Ризабек Айтмұхан: Ендігі меже – Олимпиада чемпионы атану
Ересектер құрамасына биыл ғана өткен 19 жастағы Ризабек еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Еркін күрес балуандары тәуелсіз Қазақстан тарихында әлем чемпионатының жалпы саны 16 жүлдесін иемденген. Оның бесеуі – күміс, қалғаны – қола жүлделер. Алайда, отыз жыл бойы құрама намысын қорғаған балуандардың ешбірі алтын ала алмай жүрген еді.
Екі күн бұрын Белградта күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында 92 келіге дейінгі салмақта күрескен Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ересектер құрамасына биыл ғана өткен 19 жастағы Ризабек еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Еркін күрес балуандары тәуелсіз Қазақстан тарихында әлем чемпионатының жалпы саны 16 жүлдесін иемденген. Оның бесеуі – күміс, қалғаны – қола жүлделер. Алайда, отыз жыл бойы құрама намысын қорғаған балуандардың ешбірі алтын ала алмай жүрген еді. Ризабек отыз жыл күткен алтынды уысына түсіру үшін салқынқандылық танытып, сабыр танытқанын айтады. Қазақстанға қайтуға дайындалып жатқан Ризабекпен жолға шығар алдында сұхбаттасқан едік.
– Бозкілемнен түскен бойда берген сұхбатыңда «Тарихи жүлде иеленгенімді әлі сезіне алмай тұрмын. Бәлкім, бір-екі күн өткен соң мұны байыбына жетіп түсінермін» деген едің. Белград төрінде атой салғаныңа екі күн өтті. Шынымен бұл жүлденің ел тарихындағы баға жетпес медаль екенін сезіне алдың ба? – Расымен екі күн бұрын ұтып алған жүлдемнің маңызын онша түсінбейтінмін. Дұрыс сезіне алмадым. Алайда осы екі күн ішінде әлеуметтік желілер мен отандық БАҚ беттеріндегі суретім мен қуанған сәтім таспаланған видеоларды, қарша борап жатқан пікірлерді оқып, бірте-бірте сезіп жатырмын. Қазақстаннан бәленбай мың шақырым алыс жерде жатқан қазақстандықтардың қуанышын көріп, көңілім босап жүр. Ал Қазақстанға барсам, тіпті қуаныштан жарылып кетермін (күліп). Айналамдағылар «Сен – қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионысың! Арада тіпті 200, 500 жыл өтсе де, сені ел ұмытпайды. «Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы кім?» деп әлдебіреу сұраса, өскелең ұрпақ «Ол – Айтмұхан Ризабек!» деп мақтанып айтатын болады» деп желпіндіріп, бұл жүлденің маңызын түсіндіріп жатыр. Шынымды айтсам, эмоциямды сипаттауға сөз таппай тұрмын. Өте қуаныштымын! Бастапқыда жай көрінгенімен, бүгін расымен арада қанша ғасыр өтсе де, менің аты-жөнім Қазақстан тарихында алтын әріппен жазылатынын түсіндім. Нұрлан Бекзат, Нұрқожа Қайпанов ағаларымыз әлем чемпионатында күміс жүлде алған-тын. Олар да менің жетістігіме қуанып «Бауырым, біз бұл байрақты бәсекеде күмісті де, қоланы да алдық. Алайда Қазақстанға керегі – алтын жүлде. Алтын медаль алып, атыңды алтын әріппен жазған сенің орның әрқашан бөлек» деп тілектестігін білдіріп жатыр. Осындай жетістікке жеткеніме қуаныштымын! – Сөз саптауыңа қарап, жас бала емес, қалыптасқан маман дерсің. – Көбі сіз секілді ойласа керек. Әрі қазір көпшілік мені 23-25 жаста деп жазып жатыр екен. Мен 19 жастамын. Ал сөз саптауымды сөз етсем, мен атамның тәрбиесін көріп, тағылымын көп естіген балуанмын. Содан соң камера алдында сөйлеуге бұрыннан машықтанып жүрмін, себебі мен оқушы кезімнен медиа маман болуды армандайтынмын. Өз-өзімді дамыту үшін түрлі подкаст қарап, кітап оқимын. Сондықтан көпшілікпен оңай тіл табысамын. Көп араласамын. – Көпшілік жасыңнан бөлек, туған жеріңді шатастырып жазып жатыр. Алматы қаласындағы колледжде оқитындықтан сені Алматы облысының тумасы деп айтып жүр. Анығында? – Анығында мен Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданына қарасты Кішкенекөл ауылында дүниеге келгенмін. Бұрын Қызылту деп аталған ол ауыл Ресеймен шекаралас жерде орналасқан. Біздің ауылдан жүз сексен шақырым жерде Омбы қаласы жатыр. Отбасымда алты ағайындымыз: үш ұл, үш қыз. Мен үйдің үлкенімін. Ата-анам сол ауылда тұрады. Әкем кезінде күреспен айналысқан. Қазір мені жарысқа баптап, жеке бапкеріммен бірге қасымда жүр. Әкем демекші, әкем мені күреске қинап, күштеп апарған еді. Ол уақытта менде онша құштарлық болмады. Содан соң өзі жаттықтырып, жарыстарға қатыстыра бастаған соң, бірте-бірте менің де қызығушылығым ояна бастады. Бастапқыда жеңімпаз атанбасам да, екінші, үшінші жүлделі орынға ілігіп жүретінмін. Бір күні әкем «Чемпион болу үшін бізге өсу керек. Ауылда өз күшімізбен өсе алмаймыз. Бізге спорт мектебіне бару қажет» деген шешім қабылдап, ауылда жаттығып, әрі орта мектепте оқып жүрген інім екеуімізді қалаға апармақ болды. Сөйтіп, артынып-тартынып, Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт-интернатқа оқуға құжат тапсыруға келдік. Алайда бірінші жылы бізді қабылдамай қойды. Екінші жылы қайтадан барып құжат тапсырып, інім екеуіміз онда оқуға түстік. – Осыдан төрт жыл бұрын Астанада өткен әлем чемпионатында ерікті болып жұмыс істепсің. Тіпті, үзіліс кезінде бозкілемді тазалаған сәтің таспаланған. Сол кезде спорт интернатта оқып жүр ме едің? – Иә, сол кезде спорт интернатта 9-сыныпта оқимын. 15 жастамын. Интернатта оқитын бір топ баланы әлем чемпионатына ерікті қылып жұмысқа алды. Сол чемпионатта финалда біздің Дәулет Ниязбеков пен ресейлік балуан Гаджимурат Рашидов белдескен болатын. Сол екі мықтының белдесуі алдында бозкілемді сүртіп жатқан кезім таспаланып қалыпты. – Сол әлем чемпионатында ерікті болып жүргеніңде әлемнің әр бұрышынан келген балуандардың өнерін тамашалап, «Мен де осы балуандар секілді әлем біріншілігінде атой салсам ғой» деген ой сенде болмады емес, болған шығар? – Әлбетте. Сол чемпионаттан соң әлем чемпионатында күресу менің де қолымнан келетінін түсіндім. Бастысы – еңбек етсең болғаны. Содан соң Құдайыңа және өз-өзіңе сенуің қажет. Мен мұны сол жарыстан соң жете түсіндім. Сөйтіп, төрт жыл тапжылмай еңбектендім. Жастар құрамасына (20 жасқа дейінгі) қабылдандым, сосын 23 жасқа дейінгі жастар құрамасына қосылып, Қазақстан чемпионы атандым. Бір қызығы, 20 жасқа дейінгі жастар арасында чемпион атанып көрмеппін. 2022 жылы жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатының финалында қарымды қарсыласыма есе жібердім. Араға бір ай салып, 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы ел чемпионатына қатысып, финалда бір ай бұрын жеңіліп қалған сол қарсыласыммен белдесуім керек еді. Алайда ол жарақатына байланысты күресуден бас тартты. Сөйтіп, ел чемпионы атанып, Азия чемпионатына іріктелдім. Онда Алланың қалауымен чемпион атандым. – Сосын биыл ақпан айында Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында тағы жеңімпаз атандың. Ересектер құрамасына өте сала бұл салмақта бұрыннан күресіп жүрген тәжірибелі балуандардан айлаңды асыра білгеніңе таңмын. – Негізі, мен ересектер арасында белдесуді алдыңғы жылы қарашада Қонаев атамыздың құрметіне орайластырған турнирде бастағанмын. Онда күміс жүлдені місе тұттым. Сол кезде ересектер арасындағы жарыстың анау айтқандай айырмашылығы жоқ, керісінше көп балуан жастардан сескенетінін байқадым. Сөйтіп, үш ай дайындалып, биыл ақпан айында Алматыда ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, жеңімпаз атандым. Содан соң Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасында барлық қарсыласымды 10:0 есебімен айқын басымдықпен ұттым. Сол кезде ағайлар «Ризабек дайындал. Сен бірінші нөмірсің. Азияға да, әлем чемпионатына да сені баптап апаруға тырысамыз» деп, менің салмағымда әлемдік деңгейде күресіп жүрген менен басқа ешкім жоқ екенін айтып, қанаттандырып қойды. Осыдан кейін Астанада ересектер арасында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткіздім. Келесі меже – жастар арасындағы әлем чемпионаты болды. Жеке бапкерім Еркебұлан Кешірбаев «Тарих жасайық. Жастар арасында әлем чемпионы атануға әлеуетің бар. Ересектермен мықты күрестің. Енді жастарға шамаң жетеді» деп бар ақылын айтты. Сөйтіп, осы тамыз айында Амманда (Иордания) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалына сүрінбей жеттім. Ақтық сында ирандық балуанға қарсы белсенді күрестім, бірақ бір ұпай айырмасымен жеңіліп қалдым. Ақырында тарих жасауға бір қадам жетпей қалды. Бізде жастар арасындағы әлем чемпионаттарының күміс жүлдесі көп, алайда алтын ала алмай жүргенімізге жиырма жыл болған. Сол кезде жастар арасында әлем чемпионы бола алмадым деп қатты жылағанмын. – Есесіне, араға бір ай салып, ересектер арасында әлем чемпионы атандың! – Соны айтсаңызшы! Берген нәрсенің бір қайыры бар, бермеген нәрсенің мың қайыры бар. Араға бір ай салып, ересектер арасында әлем чемпионы атағын әрі Қазақстан тарихында теңдесі жоқ жүлдені иелену бұйырып тұр екен ғой! Белград төрі маған құт қонған төр болды. Негізі, қарсыластарым оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Әсіресе, ширек финалда күрескен түрік балуанын қатты ұтқым келді. Өйткені ол түрікке екі рет 10:0 есебімен ұтылғанмын. Ал осы жолы мен оны айқын басымдықпен сұлаттым. Содан соң, әлбетте, финалда әзербайжандық балуанға қарсы күресу оңай болмады. Біріншіден, финалдың аты финал. Екіншіден, ұтсаң, тарихта қаласың, ұтылсаң, күміс жүлдені арқалап, елге қайтасың. Ал бізде күміс көп. Алтын жоқ. Жауапкершілік салмағы зіл батпан.
– Әдетте, ірі жарыстарда іріктеу кезеңдері мен финалдық кездесулер бір күнде өтетін еді. Балуандардан «Бір күнде ет қызумен бірнеше белдесуге шығып, бабымызды келтіріп алғанға осы қолайлы» дегенді талай рет естідім. Ал бұл жолы Белградта финал келесі күнге шегерілді. Бір күн ішінде мың ойға маталып, жанып кетпей, өз бабыңды жоғалтпауға кім, не көмектесті? – Бұл жағынан тәжірибем бар десем болады. Астанада ересектер арасында өткен Азия чемпионатында біздің құрама төрт бірдей алтын алып, тарихи жетістікке қол жеткізген еді. Ал мен финалда жапон балуанымен күресе алмай, күміс жүлдені еншіледім. Мен сол кезде төрт сағаттың ішінде «күйіп» кеттім. «Өз елімде өткен жарыста Азия чемпионы болсам» деген ой мені жібермей қойды. Ақырында финалда аяғым жүрмей қойды. Күресе алмай қалдым. Ал Белградтағы финалда Астанада жіберген сол психологиялық қателігімнен сабақ алып, көп ойланбауға тырыстым. Қазір телефон шұқыласам, әр адамның айтқанына құлақ түрсем, жан-жағымды тыңдасам жанып кететінімді түсіндім. Сөйтіп, әкемнің, бапкерімнің айтқанын тыңдап, бабымды ұстауға тырысып-бақтым. Бапкерім «Тарих тарихымен, бірақ сен мұны жүрегіңе жақын қабылдама. Сен онсыз да батырсың. Өз ісіңді жаса. Әрі қарай бабың мен бағың қатар шабар. Тіпті, ұтылатын болсаң да, өкінбейтіндей ұтылшы. Бар күшіңді сарп ет. Бозкілемде құлап қалсаң да, біз сені көтеріп аламыз. «Уыста тұрған алтынды жіберіп алды» деп біреу ұрысады-ау, жек көріп кетеді дегенді тіпті де ойыңа алма» деп айтты. Әкем «Балам, сен мен үшін чемпионсың. Бар өнеріңді ортаға сал. Бұл қайталанбас сәт. Сондықтан «Неге бұлай істемедім?» деп өкінбейтіндей, бар күшіңмен күрес» деп рухтандырды. Сондықтан салқынқандылық танытып, бар назарымды қарсыласыма аударуға тырыстым. Бес минут бойы белсенді болуға тырыстым, бірақ әзербайжандық балуан әдіс жасауға мұрша бермеді. Дегенмен бозкілемге шыққанда жеңіс менікі екенін сездім. Кездесудің аяқталуына отыз секунд қалғанда қарсыласып, екі ұпай жинап, жеңіп кеттім. – Сол кезде сені балуандар қалыптастырған дәстүр бойынша Туды арқаңа жауып, бозкілемді айналып жүгірер деп күттік. Алайда сен жеңіске жеткенде аренада Ту таба алмағанын естіп-білдік. «Ту қайда?» деп ренжігендер де болды. – Иә, бізде Туды ұстап, айналып жүгіретін ерекше дәстүр бар. Мен әлі күнге дейін не үшін солай болды деп ойланамын. Дегенмен Алланың жазғаны солай болды. Алла маған көк Туымызды тағы да желбірету үшін екінші рет әлем чемпионы атанасың немесе Олимпиада жеңімпазы атанасың деген белгі беріп тұрса керек. Құдай қаласа, сол кезде бозкілемді қайта-қайта жүгіріп өтемін. Дегенмен Белград бозкілеміндегі тарихи жеңістен соң, айналып жүгіре алмағаныма өкінемін. Сол кезде бұл сәтті сезіне алмағаныма жыладым. Қазақстан тарихында тұңғыш әлем чемпионы атанып тұрып, неліктен Туды көтеріп жүгіре алмаймын деген өкініш болды. Біреулер қобалжып ұмытып кеткен болар. Бәлкім, біреулер сенбеген шығар. Нақты себебін білмеймін. Есіме де алғым келмейді. – Алла қаласа алда өтетін байрақты бәсекелерде көк Туымызды талай рет көтеріп жүгірерсің! – Бұйырса! – Сенің салмағың Олимпиадалық салмақ болмағандықтан бұл чемпионатта Олимпиада жолдамасы сарапқа салынбады. Келесі жылы Парижде өтетін төртжылдықтың басты додасына іріктеу турнирлердің де ауылы алыс емес шығар? – Мен 92 келіден олимпиадалық салмақ саналатын 97 келіге ауысамын. Маған тек Олимпиаданы ұту қалды. Сосын ересектер арасында Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанғым келеді. Ал Олимпиадаға іріктеуді сөз етсем, жолдама ұтып алу үшін келесі жылы өтетін Азия чемпионатына және әлем чемпионатынан кем түспейтін әлемдік турнирге қатысу қажет. Алайда, ол үшін алдымен ел ішіндегі турнирде іріктелу керек. – Әлем чемпионы деген атағың бар. Сен ол маңызды жарыстарға іріктеусіз-ақ баратын шығарсың. – Жоқ, бұл салмақта бәсеке мықты. Әр жарыс сайын өзіңнің лайық екеніңді дәлелдеуің керек. Мен кішкентайымнан өзімді дәлелдеп үйреніп қалғанмын. Сондықтан тағы да өз бабымды көрсетуге тура келеді. Осы қыста Олимпиадаға іріктеу турниріне баруға мүмкіндік беретін Қазақстан чемпионатында күресемін. Әлем чемпионы болғанымен, басқа балуандардан артықшылығым жоқ. Бұл – спорт. Бәрімізге бірдей мүмкіндік беріледі. Мені іріктеусіз жібере салса, бұл салмақта күресіп жүрген балалардың бетіне қарай алмайтын едім. Онда олар не үшін сонша тер төгіп, еңбек етеді? Белградта өткен бір турнирде жеңіп келді екен деп, олардың жолын кесіп кете алмаймын. Ол дұрыс емес. – Бір салмақта белдесетін, Көк туымызды көкке көтергісі келетін, өкшеңді басып келе жатқан балуандардың еңбегін бағалайтын сен секілді балуан көп болсын! – Мен сізге мынаны айтып кетейінші. Әр спортшының қилы тағдыры бар. Күрес түрін таңдағандар күрестен басқа ештеңені білмейді. Күрес деп оянады, күрес деп ұйықтайды. Мысалы, менің жоғары білімім жоқ. Мен тек күресе аламын. Солайша нәпақа тауып, күн көремін. Күресуді ғана білемін. Менің салмағымда күресетіндер де дәл солай. Олар да мен секілді ауылдан шыққан қарадомалақ балалар. Мен секілді ата-анасының, мұқым халықтың сенімін ақтағысы келетін атлеттер. Сондықтан бәріне бірдей мүмкіндік берілуге тиіс. Әрі-беріден соң, іріктеу жарыстары – сынақ ғой. Бұл сынақтан өтсең, келесі белесті бағындырасың. Ал өтпесең, осалдық танытасың. Мен өзім іріктеуге қатысқым келеді. Әділетті болғанын қалаймын. – Кешегі тарихи жеңісіңнен кейін көп спортшы сенің орныңда болып, көп жастың сенен үлгісі алғысы келетіні анық. Оларға не айтар едің? – Бір кеңесім болсын. Қазіргідей заманда бұғанасы қатаймаған, еңсесін тіктемеген жастарды түзу жолдан тайдыратын фактор көп. Шылым шегетін, есірткімен дос болатын, ішімдікке әуес жастар жетерлік. Мұндай күйге түспес үшін жастарға спортпен айналысыңдар дегім келеді. Еңбек еткен адам жолдан таймайды. Сен өз өміріңе жауаптысың. Содан соң ата-анаңның, отбасыңның асыраушысы ретінде өзгелердің өміріне жауапты боласың. Дені сау, салауатты ортада жақындарыңмен күліп-ойнап жүргенге не жетсін! Қазір ата-аналарын құрметтемейтін жастарды көп көремін. «Өзім білемін», «Мені не үшін тудың онда?» деп дікеңдеп тұратындар қаншама? Қалаға көшіп келгенде ерке, шолжаң балалардың қиындыққа шыдамайтынын байқадым. Олар бір кедергі кезіксе болғаны, морт сынып қалады. Сосын тұңғиыққа батып, далада қалады. Сол үшін айтарым, еңбектеніңіздер. Еңбек бәрін жеңеді. Бапкерім маған «Ризабек, еңбек ақталады. Қара да тұр. Бүгін болмаса ертең ақталады» деп талай рет айтқан. Құдай ниетіңе қарай несібеңді береді. Бастысы, ниетің дұрыс, пиғылың ақ болса болғаны. – Әңгімеңе рахмет! Дегеніңе жет!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ