Тағы да Шоқан хаттары хақында

Тағы да Шоқан хаттары хақында

Тағы да  Шоқан  хаттары хақында
ашық дереккөзі
Қазақтың даңқты ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өміріөз халқына деген шексіз құрметтің үлгісі. Ол әскери білім алса да қазақ халқының тарихын, әдебиеті мен мәдениетін зерттеп, өркениеттен жырақтау жатқан ұлтының болашағы үшін тер төккен тұлға. Оның қағазға түсіруімен сақталып қалған түрлі тарихи деректер, әдеби мұралар ұлт тарихы үшін баға жетпес қазына болып қалды. 1853 жылы Омбы кадет корпусын ойдағыдай бітірген Шоқан Батыс-Сібір генерал-губернаторының адъютанты болып тағайындалады. 1855-1857 жылдары Қазақстан, Қырғызстан және Құлжа өлкесіне жасалған экспедицияларға қатысады. «Үлкен қырғыз-қайсақ ордасының аңыз-ертегілері», «Ыстық көл дәптері» атты тарихи-этнографиялық зерттеулерді табысты жүргізгені үшін 22 жасында П.П.Семенов-Тянь-Шаньский мен Е.И.Ламанскийдің кепілдемесі бойынша Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланады. «Ыстық көлдің шығыс жағалауына саяхат жасап, онда қырғыз даласы туралы бай, географиялық, этнографиялық және тарихи материалдар жинаған поручик Шоқан Уәлиханов императорлық Орыс география қоғамының толық мүшесі болып сайлануын жөн көрдік» – деп жазады олар өз кепілдемесінде. Шоқан орыс зиялыларымен ұдайы араласып, тығыз қарым-қатынаста болды. Оның достарының арасында Г.Н.Потанин, Ф.М.Достоевский, П.П.Семенов-Тянь-Шаньский, К.К.Гутковский, А.Н.Майков, А.Н.Пуриков т.б. болды. Шоқанның олармен 1856-1865 жылдар арасында жазысқан хаттарынан адамға деген құрмет, бауырмалдылық, ілтипат пен сыйластықты яғни гуманистік көзқарасты байқаймыз. 1856 жылдың 5-ші желтоқсанында Шоқан орыстың ұлы жазушысы Ф.М.Достоевскийге жазған хатын: «Құрметті Федор Михайлович!» – деп бастайды.– Өзіңіз кеткеннен кейін сіздің қалаңызда мен бір түнеп, келесі күні ертерек жүріп кеттім. Ол кеш өте көңілсіз болды. Өзім сондай жақсы көретін және өзімді ұнататын адамдармен айырылысу маған өте-мөте ауыр тиді. Сізбен бірге Семейде өткізген біраз күн маған өте көңілді болды, енді менің бар ойлайтыным сізбен тағы бір бас қосу болып жүр. Мен адамның жақсы көңілі мен ықыласын әдемілеп жазуға шебер емеспін, бірақ оның қажеті де жоқ қой деп ойлаймын. Өйткені, менің Сізді мықтап ұнататынымды және Сізді жанымдай жақсы көретінімді әрине өзіңіз де білесіз». Хатта Шоқан өзінің досы Александр Николаевич Пуриков жайлы айтады. «Қадірлі Федор Михайлович, мен осы тамаша адамды сізбен таныстырғым келеді. Сіз оны көрген сайын оған деген сүйіспеншілігіңіз арта беруге тиіс» – деп жазады. Бұл хаттың мәтінінен Шоқанның Достоевскийді қатты қадірлейтінін, жақсы адаммен пікір алысқанының өзі адам жанын байытатынын айғақтайды. Бұл адамды құрметтеудің, бағалаудың жақсы үлгісін көрсетіп тұр. Шоқанның көзі ашық азамат, ғалым болып қалыптасуына орыстың ұлы жазушысы Ф.М.Достоевскийдің ықпалы күшті болды. Шоқан жазушымен алғаш 1854 жылы Омбы қаласында екеуінің ортақ таныстары Ивановтың отбасында кездеседі. Достоевский ол кезде өзінің саяси көзқарастары үшін бірнеше жыл айдауда болғаннан кейін, Семей гарнизонына қатардағы жауынгер етіп жіберілген-ді. «Олардың бір-біріне деген ілтипаты қимас достыққа ұласты, бұл достыққа, олардың жас айырмашылығына қарамастан, екеуі де өмірінің соңғы күндеріне адал болды. Тарих Ф.М.Достоевскийдің саналы өмірін жаңа бастаған әлі жас жігіт Ш.Ш.Уәлихановқа жазған сүйіспеншілік пен туысқандық, достық сезімге толы жан тебірентерлік хаттарын бізге жеткізді» – деп жазады тарихшылар Р.Б.Сүлейменов пен В.А. Мойсеев өздерінің «Шоқан Уәлиханов-шығыстанушы» атты зертеуінде. Шоқан Федор Михайловичке жазған хаттарында тартынбай өзінің жан-сырын ақтарады. Ақыл-кеңес беруін өтінеді. 1856 жылдың 5-ші желтоқсанында жазған хатында: «Омбының толып жатқан өсек-аяңы, өмірі бітпейтін алакөздігі, мені әбден жирентіп болды, мен шынымен-ақ осы жерден біржолата кеткім келеді. Бұл туралы сіз қалай ойлайсыз, кеңес беріңізші, Федор Михайлович, қайтсем тәуір болар екен» – деп жазады. Достоевский болса, 1856 жылдың 14-ші желтоқсанында Шоқанға Семей қаласынан жазған жауабында: «Құрметті досым, сіздің хатыңызды маған Александр Николаевич әкеліп тапсырды. Сіз сондай сүйкімді, жылы сөзбен жазыпсыз, хатыңызды оқығанда өзіңізді көргендей болдым. Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Ендеше мен туралап айтайын, мен сізді жанымдай жақсы көремін. Мен Сізді жақсы көргендей ешуақытта да ешкімді де, керек десе туған аға-інімді де жақсы көрген емеспін, мұның себебін құдай білсін...Сіз менен өзіңіздің қызметіңіз жөнінде ақыл сұрапсыз. Менің ойымша: істеп жүрген жұмыстарыңызды тастай көрмеңіз. Сіздің материалдарыңыз көп. Қазақ даласы жайлы мақала жазыңыз...Сізге Омбыда да, Петербургте де жұрт назар аударар еді. Осы күні қолыңызда бар материалдармен Сіз География қоғамын өзіңізге көңіл аудартқан болар едіңіз де, сөйтіп өз Отаныңызға ерекше пайдалы болар едіңіз. Мәселен, қазақ даласының не екенін, оның маңызын және өз халқыңыздың Россияға қандай қатысы бар екенін Россия халқына түсіндіріп беруші ең бірінші қазақ болу дегеннің өзі нағыз ұлы мақсат емес пе, ең ардақты іс емес пе, оның бер жағында орыстар арасында өз Отаныңыздың ағарту жолындағы іздеушісі болуыңыздың өзі қандай игілікті іс. Европаша толық білім алған ең бірінші қазақ екеніңіз есіңізде болсын. Оның үстіне тағдыр Сізге адамгершілік қасиеттер беріп, Сізді асқан тамаша адам етіп шығарды. Соңдықтан Сізге артта қалуға болмайды. Алған бетіңізден қайтпаңыз, алға ұмтыла беріңіз, керек жерінде тіпті қулық та жасап жіберіңіз. Ал осының бәрі де мүмкін нәрселер, оған кәміл сеніңіз» – деп жазады. Достоевскийдің берген кеңесі нағыз достардың ақылы екеніне имандай сенесіз. Онда ешқандай жалғандық жоқ. Жазушының Шоқанның үлкен талант иесі екендігіне сенетініне иланасыз. Сонымен бірге жүректен шыққан лебізде Шоқанды бағалау бар. Болашаққа мақсат қойып, алға ұмтылып, жемісті жұмыс жасайтынына сенім артып отыр. «Бірдеңе істегеніңіз ештеңе істемегеннен қалай да жақсы ғой» – деп тілектестік білдіреді. Ал, Шоқанның Майковке жазған хатыңда: «Қазақ қарттары маған: ертегі жинайды, өз басына кішілік қылады (мұнысы менің гуманизмім туралы айтқандары) деп сын тағады. Мен нағыз ақсүйек дворянмын және Абылай ханның ұрпағымын ғой. Соңдықтан, әлгіні маған лайық іс емес дегендері ғой» – деп жазады. Халық мұрасын зерттеп, зерделеуді Шоқан ешқашан өзіне ар санаған жоқ. Халқының көзін ашуға бел буды. Тұрмысын жақсартуды ойлады. Ол осы хатыңда: «Жергілікті сұлтандармен және қарадан шыққан байлармен де келісе алмай жүрмін. Өйткені олар өздерінің бұрыңғы құлдарын жаман ұстайды. Бұл құлдар азат етілгенімен де, қайда барарын білмей, сол бұрыңғы қожаларының қолдарында жүр. Мен оларға еңбек ақы төлеңдер және адам сияқты ұстаңдар деп сұлтандар мен байларға талай рет айттым, үйтпесеңдер болмайды деп заңмен қорқыттым...Сібірде бұратана халықтарға, тек ит қосып талатпайды демесеңіз, одан басқаның бәрін істейді». Бұл жерде Шоқан шет аймақтарда жергілікті халықтарға байлар да, патша әкімшілігінің шенеуниктері де адамның қадыр-қасиетін таптайтынын алға тартады. Ал, 1863 жылдың 16-шы қаңтарында К.К.Гутковскийге жазған хатында: «Құдай үшін айтыңызшы, ол мырза, яғни К-и, тағы да Колпаковскийге қосылып алып қазақ даласын азапқа сала берер ме екен? Енді оның әкеме істеп жүрген сұмдығын білсеңіз тұла бойыңыз түршігеді» – деп қауіп білдіреді. Сол жылдың 6-шы ақпанында Гутковскийге жазған тағы бір хатында: «К-и бізге аяусыз соғыс жариялады. Почта келген сайын әкеме сөгіс жариялаған немесе қатаң түрде бұйрық жазылған қағаз келмей қалмайды. Нестеров біздің облыстарға бүйідей тиді, сүйтіп Есенбай әулетін менің әкеме қарсы шығарды. Ерденнің қылықтары туралы бұрын жазғанмын. Тәңірі жарылқасын, айтыңызшы, бұл не деген масқара? Мен тіпті Госфорттың тұсында да мұндай сұмдықтарды естіген емеспін. К-и мен Нестеров ол кезде өте жуас еді. Енді олардың бұл озбырлықты қайдан үйренгенін білмеймін және біз олардың осы қорлығының бәріне қалайша төзе бермекпіз. Биылғы тергеу кезінде К-иге пара бермеген волостной управительдердің бәрі де орындарынан алынып болды, немесе енді алынбақшы...  Менің әкем орнынан босатуды сұрамақшы, ал мен оның бұл пікірін толық қуаттаймын, қайдағы бір К-иге тәуелді болып отырудың не қажеті бар» – деп жазады.(Қараңыз: Шоқан Уәлиханов. Мақалалары мен хаттары. Қазақтың біріккен мемлекет баспасы,-Алматы-1949. 169 б.) Шоқанның бұл хатынан патшаның жер-жердегі шенеуніктерінің озбырлығын, парақорлығын, қызмет үшін қазақты бір-біріне айдап салатын қитұрқы саясатын байқау қиын емес. 1862 жылы Шоқанның денсаулығы қатты сыр бере бастайды. Сырқат оны қатты қажытады. Сол жылдың 15-ші қазанында Достоевскийге жазған хатында ол: «...енді осы күні денсаулығы мендей адамның Петербургте тұруына болмайтындығына өзімнің де әбден көзім жетті.Сондықтан мен Қашқарда консул болғым келеді, ал ол болмаған күнде отставкаға шығып, қазақ арасында сайлаумен болатын қызмет атқарғым келеді. Қашқарда тұрсам мол қаражат алып тұрар едім, ол жердің ауа райы да жақсы, – мүмкін денсаулығым да оңалар ма еді, қайтер еді. Егер мұның сәті түспейтін болса, онда қырым да жаман болмас. Шаруашылықпен, саудамен айналысам, ал сұлтан сайлай қойса, адал чиновник болам және өзімнің ұрпақтарыма олардың сауатсыз, дөрекі сұлтандарынан гөрі көбірек пайда келтіремін. Бір жылдан, не екі жылдан кейін Петербургке барып тұратын боламыз, онда жақсы достармен бас қосып, бірнеше көңілді ойлар айтумен өткіземіз, жаңа кітаптар, жаңа идеялар алып, тағы да көшпелі қазақтар арасына қайтып келемін» – деп жазады. Достоевскийге жазған тағы бір келесі хатында: «Отандастарыма пайда келтірейін, оларды чиновниктерден және қазақ байларының деспотизмінен қорғайын деп бір кезде, сұлтан болсам деп те едім ғой. Сондағы көбінесе, ойлағаным оқыған сұлтанның қандай пайдалы болатындығын жерлестеріме өз ісіммен көрсету еді. Сонда олар шын оқыған адам орыс чиновнигі емес екендігін, орыстың чиновнигіне қарап орыстан алған тәрбие туралы қорытынды жасауға болмайтындығын көрген болар еді» – деп жазады. 1822 жылы патша әкімшілігі шығарған «Сібір қазақтары туралы жарғыға» сәйкес, мемлекетке опасыздық ету, адам өлтіру, барымта алу, өкіметке бағынбаушылық сияқты қылмысты істер қазақтың билер сотының қарамағынан алынып, округтік приказдың қарамағына берілді. Ал, билер соты қазақтың әдет-ғұрып құқығы бойынша қылмыс деп саналатын барлық қалған істерді және ақылы істерді қарайтын болған. 1864 жылдың қысында Омбыда билер сотының реформасын дайындау жөнінде арнаулы комиссия жұмыс істей бастайды. Оның жұмысына көмек беру үшін Батыс-Сібір генерал-губернаторы Дюгамельдің шақыруымен Шоқан Омбыға келеді. Осы комиссияға 1864 жылдың 28-ші ақпанында жазған «Сібір қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы запискасында» Шоқан: «Билер сотының қазақтар үшін ең қолайлы болатын себебі, бұл сот жөніндегі жалпы жобаның басқа статьялары көшпелі елдің тұрмыс салтына лайықталмаған. Мәселен, қазақтардың орыс заңы бойынша сотталуы мүмкін емес. Мұның мәнісі өте түсінікті. Біріншіден, тұқымы басқа, тұрмыс жағдайлары, өскен ортасы және стихиясы басқа қазақтардан қылмысқа және теріс қылықтарға көзқарасын, оларды түсінуін орыстармен және басқа европалықтармен бірдей болсын деп талап етуге болмайды, ал одан соң, тергеу кезінде қазақтар орыстармен қатар, заңды білмедік деп айта алмайтын болса да, қазақтар орыс заңдарын білмейді және біле де алмайды. Орысша бір ауыз сөз түсінбейтін қазақ орыс заңдарын білмедік деп айта алмайды! Міне бұл, әрине, қытайшылдық. Бұған қарағанда, біздің үкіметіміз, біле тұра, өзінің қол астындағы азаматтардан мүмкін емес нәрсені әбден мүмкін нәрседей талап ететін тәрізді. Халық үшін оның өзіне көбірек таныс заң жақсы болатындығында ешбір күмән жоқ. Адамның әбден бауыр басып үйреніскен заңы, оның селбеуімен өсіп, тәрбие алған заңы, ол заңның қаншалықты кемшіліктері бола тұрса да, оған сырттан әкелінген немесе жоғарыдан әкеліп таңылған нағыз әділ заңдардан да жақсы, түсінікті және айқын болып көрінеді...Орыс Правдасындағы орыс заңдарына қарағанда қазақтардың дағдылы заңының адамгершілік жақтары көбірек. Тіпті Европаның жаңа заңдарында да толып тұрған қорқытып-үрейлендіру шаралары қазақ заңдарында жоқ. Қазақтарда дүре соғып жазалау ешқашан болған емес. Ал руласы үшін туысқан ағайыны жауап беретін ру заңдары, ру қарым-қатынастары тұсында, іс жүзінде көп пайда келтіреді. Істі өз ұйғаруы бойынша алып қарау да қазақ билерінің қолдануына қолайсыз. Бұл право қазақ биін, қазақ судьясын «бидің билігін» көбірек алу үшін өте-мөте мін таққыш етіп, оны полициялық тыңшыға айналдырып жіберген болар еді, ал үкімді орындауға қатынасу биге белгілі бір дәрежеде әкімшілігін пайдалануға мүмкіндік берген болар еді. Бұл сияқты қисынсыз қылықтар билер сотының негізгі идеясына қайшы келеді. Бұл айтылған фактілер мен дәлелдерден мынаны көруге болады: 1) Орыс губернияларына арналып жобаланған бітім сотының басты негіздері, көп реттерде, қазақ халқына қолдануға тіпті келмейді. 2) Қазақтардағы қазіргі билер соты, оларда ру тұрмыс-салты және ру қарым-қатынастары үстем болып тұрған кезде, халықтың өзі тікелей қатынасып жасап шығарған нәрсе есебінде, халықтың дамуына толық сай келеді. 3) Бітім сотына қарағанда билер сотының бірсыпыра артықшылықтары бар; бұл, басқасын былай қойғанда, қазақтар үшін, әйтеуір, осылай. 4) Сот реформасы туралы пікір жинаған кезде қазақ халқының көпшілігінің, бұқарасының тілегі билер сотын ешбір өзгеріссіз және қосымшасыз, ертеден келе жатқан түрінде сақтау жағында болды» – деп жазды. Осылай билер сотын жақтай отырып Шоқан «Белгілі бір жаңалық енгізіліп, одан кейін оның бойға сіңіп сақталып қалуы үшін ол реформа, сол арқылы пайдасы көзделіп отырған қоғамның азаттық мұқтаждарына сәйкесіп, ұлттық сипатына бейімделуі керек. Бұл жағдайдан тыс енгізілген жаңалықтардың бәрі де сөзсіз зиянды болады, сөйтіп қисынсыз қолданылған құбылыс есебінде ем қомбайтын қоғамдық дерт, теріс лағушылық туғызады» – деп өз пікірін білдірді. Әрине, Шоқан Уәлиханов патшалық Ресейдің Қазақстанды билеген тұсында өмір сүрді. Сондықтан оның хаттарында бүгінгі күн тұрғысынан келгенде пікір таластыратын мәселелер де жоқ емес. Бірақ, сол отаршылдық кезеңде өмір сүрсе де ол туған халқын білім мен ғылымға сүйреп, ағартушылықпен айналысты. Сырқаты меңдесе де қысқа ғұмырында қомақты зерттеулер жазып, ірі шығыстанушы болып қалыптасты. Ең бастысы ол адамды шен-шекпеніне қарап емес, бойындағы адами қасиеттерге қарап бағалады. Ол дүниеден қазақ елінің азат болуын аңсап өтті.  

Нұрлан Есенов,

тарих ғылымдарының кандидаты

Тараз қаласы