Жаңалықтар

БҚО-да киік етін сатуға рұқсат берілді

ашық дереккөз

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті дайындаған биологиялық негіздемеге сәйкес өңірде киіктің саны 500-550 мың бастан аспауы керек.

Батыс Қазақстан облысындағы екі кәсіпорынға киік етін заңды түрде сатуға рұқсат берілді, деп хабарлайды turkystan.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың мәлімдемесіне сүйенсек, Жаңақала ауданында "Ізденіс" ЖШС, Ақжайықта "Батыс-Нық" ЖШС кәсіпорындары киік етін халыққа сатумен айналысатын болады. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті дайындаған биологиялық негіздемеге сәйкес өңірде киіктің саны 500-550 мың бастан аспауы керек. Қазіргі өңірде киік саны шамамен 1 млн 800 мың басқа жетіп отыр.

"Күні бүгін "Охотзоопром" мекемесі аңшылармен келісімшарттар жасап жатыр. Киік санын реттеу жұмыстары тек қана кораль (тор) арқылы жүргізілетін болады. Яғни атпайды, торға қамап, ұстайды. Бұл жұмыстар қазан айының алғашқы онкүндігінде басталады деп жоспарланған", – деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Рахымжанов.

19 қыркүйекте киіктерді реттелуге жататын жануарлардың қатарына енгізу жөнінде бұйрығы шыққаны белгілі.