Алматыда қайтыс болған төрт жасар баланың әкесі бұрынғы әйелін жауапқа тартуды сұрады
26 жастағы Ақылбек әйелімен былтыр ажырасқан.
Алматыда анасының көңілдесінің қолынан көз жұмды деген төрт жасар Хантөренің әкесі оқиғаның мән-жайын айтып берді. Жалғыз ұлынан айырылған жігіт бұрынғы әйелін кінәлап отыр. Тurkystan.kz бұл туралы КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол азаматтық некедегі күйеуіне шаң жуытпай, бауыр еті баласына қамқорлық көрсете алмады деп айыптауда. Бүлдіршін өгей адамнан үнемі таяқ жейтінін айтқан соң, Ақылбек полицияға да арыз жазыпты. Алайда тәртіп сақшылары бұл істі назардан тыс қалдырып, шара қолданбаған.
26 жастағы Ақылбек әйелімен былтыр ажырасқан. Сол уақыттан бері анасы кішкентай Хантөрені әкесіне жолатпауға тырысып, бар-жоғы төрт-ақ рет кездестіріпті. Соңғы жүздесуде бүлдіршін «Үйге бармаймын» деп жылап, бөтен еркектің қол көтеретінін айтыпты. Мұны ести сала, ол бірден полицияға жүгініп, бұрынғы жұбайына да ескерткен.
«Балам маған «ұрады» деп айтты. Содан мен Әуезов ауданына барып, өз арызымды бердім. Сол кезде шешесі келді, «Балаға қарашы, бала үйтіп жатыр ғой, бала алдамайды» десем, «Төрт жасар бала не демейді», «Сен ойыңнан шығарып отырсың», «Мені қызғанып отырсың» деді. «Сенің басың істей ме, қай жақтағы қызғанған, ажырасып кеттік қой, мен баланы ойлап отырмын» дедім», - дейді Хантөренің әкесі Ақылбек Дармаханов.
Алайда оны 25 жастағы келіншек елемей, азаматтық некедегі күйеуіне шаң жуытпапты. Ал учаскелік полицейлер сан түрлі сылтау айтып, ешқандай шара қолданбаған көрінеді.
Енді баланың әкесі ұлының қазасына ажырасқан әйелін кінәлайды. Оның айтуынша, баласына қамқорлық көрсете алмаған ананы қылмыстық жауапкершілікке тарту керек.
«Туған шешесі қылмысқа кінәлі. Оны 100 пайыз айта аламын. Ол, біріншіден, бала «Сырғанақтан құлады» деп жалған ақпарат берген. Екінші, баланың жағдайы нашарлаған соң туған әкесіне мойындады. Өзінің қара басын ойламай, баласын ойлау керек еді ғой. Оны тергесе, бәрін айтады. Оны қазір бостандыққа жіберіп қойған. Өз баласын өлтірген шеше ешкімді аямайды. Сондай топас әйелдер көп. Соларға сабақ болсын деп ойлаймын», - дейді Хантөренің әкесі Ақылбек Дармаханов.