«Қорғас» шекара аумағында жаппай төбелес болды (ВИДЕО)
Оқиға «Қорғас» ШЫХО аумағында 6 қыркүйек күні болған.
Желіде «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы (ШЫХО) аумағында болған қақтығыстың видеосы пайда болды.
«Кейбір дереккөздердің хабарлауынша, «Қорғас» ШЫХО-да белгісіз біреулер мен учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен тағы да төтенше жағдай болды. Алайда белгісіз себептермен құқықбұзушыларды ұстамай отыр», - делінген видео астындағы жазбада.
Жетісу облысының Полиция департаменті жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Оқиға «Қорғас» ШЫХО аумағында 6 қыркүйек күні болды. Төбелеске қатысқан 20-26 жас аралығындағы 12 жергілікті тұрғын ұсталды. Олар аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша жүргізілуде. Оқиға орнынан травматикалық тапанша тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына қосылды. Тергеу амалдары облыстық департаменттің бақылауында», - делінген хабарламада.