Жаңалықтар

«AMANAT» аудан әкімдерін сайлауға дайындалып жатыр

turkystan.kz

Елімізде «AMANAT» партиясының бастауыш партия ұйымдарының (БПҰ) жиындары өтіп жатыр.

«AMANAT»-та биыл әкім сайлауы өтетін қалалар мен аудандардағы бастауыш партия ұйымдарының жиындары өтіп жатыр. Жиын барысында партия мүшелері «AMANAT»-тың аудандық филиалдарының конференциясына делегаттар ұсынады. Конференцияларда әкім лауазымына кандидат ұсынылады.

Елімізде «AMANAT» партиясының бастауыш партия ұйымдарының (БПҰ) жиындары өтіп жатыр. Бұл биыл 5 қарашада өтетін аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлаудың дайындық процесіндегі маңызды кезеңнің бірі саналады. Бастауыш партия ұйымдарының белсенділері «AMANAT» филиалдарының конференциясына қатысатын делегаттарды сайлайды, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын жүзеге асыру мәселелерін талқылайды.

Мәселен, бүгін Маңғыстау облысы Боранқұл ауылында осы ауылдың атымен аталатын БПҰ жиналысы өтті. Аманаттықтар партияның Бейнеу аудандық филиалының конференциясына қатысатын 5 делегатты сайлады. Онда «AMANAT» партиясынан аудан әкімі лауазымына ұсынылатын кандидат айқындалады.

Дәл осындай жиындар еліміздің өзге өңірлерінде де өтіп жатыр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауылында «Камен» деп аталатын БПҰ-ның жиыны өтті. Онда «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының алдағы конференциясына үш делегат сайланды.

«Бұл жиындар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан саяси реформаларды іске асыруда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, мұндай басқосулар «AMANAT» партиясының әр мүшесі өз ауданының болашағы үшін дауыс беруге және ықпал етуге құқылы деген партияішілік демократия қағидатының бар екенін дәлелдейді», – деді партия мүшесі Анаргүл Құспанова.

Айта кетейік, елімізде «AMANAT»-тың 4 мыңнан астам бастауыш партия ұйымына біріктірілген 800 мыңға жуық мүшесі бар.