің қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда басты орын алатынын атап өтті. Үкіметке нақты-нақты тапсырмалар беріп, импорттық, сырттан келетін әскери жабдық, әскери техниканың орнына, керісінше мына отандық өндірістерді локализациялауды міндет етіп отыр. Бұл міндетті түрде жаңадан қару түрлерін, жаңа өндіріс орындарын, әскери саланы әрі қарай дамытудағы жаңа белестерге жетуде алғышарт болмақ. Сондықтан осы саладағы өндіріс орындары бұл бастаманы қолдап отыр. Сонымен қатар осы саланы дамытуға бағытталған қор құрылатынын да айтты. Бұл да өндіріс орындарын ары қарай техникалық жағынан қайта жабдықтауға, мамандарды оқытуға, біліктілігін арттыруға, жаңадан өндіріс орнын ашуға жаңағы керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Қазақстан парамаунт инжинеринг компаниясы – Орталық Азия, жақын және алыс шетелдердегі бірден-бір әскери техника шығаратын зауыт. Мұнда өзіміздің отандық әскери техниканың бірнеше түрі шығарылып жатыр. Өндіруге дайын басқа да техниканың түрлері қарастырылып жатыр. Мүмкіндігі – зор, қазіргі заман талабына сай. «Арлан» 4x4, «Барыс», «Алан» сияқты әскери техникаларымызды біздің әскер пайдаланады. Одан басқа әскери техниканың көптеген түрі жобаланып жатыр. Барлығы –өзіміздің отандық конструкторлар, инженерлердің күшімен. Мүмкіндігіміз, әрине, зор. Зауытта 250 отандық инженер, қызметкерлер жұмыс істейді. Локализация деңгейі әрқалай, бірақ 70 пайыздан кем емес. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Яғни, 100 пайыз десек, сол жүз пайыздың 70 пайызы өзімізден шығарылады. Ал импорт келіссөз деңгейінде ғана. Бірақ өндірістік мүмкіндігіміз бар, әлеуетіміз бар. Бірақ та олардың талабы, ішкі нарықты қамтамасыз ету, қанша дана деген сияқты жаңа өздерінің талаптары бар. Ішкі нарықты қамтамасыз еткеннен кейін ғана бірлесіп жұмыс істей аламыз. Бірақ үлкен қызығушылық бар. Біздің жер жағдайына, ауа райы жағдайына, содан кейінгі мына қазіргі заман талабына сай қорғаныс біздің техникаға сұраныс өте жоғары. Тапсырыс беруші мемлекеттік органдар, соның ішінде Қорғаныс министрлігі және де басқа да күштік құрылымдар мүмкіндігінше отандық өндірушілермен тығыз жұмыс жасаса деген ой бар. Оларға не қажет, қандай талаптары бар, қандай техника керек деген сияқты талаптарын, ұсыныстарын айтып, өндірушілермен тығыз жұмыс істесе деген тілек бар. Екіншіден, келісімшарт жасау, жоспарлау мәселесі. Техниканы сатып алу бойынша келісімшарт жасау ұзақмерзімді болса екен деген ой бар. Бір жыл, екі жылға емес, бізде өзіміздің әл-ауқатымызды, техникалық мүмкіндігімізді көрсетіп, мамандарымызды икемдей алатындай ұзақ уақытқа жоспарлауды қарастырса екен дейміз. Ал біз, әрине сапалы, заман талабына сай жүйелерді қамтамасыз етуге тырысамыз.
P.S. Қорыта айтқанда, еліміздегі қорғаныс өнеркәсібі саласының болашағы алда, қазір де шығарылып жатқан өнімдер сұранысқа ие. Дегенмен қолдау керек-ақ. Өзгенің өніміне ұмтылмай, өзіміздікін бірінші орынға қойсақ, мұның өзі зор салаға демеу болары анық.