Жаңалықтар

«Мәдениетаралық сұхбат: емле, әдістеме, тәжірибе» тақырыбында халықаралық семинар-кеңес өтті

Іс-шара барысында отандық және шетелдік ғалымдардың емле мәселесі, сондай-ақ терминдерді жазу, аудару, біріздендіруге қатысты пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «Мәдениетаралық сұхбат: емле, әдістеме, тәжірибе» тақырыбында халықаралық семинар-кеңес өтті.

Жалпы, тіл мен мәдениет – өзара берік байланыстағы рухани құбылыс. Мұндай мәдениетаралық сұхбат алаңдары түбі бір түркі жұртын жақындастыра түседі. Бәсі жоғары, маңызы айрықша, соған орай нәтижесі де зор бұл халықаралық басқосудың негізгі мақсаты – латын графикасына көшкен түркітілдес халықтардың тәжірибесімен танысып, тығыз бірлікте жұмыс жасау, жетістіктерімен танысу.

Елімізде қазақ тілін реформалау мәселесі, әліпбиді латын графикасына көшу үдерісі ғылыми негізде жүріп жатыр. Тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған бұл шара шетелдік және отандық ғалымдар арасындағы ортақ тақырыптар бойынша әріптестік байланысты одан әрі өрістетуге кеңінен жол ашты.

Іс-шараға қатысқан шетелдік ғалымдар түркі халықтарындағы тіл мен жазу реформасына қатысты тәжірибелері мен жетістіктері, осы жолда кездескен  түрлі мәселелер ғылыми және әдістемелік тұрғыдан баяндады.

Семинар кеңесті Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Тілешов жүргізді. Ғылыми басқосуда Баку славян университетінің профессоры Н.Новрузова әзербайжан тіліндегі  емлесі  қиын сөздердің жазылуына, Загреб университеті Түркология кафедрасының доценті, PhD Е.Г.Нас түрік тілінің «İmlâ Kılavuzu» негізінде шеттілдік сөздерді игеріп жазу мәселесіне, Әжнияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының докторы Ә.К.Пирниязова бірге және бөлек  жазылатын сөздер емлесіне,   Хорезм облыстық педагогтерді оқыту ұлттық орталығы Тілдерді оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Н.Сабирова қазіргі өзбек жазуындағы емле және әдістеме мәселесіне тоқталды.

Семинарда отандық танымал ғалымдардан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, PhD  Е.Маралбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ахметтану бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б.Күдеринова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі кафедрасының профессоры О.Жұбай және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түрксой  кафедрасының доценті, PhD Е.Қуанышбаев қазақ тілінің орфография мәселелеріне баяндама жасады. 

Іс-шара барысында отандық және шетелдік ғалымдардың емле мәселесі, сондай-ақ терминдерді жазу, аудару, біріздендіруге қатысты пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.  

Сондай-ақ, төл және кірме сөздер, күрделі сөздер, атаулар  мен терминдерді латын әліпбиімен жазу тетіктерінің модельдері ұсынылды. Емле ережелерін оқытудың әдістемелік мәселелері бойынша да тәжірибе жинақталды.