Әнші Света Айтбаева ата-енемен тұрудың қандай артықшылығы бар екенін айтты
Оның айтуынша, отбасылық өмірде көп дүние енеге байланысты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Света Айтбаева «Сарасөз» бағдарламасында жаңадан отау құрған жастардың үй болуына ененің қосар үлесі зор екенін айтты, деп хабарлады turkystan.kz.
Оның айтуынша, отбасылық өмірде көп дүние енеге байланысты.
«Қазір, өкінішке қарай, балаларымен, келіндерімен бірге тұрғысы келмейтін, жанының тыныштығын ойлайтын, бала баққысы келмейтін, немереге қарағасы келмейтін енелер көбейіп бара жатыр. Мүмкін дәстүр үзіліп қалған болар. Менің де анам төрт немересін бағып, келінін жұмысқа жіберіп отыр. Бұл жастардың отбасы болып қалыптасып кетуіне, тұрмыс-тіршілікке алаңдамай, қызмет істеп, күнделікті нәпақасын тауып, балаларын тәрбиелеуге көмектеседі. Ата-ене, үлкен кісілер болған соң көп ұрыса да алмайсың ғой. Ондай бізде болмаған. Ата-енемен тұру жаман әдеттерден аулақтатады. Жас жұбайлар болған соң бір-бірімен келіспей жатады. Бірақ көрші бөлмеде ата-енең отырса айқайласып, қатты дауыс шығаруға өзіңнен-өзің қысыласың”, – дейді әнші.
Димаш Құдайбергеннің анасы ата-ене жастардың жағдайына қарайласып, арасына іріткі салмауы керек екенін атап өтті.
«Қазір баласын қызғанып отыратын енелер көп. Сондықтан менің жақсы жерге келін болып түскенім бағым деп түсінемін», - деді ол.