«Кешіре гөр, бізді»: Бағлан Әбдірайымов Қайназаровтың соңғы әнін жариялады
Жуырда кісі қолынан қаза тапқан танымал ақын, композитор Арман Қайназаровтың соңғы әні жарияланды.
Марқұмның соңғы туындысын әнші Бағлан Әбдірайымов Instagram-дағы парақшасында бөлісті.
«Арман Қайназаровтың соңғы әні екен. Жаның жәннатта болсын. Бізді кешіре көр, қадіріңе жете алмадық. Алладан мейірім тілеп, дұға жасап қойыңыздар. Кісі қолынан қаза тапты» деп жазды ол.
«Жаман ойлар мазалайды жанымды. Жаным талай ойға еріп жаңылды.
Арылмаған азаптың дәмін таттым ұзақ тым. Қайғысына көндім бір сәт тозақтың.
Жаман сезім жаулағандай бойымды. Жүрегімді жаралады ой мұңды.
Бәрі болды өзімнен, алыс кетіп жүзіңнен. Бұл өмірге алаңдаған көзіңнен,
Қиналғанда тек өзіңді іздедім, неге? Айтшы маған, Тәңірім. Қандай менің өмірім?
Сенсіз өткен мағынасыз әр күнім, арам ойдан арылдым ба, білмедім.
Бар білерім, әке сөзін сермедім. Шектім соның зардабын, жоғалғандай арманым.
Білмегендей бұл өмірдің жалғанын, жан-дүнием сөздеріңе шөлдеген.
Рухым бірақ тірі, әлі өлмеген. «Әке» дейді дауыстап, алақаныңнан ұстап,
Өлі сезім, мәнсіз ойларды тастап», - деген өлең жолдары бар соңғы әнінде.
Айта кетейік, Арман Қайназаров 4 қыркүйекте Шаңырақ шағынауданындағы кафе маңында жігіттермен төбелесіп қалған. Сол күні жансақтау бөліміне түсіп, кейін комаға түскен. 19 қыркүйекте ол қайтыс болды.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде Арман Қайназаров есімді жігіттің аянышты жағдайдағы видеосы кең тарап, үй-күйсіз жүргені белгілі болған еді. Кейін сазгерге көмек қолын созған жандар да табылды.
Ол – Ұлықпан Жолдасов, Қыдырәлі мен Қарақат, Абай Бегей сынды әншілердің орындауындағы әндердің авторы.