Жаңалықтар

Қарттарым, аман-сау жүрші!

ашық дереккөзі

Қарттарым, аман-сау жүрші!

«Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық филиалы «Сарыарқа» ауданы әкімдігімен бірлесе «Жастар-Отанға!», «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында ҰОС ардагерлері және тыл еңбеккерлеріне, қарттарға, көп балалы аналарға көмек көрсетті. Іс-шара жастардың бойында үлкенге деген құрметті арттыруға, патриоттық сана-сезімді қалыптастыруға, үлкенді сыйлауға, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға бағытталған. «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері мен Астана қаласы колледждерінің белсенді 100 студенті күннің суығына қарамастан, 15 ардагердің үйіне барып, аулаларын қардан тазалады. – Үйімізге келіп көмек көрсетіп жатқан жастарға үлкен алғысымды айтамын. Биыл қар қалың жауып, баспанамды басып қалды. Бүгін міне, жасотандықтар қар күреп, ауламды тазалап берді. Енді көктемде үйді су басады деп алаңдамаймын, – деп 84 жастағы ардагер Анна Бычкова жастарға дән ризалығын білдірді. Қызылорда облысындағы жасотандықтар да қарияларды қамқорлықсыз қалдырған емес. Апта басында «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облысы Арал аудандық филиалының қолдауымен «Жас Отан» жастар қанатының бір топ белсенділері мен еріктілері «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Сексеуіл кентінің тұрғындары, тыл ардагерлері Т.Жанысов пен Қ.Қазмағамбетованың үйінде болып, хал-жағдайларымен танысты. Атап айтсақ, жастар ардагерлердің ауласының маңайын қардан тазалап, отын-суларын әзірлеп, үй-іштерінің тазалық жұ­мыстарын атқарып, қолғабыс етті. Сонымен қатар жастар қариялармен әңгіме-дүкен құрды. Қариялар жасотандықтардың көмектеріне риза болып, алғысын айтты. – «Нұр Отан» партиясы ардагерлерді ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Қол­дан келгенше түрлі қамқорлық жасап ке­леміз. Одан бөлек ардагерлердің зұлмат жылдардағы елге, жерге, Отанға деген ең­бек­терін кейінгі ұрпаққа насихаттап келеміз. Өскелең ұрпақ мұны санасына сіңіріп, құр­метпен қарауы қажет, – деді «Жас Отан» жастар қанатының аудандық жетекшісі Ә.Ізбасар. Қариялар жастарға халқымыздың сол бір ауыр заманда небір қиындықтарды басынан кешкенін, сол жылдардағы еліміздің жағдайын кеңінен баяндап, бүгінгі бейбітшілік пен тоқшылықты қадірлей білуге шақырды. Сондай-ақ алдағы уақытта елімізге тыныштық, егемендігіміздің мәңгі сақталуын тіледі.