Жаңалықтар

«AMANAT»: Кеңес мүшелері «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қысқа дайындығына көңілі толмайды

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев өткен қыста алты қазандықтың төртке жуығы апатты жағдайда болғанын, оның ішінде қазандық 150 күнге дейін тоқтап қалғанын атап өтті.

21 қыркүйекте Қарағанды облысында Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің төрағалығымен «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті.

Отырысқа «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, Индустрия және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Кеңес мүшелері – Мәжіліс депутаттары, сонымен бірге бейнеконференц байланыс режимі арқылы филиалдар мен өңірлік кеңес төрағалары, облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Отырыс барысында Кеңес мүшелері «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС, Қарағанды қаласының 3-ЖЭО-да жылу беру маусымына дайындық жұмысының барысымен танысты.

Теміртау қаласындағы ЖЭО-2-де болған кеңес мүшелері жылу беру маусымына дайындық барысы мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атынан инвесторлардың қабылдап жатқан шараларына көңілі толмады. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев өткен қыста алты қазандықтың төртке жуығы апатты жағдайда болғанын, оның ішінде қазандық 150 күнге дейін тоқтап қалғанын атап өтті. Соның салдарынан қалада жылу энергиясының тапшылығы байқалады. Сапасы төмен, арзан көмірді пайдалану бірнеше қазандықтың істен шығуына себеп болды. Инвестор 7-қазандықты биыл қазан айында пайдалануға беруге міндетті болған. Алайда бұл тапсырма уақытында орындалмай отыр. Мерзімі келесі жазға ауыстырылды.

Отырыс аясында бейнеконференц байланыс режимі арқылы еліміздегі 2023-2024 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды.

ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов еліміздің энергетикалық кәсіпорындарының алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы туралы ақпарат беріп, электр қуаты бойынша 10 энергоблокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланғанын атап өтті. Бұл ретте 5 энергоблокта, 23 қазандықта және 20 турбинада түрлі кезеңде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ол өз сөзінде «қызыл аймақта» орналасқан – Астана, Семей, Ақтау, Теміртау, Екібастұз, Жезқазған, Риддер және Арқалық жылу электр стансаларына тоқталды.

Бұл ретте партия хатшысы Ержан Жылқыбаев өз сөзінде жоғарыда аталған облыстардан бөлек, облыстық кеңестердің мәліметі бойынша тағыда екі қала - Кентау және Шахтинскте мәселе туындағанын атап өтті.

Атап айтқанда, Кентау қаласында тұрғындар өткен қыс бойы пәтер іші суық деп шағымданған болатын. Партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов ақпан айының 20-сы күні Кентау жылу электр орталығы ұжымымен кездесуінде қаржы бөлу және бұл мәселені шешуге көмектесу жөнінде тапсырма берді. Ақша бөлінді, бірақ 8 қазандықты қайта құру және жөндеу жұмыстары кейінге шегерілді. Шахтинск ЖЭО-ның №3 қазандығын жөндеу бойынша да жағдай осындай.

Индустрия және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин коммуналдық, әлеуметтік және тұрғын үй секторларының қысқа дайындығы мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, жылу жүйесіндегі күрделі жөндеу мен жөндеу жұмыстарын қоспағанда, барлық білім беру нысандары дайын, денсаулық сақтау нысандары – 99 пайызға, тұрғын үй қоры – 94 пайызға дайын. Сонымен қатар, жылумен жабдықтау желілерінің бойында жөндеу жұмыстарының қарқыны төмен және жұмыстарды уақытында аяқтамауы ықтимал 10 аумақ бар, бұл - Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы.

Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин Қарағанды облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының дайындығы туралы баяндаса, бейнеконференция арқылы Павлодар – Серік Батырғожинов, Шығыс Қазақстан – Нұрымбет Сақтағанов, Маңғыстау – Руслан Бектемір облыстары әкімінің орынбасарлары да сөз сөйледі.

Отырысты қорытындылаған Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында арнайы айтқан бұл мәселенің стратегиялық маңыздылығын атап өтті. «Өткен қыста еліміздің жылу электр стансаларында қайта-қайта істен шықты. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді.

Бұл – Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде аталған мәселеге жүйелі көзқарастың болмауының салдары.

30 жыл ішінде Қазақстанда бірде-бір жаңа жылу электр орталығы салынбаған. 37 жылу электр станциясының 22-сі – жеке, 15-і – мемлекеттік. Жылу электр стансаларының 76 пайызы 50 жылдан астам, қалғаны 30 жылдан астам жұмыс істеп тұр. Жылу электр орталығының негізгі жабдықтарының орташа тозуы 65 пайыздан асады.

Отырыс қорытындысы бойынша өңірлік кеңестерге мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді алмастырмай, қауіп төніп тұрған жылу электр стансалары мен жылу желілерін жөндеу мәселелерін күнделікті бақылауға алу, қажет болған жағдайда Республикалық Кеңеске хабарлауға тапсырма берілді.

Отырыстан кейін Кеңес мүшелері «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС-де болып, Қарағанды қаласының жылу желілерінің дайындығын тексерді. Атап айтқанда, барлық жоспарланған 15 шақырым құбырлар уақтылы ауыстырылды, жылу желілерін қайта құрудың 3 учаскесі бойынша – 12,1 шақырымның 11,3 шақырымы немесе 93 пайызы жоспарға сай қайта жаңартылды.

Қарағанды қаласының ЖЭО-3-те де жылу беру маусымына дайындық бойынша барлық жұмыс уақтылы жүргізіліп, аяқталуға жақын. Биыл 7 қазандық агрегаты мен 3 турбина жөнделді. Күл үйіндісін кеңейту жобасы да жүзеге асырылып жатыр.