Аутизм және дамуында басқа да ерекшелігі бар балаларды оқытуға арналған халықаралық құрал қазақ тіліне аударылды
Құралды «Болашақ» корпоративтік қоры ағылшын тілінен қазақ тіліне аударған.
Бүгін Астанада қазақ тіліне аударылған ABLLS-R сөйлеу және үйренудің негізгі дағдыларын бағалау құралының тұсаукесері өтті. Құралды «Болашақ» корпоративтік қоры ағылшын тілінен қазақ тіліне аударған. Қазақ тілі ABLLS-R аударылған 12-тіл болды. Бұрын ол араб, қытай, француз, грузин, иврит, жапон, норвег, португал, орыс, испан және украин тілдеріне аударылған. ABLLS-R аудармасымен мамандар тобы жұмыс істеді, оның құрамына кәсіби аудармашылар, қордың мінез-құлық талдаушылары, инклюзивті білім беру саласындағы сарапшылар кірді. Аудармашы: Мира Сембайқызы, редакторлары: Жазира Ескендірова, Назгүл Нұрмағанбетова, Салида Абрахманова. Аударманы жасауға 2 жыл уақыт кетті.
Тұсаукесер аясында қордың мінез-құлық талдаушылары ABLLS-R-мен жұмыс істеу бойынша қазақ және орыс тілдерінде тренингтер өткізді. Оқыту тренингтерінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 120-дан астам маман, оның ішінде мұғалімдер, ассистент-педагогтер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, сондай-ақ ерекше балалардың ата-аналары оқудан өтті.
«Болашақ» корпоративтік қоры 2015 жылдан бастап Қазақстанда инклюзивті білім беру моделін құру және енгізу мақсатында «Әр бала мектепке баруға лайықты» қайырымдылық жобасын іске асыруда. Кәсіби әдебиетті қазақ тіліне аудару жоба бағыттарының бірі болып табылады. 2021 жылы Ю.Ерц пен О.Мелешкевичтің «Ерекше балалар. Қолданбалы мінез-құлық талдауына кіріспе» кітабы қазақ тіліне аударылды. Бұл қолданбалы талдау бойынша қазақ тіліне аударылған тұңғыш кітап болды
«Кәсіби әдебиетті аударудың арқасында біз қазақ тілді мамандарға түзету педагогикасының озық әдістемелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береміз, осылайша еліміздегі ерекше балалармен жұмыс тиімділігін арттыру үшін жағдай жасаймыз. Бүгін біз аударған кітапты таныстырып қана қоймай, сонымен қатар біздің мамандар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мамандарды ABLLS-R бағалау құралымен қалай дұрыс жұмыс істеу керектігін үйрететін болады. Балаларымыздың тиімді білім алуы үшін инклюзивті білім берудің сапалы жүзеге асырылуы біз үшін өте маңызды. Сондықтан біз әдебиеттерді аударумен қатар, мамандарды оқытуға, инклюзивті білім беру саласында жұмыс істейтін қазақстандық педагогтардың білімі мен құзыреттілігін арттыруға көп көңіл бөлеміз. Біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу және олармен жұмыс істеу бойынша педагог-ассистенттерге арналған мінез-құлықты қолданбалы талдау (АВА-терапия) негіздерін оқыту бойынша оқу курсын әзірледік және іске қостық. Бүгінгі таңда біз Қазақстанның түкпір түкпірінен және Орталық Азия елдерінен 3000-нан астам маман оқыттық», - деді «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.
Іс-шараға «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан, мінез-құлық талдаушылары, инклюзивті білім беру саласындағы сарапшылар, сонымен бірге аймақтардан келген мамандар мен ерекше балалардың ата-аналары қатысты. Кітап авторы Джеймс Партингтон қатысушыларға бейнехабарламада сөз сөйлеп, кітаптың артықшылықтарын және оның оның қазақ тіліне аударылуының маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Болашақ» қайырымдылық қоры менің жұмысымды қазақ тіліне аударып, қазір ол Қазақстанда қолжетімді болғанына қуаныштымын. ABLLS-R әдеттегідей дамып келе жатқан бес жасар баланың деңгейінде баланың дағдыларына толық шолу жасайды. Бұл өте маңызды, өйткені бес жасар баланың көптеген дағдылары бар және ол басқа адамдарға қарап, оларды тыңдап және олармен өзара әрекеттесіу арқылы үйренуге қабілетті. Олар күнделікті тәжірибелер негізінде үйренеді, оларға кейбір нақты дағдыларды үйрену үшін біраз нұсқаулар қажет. Оларда дәрет сындыру, қолын жуу, тамақтану және т.б. қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өзін-өзі күту дағдылары бар. Сондықтан әдеттегі бес жасар баланың дағдыларына қарасақ, бұл жақсы көрсеткіш, өйткені аутизм диагнозы бар көптеген балалар үшін әдеттегідей дамып келе жатқан балалар оңай үйренетін дағдыларды меңгеру қиынға соғады. Біздің мақсатымыз – осындай балаларға мүмкіндігінше осы құзіреттілік деңгейіне жетуге көмектесу үшін мамандар мен ата-аналарды біріктіру, осылайша біз оларға күнделікті өзара қарым-қатынас жасау арқылы оқып үйренуге көмектесе аламыз» - деді ABLLS-R авторы Джеймс Партингтон.
ABLLS-R деген не?
ABLLS-R аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар баланың дағдыларының дамуын бағалау мен бақылаудың жүйесі. ABLLS-R бала дағдыларының даму деңгейін және мінез-құлыққа араласудың басымдықтарын анықтау үрдісін жеңілдету үшін жасалған. ABLLS-R бағалау құралы екі бөліктен тұрады: Тестілеуді жүргізу бойынша нұсқаулық және Протокол. Протокол баланың дағдыларын бағалау үшін қолданылады, Нұсқаулықта ABLLS-R туралы жалпы мәлімет пен баланы жеке дамыту бағдарламасын (БЖДБ) құрастыру бойынша ұсыныстар баяндалған. ABLLS-R 25 салада баланың дағдыларын бағалауға мүмкіндік береді, оның ішінде: өзара әрекеттесу, визуалды қабылдау, сұрау/өтініш айту, диалог жүргізу дағдылары, дағдыларды жалпылау, әлеуметтік өзара қарым-қатынас жасау, тазалану, дәретхананы пайдалану, интравербал тілі, математика, грамматика, топпен жұмыс істеу және басқалары. ABLLS-R қарым-қатынас жасауға, табиғи ортада оқып үйренуге және күнделікті жаңа тәжірибе алу мүмкіндігі үшін қажетті дағдыларды дамытуға арналған тапсырмалар толық сипатталғанABLLS-R-дың артықшылықтары қандай?
ABLLS-R – баланың жеке дамыту бағдарламасын жасамас бұрын оның психологиялық-педагогикалық профилін егжей-тегжейлі анықтауға мүмкіндік беретін баланың дағдыларын бағалауға арналған 544 дағдыны қамтитын егжей-тегжейлі тестердің бірі. ABLLS-R ата-аналар мен мамандарға функционалдық коммуникацияны қалыптастыруға және күнделікті өмірде жаңа дағдыларды үйренуге кедергі келтіретін мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. ABLLS-R нәтижелері бала дағдыларының даму деңгейін, сондай-ақ қайта тестілеу кезінде оның прогресін жылдам бағалауға мүмкіндік беретін көрнекі схема түрінде беріледі.Автор туралы
Автор – Джеймс Партингтон, PhD, BCBA-D, лицензияланған психолог, аутизм саласындағы әлемдегі жетекші мамандардың бірі.
Мінез-құлықты қолданбалы талдау саласында көптеген зерттеулердің авторы, танымал ABLLS-R тестілеуінің авторы, қоғамда өз бетінше өмір сүруге сәтті бейімделу үшін қажетті дағдыларды жан-жақты тестілеу AFLS жинағының авторларының бірі. 1988 жылы ДМШ балалардың мінез-құлқын түзету және оларды оқыту бойынша тиімді, ғылыми зерттеулерге негізделген қызметтерді көрсету үшін Behavior Analytics, Inc. компаниясының негізін қалады.
Оның дамуында ерекшеліктері бар балалармен 50 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Ол сөйлеу тілі интервенцияларында сараптама жүргізіп мінез-құлықты талдау бойынша халықаралық деңгейде мойындалған көшбасшы.
Джеймс В. Партингтон ата-аналар мен мамандарды білім беру үдерістерін тиімді жүргізу үшін қажетті практикалық, ғылыми дәлелденген процедураларға үйрету жұмысымен танымал.
Ол Америка Құрама Штаттарынан тыс 31 елде жұмыс істеді, оның кейбір басылымдары көптеген тілдерге аударылды. Ол АҚШ Аутизм қауымдастығының кеңес беру кеңесінің мүшесі. (Member of the US Autism Association Advisory Board). Оның мақсаты аутистикалық спектрі бұзылған адамдарға дағдыларды үйрететін немесе үйреткісі келетін ата-аналарға, мұғалімдерге, педагоготер мен басқа мамандарға оқыту үрдісін жеңілдету болып табылады.
Қор туралы анықтама
Ресми деректер бойынша Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 175 мыңнан астам бала тұрады, оның ішінде 12 000-нан астам аутизм бар бала. Бейресми деректер бойынша (ДДҰ деректері) әлемде әрбір 54-ші балада аутистикалық спектрінің бұзылуы бар, ал Қазақстанда аутизм бар 30 мыңнан астам бала бар.
«Болашақ» корпоративтік қорының «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аутизм бар және дамуында басқа ерекшеліктер бар балаларға білім берудің инклюзивті моделін әзірлеуге және Қазақстанның мектеп және мектепке дейінгі ұйымдарына енгізуге бағытталған. 2015 жылдан бастап Қор Қазақстанның 22 қаласында 56 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Жобамен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2000-нан астам бала қамтылды, оның ішінде 700-ден астам бала үйдегі оқытудан шығарылды.
4000-нан астам маман инклюзивті білім беру және мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша оқудан өтті, 500-ден астам жұмыс орны құрылды, бүкіл Қазақстан бойынша 66 кабинет қор мамандарының жетекшілігімен жұмыс істейді. ҚР БҒМ мақұлдаған мінез-құлықты қолданбалы талдау негіздері бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру курсы әзірленіп, іске қосылды.
Қор ЕҚ бар балаларды кемсітпеу және сапалы білім алу бөлігінде ҚР қолданыстағы заңнамасына 80-нен астам өзгерістер енгізді.
«Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы Қысқы қайырымдылық балының қайырымдылық қаражаты мен демеушілік қаражатқа іске асырылуда. Жобаның серіктестері – «AMANAT» партиясы, жергілікті атқарушы органдар.