Жаңалықтар

Өзбекстан құрамасындағы қазақ боксшы Азия ойындарында күтпеген жерден жеңіліс тапты

Фото: sports.uz

Руслан Абдуллаев құрлық біріншілігінің ширек финалына өте алмады.

Өзбекстан атынан сынға түсіп жүрген этникалық қазақ Руслан Абдуллаев Ханчжоуда (Қытай) өтіп жатқан Азия ойындарындағы бокс турнирінде алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлады turkystan.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.

63,5 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Абдуллаев 1/8 финалда моңғолиялық Баатарсухиин Чинзоригпен жұдырықтасты. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен күтпеген жерден жеңіліске ұшырады, есеп – 0:5. Үшінші раундта төреші Моңғолия боксшысына нокдаун санады.

Осылайша, Руслан Абдуллаев құрлық біріншілігінің ширек финалына өте алмады.

Айта кетейік, ол – қазіргі әлем чемпионы: биыл Ташкентте алтын алған болатын. Сонымен қатар 2022 жылы Азия чемпионы атанған.

Қарсыласына келетін болсақ, Баатарсухиин Чинзориг – 2023 жылғы әлем чемпионатының, 2017 жылғы Азия чемпионатының және 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.