Қарусыз майдан құрбандары
Бір ойыншының орташа қарызы – 10 млн теңге шамасында.
Елімізде 350 мыңнан астам адам құмар ойынға тәуелді. Кей деректерде әрбір бесінші жас азамат құмар ойын ойнайтыны көрсетілген. Бұл шамамен бір миллиондай адам. Ал бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңге шамасында. Осы сандарға қарап-ақ мәселенің ауқымы мен өзектілігін бағамдауға болады.
Талайдың санасын улап, қалтасын қаққан құмар ойынға құныққандарға Мемлекет басшысы да назар аударып, жас ұрпақты зиянды әсерден қорғап, мәселені шешу үшін жаңа әдістерді қолдану қажетін айтқан болатын. Өткен аптада өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Президент құмар ойынға тәуелділік мәселесін қарастырды.
– Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс. Барлық қаржы қозғалысын қадағалап, заңға қайшы әрекет анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау маңызды, – деді Қ.Тоқаев. Президент осы жаман әдетке жастардың тым әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды, салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ойын бизнесі саласындағы қаржылық және басқа да құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жандандыру қажет екенін айтты.
Жарнаманы жүгендеу керек
Лудомания мәселесі биыл Парламентте де бірнеше мәрте көтерілді. Халық қалаулылары букмекерлік кеңселерді жарнамалауға қатысты заңнамалық шаралар қабылдауды ұсынған болатын. Елімізде «Жарнама туралы» қолданыстағы заңда казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынған. Алайда букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тікелей тыйым жоқ. Сондықтан олардың жарнамасы жер жарып тұр, сәйкесінше «тұтынушылары» да көп. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Мәжілістің қарауына ойын бизнесінің жарнамасын шектейтін заң жобасы ұсынылатынын және осы бағытта қандай бастамалар жүзеге асырылып жатқанын айтып берді.
– Лудомания наркоманиядан да қауіпті дертке айналды. Олармен күресті мемлекеттік деңгейде жүргізбесек, ертең кеш болады. Ол үшін біріншіден, заң жобасы қабылдануы керек. Заң аясында құмар ойын бизнесінің жарнамасына толықтай тыйым салсақ, жаңа лудомандар пайда болмайды. Екіншіден, лудоманияның қаупін біз БАҚ арқылы, әлеуметтік желілер арқылы айтудан жалықпауымыз керек. Күн сайын нақты мысалдармен жастарға оның қаупін көрсетіп отырсақ, біраз азамат түсінеді, ойын ойнауын тоқтатады. Бір сөзбен айтқанда, лудомандардың бойын үрей билеуі керек. Үшіншіден, бұл дертті түбірімен жою үшін бізге әлі өте көп жұмыс істеу керек. Сондықтан осы мәселенің күрмеуін қазірден бастап шеше бастасақ, оң нәтижеге қол жеткізетінміз анық, – деді халық қалаулысы. Депутат Руслан Берденов интернетте құмар ойындарды бұғаттау үшін интернет-контентті шектеу бойынша ең озық жүйелердің бірі ретінде Қытай Халық Республикасының тәжірибесін зерделеу қажет екенін айтады. Оның айтуынша, әр ойыншыға тек бір ғана ID нөмір ашқызуға рұқсат беру керек. «Кейін оны зейнетақы қорындағы шотымен байланыстырып, белгілі бір сомаға дейін шектеу орнату қажет. Сонда ғана оқушылар, табысы жоқ жандар бәс тіге алмайтын болады, – дейді депутат.
Дүниежүзілік тәжірибеде адамдар құмар ойынды лимит арқылы ойнайды. Мысалы, айлығының 10 пайызын ғана ойнай алады, ары қарай лимиті бітеді. Қанша қаласа да ойнай алмайды. Әнші Бағлан Әбдірайымовтың айтуынша, букмекерлік кеңселер мен казинолар жабылған күннің өзінде, ғаламторда түрлі ойынның «қармағына» түсу оңай. Сондықтан да, бір ғана заң адамдарды бұл «кеселден» айықтырмайды дейді ол.
– Казино, букмекерлік орталықтар жабылсын дейміз. Алайда интернет ойындарға қалай тұсау салуға болады? Эфирден көрсетіп жүрген жарнама ше? Қолдағы телефонмен талай адам былыққа батқаны ше? Мен білмейтін түрі қанша? Мақұл, бәрі жабылсын! Жоқ болып кетсін. Ал, карта ойыны ше? «Ази», «Белка» деген де ойын бар ғой. Нарды ойнау азарт емес пе? Оны қалай қойдыртасың? Ол жерде де бәске басын тігіп, айырылып қалғандар аз емес. Сонда не болды? Шанс жоқ па? Шанс бар! Әркім өзінен бастау керек. Құмар тек құмар ойынмен шектелмейді. Адам өзі жақсыға да, жаманға да құмар. Өз таңдауы. Әйтпесе саудың асын ішіп, жындының қылығын жасай ма адам? Құмар ойынның құрдымына кеткендердің бәрінің мақсаты – ақша табу. Сыздауықтың өзегін алғандай ғып әр адамның тамырына үңілсең өзіндік себебі бар. Сол өзекті түбімен қопарып, іріңнен жазылмайынша бәрі бекер, – дейді өнер иесі.
Құмар ойын және қылмыс
Елімізде құмар ойындарының ресми айналымдағы ақшалай көлемі 1 трлн-ға жетеді деп отыр. Ал еліемізде бейресми айналымның өзі 1 трлн-ға жақын екен. Бұл – біздің мемлекеттің жылдың бюджетінің 10 пайызы. Құмар ойын – табысты саланың бірі. Сондықтан оны жойып жіберу мүмкін емес дейді мамандар. Мәселен, былтыр елімізде ойын бизнесінен бюджетке 16 млрд теңге салық түскен. Бұдан бөлек, букмекерлік кеңсе қызметімен айналысуға рұқсат берілген компаниялар мемлекетке 93 млрд теңге салық төлеген. Былтыр құмар ойындар мен ұтыстарды ұйымдастыру қызметінің көлемі 553,6 млрд теңге болған. Бүгінде елімізде ойын бизнесінде 50 ұйым заңды түрде жұмыс істейді. Атап айтсақ, 26 букмекерлік кеңсе, 6 казино, ойын автоматы қойылған 10 зал, 8 тотализатор, сондай-ақ 2 500-ге жуық бәс тігу пункті бар. Бір жылдың ішінде заңсыз құмар ойындарының белгісі бар 2 416 сайт бұғатталған. Былтыр елімізде заңсыз 46 ойын алаңы, 2 казино, 110 ойын терминалдары, 52 процессор, 50 монитор, чиптер және 3 млн теңге көлеміндегі қолма-қол ақша тәркіленген. Бұл іске қатысты Астана экономикалық тергеу департаменті 9 қылмыстық істі тіркеген. Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов «Стоп игра!» деп аталатын іс-шарасының нәтижесінде жалпы жыл басынан бері 3,5 мыңға жуық компьютер, техника, покер үстелдері секілді затты айғақтар мен 7,2 млн теңгеден астам қолма-қол қаражат тәркіленгенін мәлімдеді. Бүгінде құмар ойын адам баласына бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Әсіресе, TikTok желісінде құмар ойындардың онлайн трансляциясы жанданды. Бір өкініштісі, қатысушылардың басым көпшілігі – кәмелет жасқа толмағандар. Осы аптада Алматыда TikTok-та онлайн бәс тігу арқылы құмар ойындар ұйымдастырған 4 азамат 4 жылға сотталды. Олар заңсыз ойын бизнесі саласында 19 млн теңгеден астам аса ірі мөлшерде табыс тапқан. Заң бұзған мекемелермен қатар ойынқұмар азаматтардың қылмысқа баруы да жиілеген. Бас прокуратура таратқан деректер бойынша, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық орын алған. Оның 20 пайызы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Сотталған бір адамды ұстауға күніне 5 800 теңге жұмсалатынын ескерсек, жылына кететін шығын – 2 миллион 200 мың теңге. Сонда құмар ойындарының себебінен түзеу мекемелерінің шығыстары 76,3 миллиард теңгеге жетіп отыр. Құмар ойыншылардың қайсысы болмасын құнығамын деп ойламайды. Алғашында аз сомаға бәс тігіп, арасында ұтқанына мәз болып жүріп ойынға қалай тәуелді болғанын білмей қалады. Өз тапқанын тауысқан соң отбасылық бюджетке қол салады. Араны ашылғаннан кейін үйіндегі заттарды сата бастайды. Несие алады, одан құтылу үшін басқа несие алады. Соңында туған-туыс, ағайын-жегжаттан, көрші-қолаң мен таныстардан қарызға ақша сұрайды. Ақша іздеудің соңы ұрлыққа ұласады. Түптің түбінде көп олжаға кенелетіндей үмітін үзбейді. Алайда бұл жол тек құрдымға апарады. Құмар ойыннан ұта алмайтынына көзі жеткен адамның шығатын екі жолы бар. Бірі – өзінің ауру, көмекке мұқтаж екенін мойындап, арнайы бейімдеу орталықтарына бару болса, екіншісі – өзіне қол жұмсау. 2022 жылғы статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде 3 676 адам суицид жасаған, оның әрбір бесіншісі құмар ойынға тәуелді адам болған. Америкалық зерттеушілер құмар ойындарға тәуелділердің 70 пайызы өз-өзіне қол жұмсау туралы ойда болатынын анықтаған. Сауалнамаға қатысқандардың 14 пайызы кем дегенде бір рет өзін-өзі өлтіруге әрекет жасаған екен. Былтыр Маңғыстау облысы Бейнеу ауылының тұрғыны құмар ойындарға өзінің қарсылығын білдіріп, Loto Club клубын өртеп жібергені көптің есінде. «Ардың түрмесінде отырғанша, заңның түрмесінде отырайын» деген ол мұндай қадамға өзін құмар ойынға тәуелділіктен құтыла алмаған шарасыздығынан барған. Ер адам 20 жыл бойы бәс тігіп, 200 миллион теңгеге жуық шығынға батқан. «Таз ашуын тырнадан алады» дегендей, ойын клубын өртеу арқылы құмарлықтан құтылам деген ол қылмыскерге айналды. Сот барысында ер адамның жеке бас мүддесі үшін тағы бірнеше қылмыс жасағаны, нақтырақ айтқанда адамдарды алдап, олардың ақшасын сыпырып алғаны анықталды. Елді алдап оңай олжа тапқан айыптыға сот жазаны жеңілдететіп, кәмелетке толмаған төрт баласы мен жүкті әйелінің болуын ескеріп клубты өртегені үшін оны бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Өткен аптада құмар ойын кесірінен тағы бір жас жігіт өз-өзіне қол жұмсады. Ақтөбелік тұрғын әкесінің айлығын құмар ойынға ұттырып, суицид жасаған. өз-өзіне қол жұмсаған. Жігіт бұл қадамға келесі күні туған күні болатын әкесінің барлық жалақысын ставкаға тігіп ұтылғаннан кейін барған. 23 жастағы марқұм құмар ойындарға жарты жыл ішінде 1 миллион 200 мың теңгеге жуық ақша ұтылған. Алғашында ойын автоматтарынан бастаған, кейін ставкаларға ұласқан. Құмар ойындарға мол ақша тігіп ұтылудың салдары осындай қайғылы жағдайға алып келген. Жалпы, лудомандардың 60 пайызы заңға қайшы әрекеттер жасап, құқық бұзады екен.
Тығырықтан шығар жол қайсы?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны ауру деп таныған. БҰҰ мамандары да құмар ойынға тәуелділікті психологиялық аурудың бір түріне жатқызады. Оның нақты ем шаралары белгіленбеген. Дүниежүзілік статистикаға сәйкес, жер бетіндегі халықтың 2-3 пайызында құмар ойындарға тәуелділіктің пайда болу ықтималдығы жоғары, ал халықтың 1 пайызында бұл тенденция ауруға айналады. Отандық психологтар елімізде жастардың 10 пайызы лудомания ауруына шалдыққан, сондықтан ойынқұмарлық дертін мемлекеттік деңгейде ауру ретінде танып, емдеуді ертерек қолға алу қажет деп дабыл қағып отыр. Алматыдағы Психикалық денсаулық орталығының дәрігерлері лудоманияға шалдыққан адамның ең бірінші мінез-құлқы өзгереді дейді. Қарапайым сөзбен айтсақ, үнемі сіркесі су көтермей тұрады. Ашуланшақ болып кетеді. Түн ұйқысы бұзылады. Оған қоса, асқа зауқы болмайды. Ешкіммен сөйлеспейді. Осы белгілер байқалған кезде маманға қаралу керек. Жақындары уақытылы қолұшын созбаса, соңы қиын жағдайға әкеледі дейді мамандар. Психотерапевт Мария Токарева ойыншы өзін қадағалап жүргендей болатынын айтады. «Бірақ уақыт өте құмар ойынсыз тұра алмайтын халге жетіп, оның жетегінде кеткенін білмей қалады. Ойынды жиі ойнаған сайын өзін басқаруды, ақшасын қалай жұмсау қажеттігін қолдан шығарып алғанын сезбей қалады. Кейін оны үрей билей бастайды. Ол барлық эмоцияны ойыннан алғысы келеді. Сөйтіп, жұмысында, от-басында түйіткілдер пайда болады. Қарызға батады. Ең соңғы сатыда өз-өзіне есеп бере алмайды. Ойынның кесірінен бәрі кері кетеді. Әрине, бұл тұңғиықтан шығу үшін маманның көмегі қажет», – дейді ол. Соңғы кездері өзінің құмар ойын құрсауынан шыққанын ел алдында ашық айтатын танымал жандар қатары артып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Біреудің жүріп өткен қисық жолы өзгелерді түзу жолға салса қандай ғанибет. Бар тапқанын бәске тіккендердің бірі блогер – Бақытжан Әміров. Ол осыдан 7 жыл бұрын құмар ойынның құрбаны болғанын TikTok әлеуметтік желісінде ашық мойындады. Алғашында спорттық ойындарға бәс тіккен ол кейін букмекерлік кеңселерді жағалай бастаған. Өзінің ақырын азартқа кіріп жатқанын сезбей қалады.
– Аз ақшамен ойнап, қалтамды қалыңдатамын деп өзімді алдап жүрдім. Жатсам, тұрсам қолымда – телефон. Бір күні отбасылық бюджеттегі 200 мың теңгені тігіп жібердім. Әрине, ұтылдым. Осылайша, өмірімдегі алғашқы кредитімді алдым. 300 мың. Оның 200 мыңы – үйдің ақшасы. Қалған 100 мыңын ойнаймын деп алып қалдым. Бірақ ұтылдым. Сол ақшаны қайтарам деп жұрттан қарыз сұрадым, банктен тағы кредит алдым. Өзімді тоқтата алмадым. Жұмыстан жиі қалатын болдым, өтірік айта бастадым. Маскүнемдермен араласа бастадым. Барлық банктен кредит алдым. Айына 200-300 мың несие төлейтін едім. Жақын достарыма жағдай айтып, жылап кредит алдырттым. Оларды да төледім. Достарым ойнама деген ескертулеріне құлақ аспадым. Достарымның қатары сирей бастады, олар менімен араласуды тоқтатты. Мен үшін олар көп жерде ұялды. Бір күні оңбай ұтылдым. Сол күні үйге барып душта жіп алып асылуға дайындалдым. Жіпті ілетін жерді тапқан кезде келіншегімнен: «Баланың жөргегі бітіп қалды. Ала келші» – деген хабарлама келді. Бірден есімді жиып дүкенге жүгірдім. Жол бойы өзіме «Балама керекпін, өлімді ойлама» деп қайталаумен болдым. Үйге заттарды әкелгеннен кейін сыртқа шықпай жатып алдым. Отырып қарыздарымды, төлейтін несиелерімді есептедім. 13 миллион теңге! «Қалай құтылам?» деген ой маза бермеді. Не өлем, не әкеме айтам деген оймен жүрдім. Ақыр соңында әкеме бар шындықты жайып салдым. «Өмірімде мені жерге қаратпадың, бір рет көмектесем. Тағы қайталасаң мені тірідей көмгенің» деді әкем. Әкемнің арқасында барлық қарыздан құтылдым, кредиттерім жабылды. Өмірге ерекше көзбен қарай бастадым. Ендігі міндет әкемнің сенімін қайтару болды. Арменияға барып көлік тасумен айналыстым. Жұмысым жақсы жүріп, ақша жинай бастадым. Қазір Аллаға шүкір ойнауды қойғаныма 5 жылдай болды. Құмар ойын ойнамауға шақырамын бәрін. Бұл өмірде тез байып кету деген болмайды екен. Ойнадың, не өлесің, не сол тығырықтан шығасың. Осы екінің бірі, басқа жол жоқ, – деп жазды ол.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцев «Жарнамадағы «оңай олжаға» адамдар сеніп қалғандардың соңында отбасының ойраны шығатынын» айтады. Депутаттың сөзінің жаны бар. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, құмар ойынға құмартқандардың басым көпшілігі – ер адамдар. Қазақстанда 10 отбасының 7-еуі осы құмар ойынның кесірінен ажырасып кетеді екен. Өйткені тәуелді адам айналасына көп өтірік, жиі ашуланады, қарызы көп және үйіндегі ортақ қаржыны өз «игілігіне» ғана жұмсайды, бала тәрбиесіне, отбасының дамуына уақыт бөлмейді. «Крылатые годы» – ойынқұмарларды айықтыратын, қоршаған ортаға бейімдейтін, мінез-құлықты түзететін бірден-бір орталық. Мекеме қызметкерлерінің арқасында аурудан айығып, қатарға қосылып жатқандар саны күн санап артып келе жатыр. Орталық жетекшісі Есенқожа Рахымжан қоғамда лудомания емделмейді деген стереотиптің жалған екенін жеткізді.
– Лудоман бірінші кезекте өзінің тәуелді екенін мойындап, өз жағдайын қабылдауы керек. Шындықтың көзіне тура қараған дұрыс. Өзінің тәуелді екенін мойындаған адам келесі қадамға да барады. Ол өзін алып шығу. Ерік-жігерін жанитын шешімді өзі қабылдауы керек. Лудоман өз еміне 1 апта немесе 1 ай жеткілікті деп ойлайды. Бұл да қате пікір. Тәуелділік адамның ойынға келгенінен әлдеқайда бұрын пайда болған. Мәселенің түп-тамыры өте тереңде. Біз сонымен жұмыс жасауымыз керек. Ал ойынқұмарлық мәселенің салдары ғана. Бәс тігу салдары, себебі бұрын пайда болған. Сол себебіне жету үшін де ғылыми психологияға негізделген терапия керек, – дейді Есенқожа Жастілекұлы.
Маманның айтуынша, емделуші 5 ай бойы толық оқшаулануы керек. Белгілі бір мамандықты алып шығу үшін адам 4 жыл университет оқыса, тәуелділіктен арылу үшін 5 ай уақыт қажет. Өйткені әр ай, әр күннің өзіндік мағыналық, психологиялық жауапкершілігі, жүктемесі бар. Орталық басшысы бейімдеу орталықтарын ашу кейбіреулерге кәсіп көзіне айналғанын айтады. Сондықтан емдеу мекемесін дұрыс таңдау маңызды. Ең адымен психологтардың кәсіби маман ретінде дипломы болуы қажет. «Оңалту орталықтарында білімі жоқ психологтар отырғанын жиі байқаймын. 10 сағат оқып, сертификат алған маман тәуелді адамды қиындықтан қалай алып шыға алады?» дейді маман.
– Емделушілердің туыстары, отбасы мүшелеріне де көмек керек. Тәуелділік бір адамға байланысты емес. Ол отбасының басқа мүшелерін де улайды. Баласына ақша керек болса жүгіретін ана тәуелді қарым-қатынаста деген сөз. Оны түзету керек. Неге? Өйткені адам 5 ай бойы бізде ем алғанымен, үйіне барып, қоғаммен араласқан соң айналасының өзгермегенін көрсе, өзі қайтадан сол жолға түсу ықтималдығы жоғары. Адам өзі емделгенімен, туыстары бұрынғыдай қарым-қатынаста болса, еңбектің текке кеткені. Біз ұсынған бағдарламаны толықтай өткенімен, аздан соң баяғы әуеніне қайта басатын ойынқұмарларға біз екінші рет тегін көмек көрсетуге дайынбыз. Әзірге Қазақстанда мұндай қадамға барып отырған жалғыз мекеме – біз ғана, – деді Есенқожа Рахымжан.
Маманның айтуынша, букмекерлік кеңселер жұмысын заңға сәйкес жасап отыр. Жабайық деп шулағанмен ештеңе өзгермейді. Өйткені олар мемлекетке заңды түрде үлкен сомада салық төлеп отыр. Ал салық төленген жерде басқа мәселе болмайды. Сондықтан лудоманияға жаппай букмекерлік кеңселерді жабу тосқауыл бола алмайды. Өйткені адам шешімді өзі қабылдайды. Психологиясы сау адам ешқашан тәуелділікке ұшырамайды. Адам болған соң 1-2 рет бәс тігіп көруі мүмкін, алайда, құмарлығы оянбайды.
«Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деген осындайда айтылса керек. Құмар ойыннан ұтамын деген адам өзінің оңбай қателескенін артқа қайтарға жол қалмағанда бір-ақ біледі. Барын бәске тігіп тақырға отырған құмарпаздар өзінің өмірімен қатар ата-анасының, отбасының, жақындарының да өмірін улап жатқанын кеш түсінетіні өкінішті-ақ.