Жаңалықтар

Ең кедей тұрғындар Қазақстанның қай аумағында тұрады?

sputnik.kz

Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 177,8 мың отбасы бар.

Биыл жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 177,8 мың отбасы бар. Бұл отбасыларда 1 млн адам өмір сүреді, көрсеткіш бір жылда 4,7% көбейген, деп хабарлады turkystan.kz ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Қалаларда 88,6 мың осындай отбасында 455,7 мың халық болса, ауылдарда - 89,2 мың отбасы бар, онда 560,8 мың адам тұрады.

«Табысы азық-түлік себетінен артылмайтын отбасына келетін болсақ, олардың саны 9,4 мың - былтырғыдан бірден 2,6 есе көп. Бұл елдегі барлық отбасының 0,3%-ы. Онда 59,5 мың адам өмір сүреді. Қалаларда 24,2 мың халқы бар 4,2 мың осындай отбасы, ауылдарда 35,2 мың халқы бар 5,2 мың отбасы тіркелген», – делінген хабарламада.

Өңірлік бөліністе табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасылардың ең көп саны Түркістан облысында тіркелді: 27 мың — бір жыл бұрынғыға қарағанда 1,3%-ға аз. Оларда 207,7 мың адам тұрды, 4,8% азайған.

Алматыда осындай отбасында 98,1 мың адам, Шымкентте 76,8 мың адам тұрады.

«Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылары ең аз өңір Ұлытау облысы: 1,6 мың — былтырғымен салыстырғанда 86,8% көп. Онда 9,9 мың адам тұрады», – делінген хабарламада.

Биыл жылдың екінші тоқсанындағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің орташа шамасы жан басына шаққанда айына 47,9 мың теңгені құрады — бұл былтырғымен салыстырғанда 11,1% артық. Сонымен бірге, тұтынуға пайдаланылған кірістер 88,4 мың теңгеге жетіп, бір жылда 15,4% өсті.