Жаңалықтар

Семей әкімі тағы бір қызметке тағайындалды

Шахмат федерациясы

Абай облысында Қазақстан шахмат федерациясының филиалы ашылды. Оның төрағасы болып Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов тағайындалды.

ҚР Шахмат федерациясынан мәлім еткендей, сондай-ақ бүгін Семейдің үздік әуесқой шахматшылары арасында турнир өтті. Ол «Шахмат керуені» республикалық жобасының аясында ұйымдастырылған. Жоба өңірлерде аталған спорт түрін дамыту мақсатында қолға алынған. Семейге дейін «Шахмат керуені» Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Павлодар қалаларында болып қайтты.

«Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Біз алғашқылардың бірі болып Ұлы Жібек жолын жалғастырдық. 14 мың шақырымдай сапар шегіп, әр өңір орталығын аралаймыз. Шахматтан жеткен жетістіктеріміз халықаралық аренада үлкен танымалдылыққа ие болып келе жатыр. Енді аймақтардың қолдауын сезінгіміз келеді. Ұлттың зияткерлік әлеуетін дамыту үдерісіне тек шахматшылар ғана емес, барша жұртшылық, кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы билік өкілдері атсалысса екен дейміз. Шахмат – қарапайым спорт түрі ғана емес. Мысалы, оны мектепте оқыту арқылы біз балаларымыздың дамуына қосымша серпін береміз», – деді турнирдің ашылу салтанатында Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.

Төрешілердің шешімімен I орынды Арлан Абузуаров иеленсе, II орын Фархад Мансұровқа, III орын Ақылбек Жақсылыққа бұйырды. Үш жеңімпаз да Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алды.