Жаңалықтар

Ғалымдар: әкелер ұлын, аналар қызын жақсы көреді

egemen.kz

Яғни, түпсанада әкелер ұлды, аналар қызды қалайды екен.

Қоғамда әкелер қызын, аналар ұлын жақсы көреді деген пікір басым. Сондай-ақ ата-аналардан ұлыңызды жақсы көресіз бе, қызыңызды жақсы көресіз бе деп сұрасаңыз, бәрін бірдей жақсы көремін деп жауап береді. Алайда олар өтірік жауап беретінін өздері де аңдамайды екен. АҚШ пен Финляндия биологтары Scientific Reports журналында жарияланған зерттеу жұмысында осындай қорытындыға келген.

Ғалымдар ауқатты ата-аналар ұл баланы, кедейлер қыз баланы ерекше жақсы көріп, ақшасын аямайды деген гипотезаның рас-өтірігін анықтаған. Сауалнамаға 347 ана мен 423 әке қатысқан. Зерттеушілер әуелі ата-аналардан ұлы мен қызының қайсысын жақсы көретінін сұраған, кейін қарапайым тест жасаған.

Нәтижесінде адамдардың әл-ауқаты, әлеуметтік статусы, біліміне қарамастан әкелер ұл баланы, аналар қыз баланы жақсы көретіні анықталған. Яғни, түпсанада әкелер ұлды, аналар қызды қалайды екен. Бұл ретте ер адамдардың ұлға деген сезіміне қарағанда, әйелдердің қызға деген махаббаты күштірек екені байқалған. Сауалнамаға қатысушылар қыздарға көмектесетін қайырымдылық қорларына жиі ақша аударатындарын, бала асырап алу жағдайында ұлдан гөрі қызды таңдайтындарын жасырмаған.

Ғылыми зерттеу жұмысының жетекші авторы Роберт Линчтің ойынша, мұндай қорытынды әлемнің дамыған елдеріндегі заманауи қоғамда болып жатқан әлеуметтік және мәдени өзгерістерге алып келеді. Егер бұрын ұл балалар жоғары бағаланса, енді қыздарға көп назар аудырала бастайды.