Жаңалықтар

Президент тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтініш беру басталды

gov.kz

Мәдениет және ақпарат министрлігі Мемлекет басшысы тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына конкурс басталғаны туралы хабарлады.

2023 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 млн теңгеден 30 грант беріледі. Мақсат – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау.

Конкурсқа 14 жастан бастап, 35 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.

Гранттар 5 бағыт бойынша беріледі:

1) «Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;

2) «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;

3) «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;

4) «Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;

5) «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызық контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.

Үміткерлердің конкурстық өтінімдері биыл 26 қыркүйектен – 26 қарашаға дейін электрон нұсқада t.urpaktary2023@gmail.com поштасы арқылы қабылданады.

Байланыс нөмірі: 8 (7172) 74-12-78.

Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде қабылданады:

1) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурстық өтінім;

2) 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаның сипаттамасы;

3) жоба бойынша (60 секундтан аспайтын) бейнематериал немесе (10 слайдтан аспайтын) презентация;

4) 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шығындар сметасының жобасы;

5) PDF форматындағы зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса);

6) PDF форматындағы жеке куәлік немесе туу туралы куәліктің көшірмесі болуға тиіс.

Толығырақ мына жерден білуге болады.