Спорт

Футболшылардың жалақысының 20 пайызын Ризабек Айтмұханға беріңдер: Белгілі ММА шебері үндеу жолдады

sports.kz

Ризабек тарихи алтын жүлде үшін 15 мың доллар көлемінде қаражат алады

Белгілі ММА шебері, қазақстандық атлет Артем Резников жуырда еркін күрестен Қазақстан тарихында алғаш рет әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұханның жеңісі үшін алатын жүлде қорына қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Ризабек тарихи алтын жүлде үшін 15 мың доллар көлемінде қаражат алады.

«Футболшылардың жылдық жалақысының 20 пайызын алыңдар да, тарих жасаған балаға беріңдер! Білуімше, бізде Қазақстанда батырларды әркез құрметтейді, бірақ ақыр аяғында «Жарайсың» дейді. Сонымен бітті. Қарапайым халық онсыз да қолдайды, ал мемлекет қашан бастайды?, – деп жазды ол Инстаграм желісіндегі жеке парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, Ризабек Айтмұхан Белградта (Сербия) күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында алтын жүлде иеленіп, еркін күрестен Қазақстан тарихында әлем чемпионы атағы бар тұңғыш балуан атанды.