Оралхан оралмаған сапар
"Байқаңыз, сіздің бабаларыңыз бұл жерден қайта алмай қалған.."
"Байқаңыз, сіздің бабаларыңыз бұл жерден қайта алмай қалған.." Қандай ауыр сөз еді, алайда астарында ақиқат жатыр екен. Біз оны кейін, көп кейін, еліміз өткенін бажайлап, оң-солын тани бастағанда ғана түсіндік...
Алып та көне Үндістан елінде бабаларымыздың ізі әлі күнге дейін сайрап жатыр. XVI-XVIII ғасыр аралығында Моғолдар империясы билеген тұста бұл елде салық жүйесі ретке келтірілген, түрлі ұлттардың бейбіт өмір сүруіне жағдай туғызылып, әл-ауқаты, қуаты артқан. Парсы-түркілік нақышта салынған көз тартар түрлі ғимараттар уақыт сынына төтеп беріп, асқақтап әлі тұр. Соның бірі де бірегейі – Тәж-Махал. Атышулы Ақсақ Темірдің немересі – қолбасшы, ойшыл, атақты «Бабырнамені» дүниеге әкелген Захир-ад-дин Мұхаммед Бабыр негізін қалаған, үнді жерінде екі ғасыр билік құрған түркілер империясы әлем тарихынан өзінің орнын алды. Ферғана жазығында дүниеге келген, түркінің барлас тайпасынан шыққан, шағатай тілінде сөйлеген, парсы, түркі тілдерінде шығарма жазған, «пілді ерттеген жолбарыс» деген атақ алған Бабыр бабамыз да, оның немересі Жәлеледдин Ұлы Акбар да, оның немересі Тәж-Махалды тұрғызған Жаһан шах та, Бабырдың бөлесі, Ташкентте дүниеге келіп, Кашмирді билеген қолбасшы, ақын, тарихшы, «Тарих-и Рашиди» мен «Жаһаннаменің» авторы Мұхаммед Хайдар Дулати да тарихи отанына қайта оралған жоқ. Бабаларымыздың бәрі атажұртына қайта алмай не сүйегі де жетпей, үнді жерінде мәңгілікке тыныстап жатыр. М.Хайдар Дулати осыдан бес ғасырдай бұрын тәмамдаған «Тарих-и Рашиди» шығармасында «Жерден көкке дейін, күннен айға дейін, Түркістанға игілігі мол Үнді жолына дейін, Бас июге бет алған Қаптан Қапқа дейін, Жан-жақтан малшылар да ағылған» деп Түркістан мен Үндістанды қатар қоюы тегін емес екен. Мырза Мұхаммед Хайдардың бабасы – дулат руының бегі, көсемі Болатшы 18 жастағы Шыңғысхан ұрпағы, төре Тоғылық Темірді Шағатай ұлысынан бөлініп шыққан Моғолстан ханы деп жариялаған еді. Өзі ұлыстың бегі атанған. Бұл бұрын Маңлай Сүбе деп аталған Құлжадан Ферғанаға дейін созылып жатқан кең дала мен сансыз шаһарлар қонысы болатын. Сол моғолдар ұрпағы кейінірек Ферғананы қойып, Кабул, одан әрі Үндістанды биледі. Жарты әлемді, маңызды сауда жолдарын уысында ұстады, түрлі мәдениет пен діннің басын қосты. Өркендеген, қуатты елдердің патшасы болды. – Ал, жігіттер, енді тынығайық, таңертең жолығамыз ғой... Оралхан Бөкейдің соңғы сөзі еді бұл. Тәңір жазбады, таңертең жолыға алмадық... Кезінде бір кейіпкері көксегендей суреткер өзі де біле бермейтін мәңгі шексіздікке, мәңгі тұманды сапарға, мәңгілік тыншуға аттанып кетіпті. Содан бері де талай көктем ауысты, жасыл желегін жамылып талай рет келді мамыр да. Көп нәрсе өзгерді, өзгермеген тек тектілік туралы түсінік қана. Орағаңның кітаптарын парақтамасаң оның қадіріне жетпейсің, тек сонда ғана оның бір кейіпкері айтпақшы, «адам өмірінің шын қуанышын, шын қайғысын жырлау, сипаттау екінің бірінің қолынан келмейтініне илана түсесің». Суреткермен соңғы сапарға шыққанға дейін екі-ақ рет, онда да көппен бірге жолыққан екенмін (айтпақшы, Алматыдан әртістер келіп, біздің ауылдағы мектеп спорт залына «Қайдасың, қасқа құлынымды» қойғаны бар. Бас кейіпкер Құман Тастанбеков болатын). ҚазМУ-дың журфагында дәріс оқитын ұстазымыз Зейнолла Серікқалиұлы бізді, екі-үш шәкіртті Жазушылар одағындағы бір мәжіліске ертіп апарды. Келсек он шақты жазушы жиылып, Әзілхан Нұршайықов бас болып, Оралхан Бөкей шығармашылығын талдау үстінде екен. Ерсілеу көрінгені мүйізі қарағайдай кейбір қаламгерлер айтатын ештеңе таппады ма, қасақана солай істеді ме, әйтеуір Орағаңа сөйлемдерің тым ұзақ, шұбалаңқы, бояуы қалыңдау, осыны алдағы кезде ескерсең деген сияқты «жолдастық» сын айтты. – Менің шашым ұзын, сіздердікіне ұқсамайды, сөйлемдерім де ұзақ. Бұл – менің ерекшелігім. Бәріміз бір қалыптан шыққандай етіп жазсақ не болады? – деп ол кісі әріптестеріне әзіл-шынын араластыра жауап қайтарды. Екінші жолы Орағаңның Пушкин атындағы кітапханада оқырмандармен өткізген кездесуіне қатысудың, сұрақ қойып, қолтаңба алудың сәті түсті. Түсте басталған кездесу қас қарая әзер бітті. Себебі осы жүздесуді теледидарға түсірген еді. Машақаты көп іс қой, «баста, тоқта» деп операторлар Орағаңның зықын шығарды-ау. Осы кездесуде қаламгер «Шұғаның белгісінен» үзінді оқыған еді. Осы кездесудегі тәнті еткен тағы бір жайт, хабар түсірушілер Орағаңа беташар сөзді үш рет айтқызды, үшеуінде үш түрлі шықты. Ойды да, сөзді де қайталамады. Үшінші, соңғы кездесуде суреткермен жақынырақ сөйлесіп, жанында жүріп сырын тыңдаудың сәті түсіп еді, алайда бұл сапардың сүйінішінен өкініші басым болғаны белгілі. 1993 жылдың мамырында қазақстандық бір топ журналист Үндістан астанасына іссапарға жиналды. Мақсат – Үндістан Премьер-министрінің тәуелсіз Қазақстанға тұңғыш сапары алдында осы ел туралы оқырманға тереңірек, кеңірек мәлімет беру болатын. Оралхан Бөкей бастаған топта Нұртөре Жүсіп, Алпысбай Шымырбаев және ҚазТАГ-тың, «Казахстанская правданың» журналистері бар еді. Ол кезде Алматыдан Делиге ұшатын тікелей рейс жоқ, амал жоқ, әуелі Шымкентке соғып, әрі қарай Ташкентке жол тарттық. Орағаңды оңтүстік жігіттері ерекше бір ілтипатпен қарсы алды. Алып шаһар тізгінін ұстап отырған, өзі де өлең жазатын ақынжанды азамат Қуанышбек Төлеметов (кейін Мәжіліс депутаты болды) бастаған шымкенттіктер барша қазақ сөзіне дұғадай ұйып, төбесіне көтеріп, аялаған қаламгердің аяқ-қолын жерге тигізген жоқ. Өз елінде көрген соңғы құрметі осы екен ғой... Өзбекстан астанасына жетуін жеткенмен, әрі қарай өтудің әуре-сарсаңы көп болды. Тәуелсіздіктің буына мас болған өзбек ағайындар әсіресе, әуежайда қарулы қарақшыны тексергендей біздің қойын-қонышымызды түгел тінтті. Өстіп жабығып, сарылып жүріп тексеру бекетінен де өттік-ау. Сөйтсек, Орағаң бір түбіртек қағазын түсіріп алыпты. Жол жүрмей жатып жоқ іздедім, бұл жақсы ырым емес деп әрі-бері сабылып, әлгі қағазды бәрібір таба алмады. Неге сонша таусылды екен деп ойладық та қойдық. Үндістанға келгенде де Орағаң топтан бөлініп, жалғыз өзі үй ішіне ертерек базарлық сыйлық сатып алды. – Жеңгелеріңді бір қуантайын, – деп келісті көйлек алғаны есте қалыпты. – Алтайға барғанда балаларға қажет болады, өзі бір ерекше нәрсе екен, – деп екі қолшатыр сатып алды. Бұл өзі бас киім сияқты басқа киіп алатын шатыр еді... Тіпті, жүргізушісіне кілтбау алуды да ұмытқан жоқ. Ал бұл кезде сапар жаңа басталған болатын. – Мен өзім мәртебелі сыйлық алуға, кітап шығаруға жұрт сияқты тізімге еніп, кезекке тұрған емеспін. Қаламның қасиеті, қарымы шығар, бәрі де оңай келгендей, Мемлекеттік сыйлық та дау-дамайсыз берілді. Мүмкіндік, қабілет-қарымыңды көрсетер қызмет кештеу тигендей, – деп еді Орағаң Делиде бізді құрметтеп жайғастырған бес жұлдызды «Тәж-Махал» қонақүйінің мейрамханасында інілерімен оңаша отырған бір сәтте. Жалпы, Делидегі кештерде Орағаң алыста, Алатаудың баурайында қалған әріптестері, кейіпкерлері туралы көп әңгіме қозғады. Алатаудың етегінде кезіксе жаңа ғана танысып-біліскен бозбалаларға бұлайша сыр ашпасы анық еді, Гималайға келгенде бүкпесіз болды. Әлде, оның ішкі әлемі соңғы сағаттары соғып жатқанын білдіріп, айт, айта түс, айтып қал деп хабар берді ме екен, кім білсін?!
Делидегі маңызды мемлекеттік мекемелерде болып, лауазымды адамдармен жолығысуға екі күнді арнадық. Көлікке мінсек, оққағарлар да бізбен бірге жайғасады, сығылысып әзер отырамыз. Министрлік алдында қарулы қарауыл. Сөйтсек, мұнда терроризм қауіп-қатері үлкен екен. Индира Ганди де оққа ұшып еді-ау кезінде. Сосын бізді астанадан 200 шақырымдай жердегі Агра қаласына көлікпен алып кетті. Әлемдегі жеті кереметтің біріне жатқызып жүрген, кезінде ұлы Әуезов тамсанған, Әлімжанов суреттеген, Рабиндранат Тагор «Мәңгілік жаратылыс бетіндегі көз жасы» деп бағалаған, ақ мәрмәрден тұрғызған, кіршіксіз ұлы сезімнің белгісіндей Тәж-Махал кесенесіне келдік. Осынау үнді-парсы-түркі нақышындағы ғажайып туындыны салғызған Ұлы Моғолдар ұрпағы – Шах Жаһан бабамыздың талғамына ғана емес, сүйген жары Мумтаз Махалға деген ұлы сүйіспеншілігіне, тектілігіне де бас иіп, кештете Делиге қайтып оралдық. Сол күні, яғни 16 мамырда кешке Үндістанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандық журналистер құрметіне арнайы қабылдау жасады, ертеңіне ел басшысы – Премьер-министрмен кездесіп, сұхбат алу жоспарланған еді. Әлгі қабылдауға Делиде тіркелген шетелдік журналистер де шақырылған екен, аға болып үйренген ресейлік әріптестер «сендерге өзі ерекше құрмет көрсетілді ғой» деп таңданысын жасырмады. Осы сапарға шығарда мен отырарлық шебер, музыкант Кендебай Қарабдалов жасаған үскірікті ала шығып едім. Әлгі кездесуде Орағаң Отырар үскірігін қазақстандықтар атынан тапсырып тұрып: «Мынау – Отырардан, қазақ даласынан, көне өркениеттен жеткен сый. Осында билік құрған біздің бабаларымыз да ғажап ескерткіштер қалдырған екен, жаңа ғана Аградан оралдық» деп көне тарихтың үнділіктерге қиындау тиетін, ал біздің еңсемізді көтеріп, мәртебемізді өсіре түсетін тұстарына арнайы тоқталды. Осыған ызаланды ма, қабылдауды ұйымдастырушылардың бірі әзілдеген болып: – Байқаңыз, сіздің бабаларыңыз бұл жерден қайта алмай қалған, – деп қойып қалды... Сол кеште Орағаң мазасыздау күй кешті. Тіпті, даяшылар алдына алып келген тағамнан да дәм татпады. «Ас алсаңызшы» деген өтінішімізге «бүйрегім ауырып, мазам болыңқырамай тұр» деп салқын жауап қатты. Сыртта күн шыжғырып тұр, тыныс алу мүмкін емес, ал ғимарат ішінде қатты суық – сырттан барған адамға зияны көп екен. Қабылдау іңірге дейін созылды, сосын өзіміз бауыр басып қалған «Тәж-Махал» қонақүйіне қайта оралдық. Ертең ертемен Премьерге барамыз, ұйықтап қалмай төменде жолығайық деп уағдаластық та, 11-қабаттағы бөлмелерімізге тарастық. Бізге құрмет көрсетіп, жеке-жеке бөлмеге жайғастырған еді. Азанда жуынып жатқан бетім еді. Алпаағаң – Алпысбай жүгіріп келді. Жүзі әлемтапырық. – Анда Орағаң, оятса тұрмайды... Есігін ашпайды... Жүгіріп бөлмесіне келдік, кезекші есікті өзі ашты, Орағаң қолын жүрегіне қойған күйі ұйықтап жатыр екен. – Ораға, тұрыңыз, – деп кеудесіне қойған қолын ұстап едім, сұп-суық екен. Сол ұйықтаған қалпы түн ортасында арғы әлемге апарар арбаға мініп, аттанып кеткен екен... Әлемнің сегізінші кереметі атанған, мәңгілік махаббаттың символы – Мумтаз Махалға арналған ерекше ескерткішті көріп қайтқан күні адамзатқа деген мәңгілік махаббатты шығармаларының өзегіне айналдырған суреткердің жүрегі де мәңгілікке тыншыды. Ұлы бұлқыныстарға төтеп бере алмады-ау... Абыр-сабыр басталып кетті. Түс көріп жүргендей хал кештік. Түнде ғана қоштасып едік-ау, сене алар емеспіз. Қазақ журналистері Премьер-министрмен сұхбатқа да бармадық. Алматыға жағдайды баяндап, мен өзім қолмен жазып, факс арқылы жеделхат жолдадық. Орағаң үзілген бөлмедегі былғары папкі мен түрлі конверт қағаздарды, әлгі жеделхатты сөмкеме салып алдым. Кейінірек қарындасы Ғалия Бөкейге тапсырдым. Мұражайдағы ерекше жәдігер болатыны сөзсіз. Аптабы апта бойы апшы қуырған Делиде сол түні найзағай ойнап, нөсер селдетті. Мұз құрсанған Мұзтаудан мұзбалақша ұшып шығып, әсем Алатау етегінде арманын әлдилеген, атау кересін әлемнің шыңы – Гималай жанында ішкен қаламгер ұлылық пен биіктікке деген құштарлығын өзімен мәңгі бірге ала кетті. Біреулер айтады: еркіндігін аңсаған Кербұғы тіпті де өлген жоқ... Біреулер айтады: еркіндік алған бұғылар тек қана о дүниеде... Бәлки, Кербұғы жүзінен мұңның ізі жоғалған мұңлықтардан жеріген шығар... Бәлки, Кербұғы күлкітоқтықты ту етер қоғамнан бойын аулақ салды ма? Ол жағы Жаратқан иемізге ғана аян... «Егер ертеңгі күні көзің жұмылып кетсе, бата оқылып, бет сипалады. Қырық күннен соң ұмытыласың. Қандай сорлы әрі аянышты пенде деген. Мынау жалғанға келіп-кеткеніңді кім білер, кім сезер?» деген екен Орағаңның бір кейіпкері. Иә, пендені естен шығару, ұмыту оп-оңай, ал ұмытылмас, қайталанбас туынды сыйлаған суреткер елінің жадынан өшпейді...
Еркін ҚЫДЫР