73 жастағы әже әлі күнге дейін зейнетақы ала алмай отыр
Жергілікті билік әженің құжаттарын жөндеп беруге уәде берген
Қарлығаш Сұлтанқызы Маңғыстау облысын Мұнайлы ауданындағы Баянды ауылы Еміл елді мекенінде тұрады. 73 жастағы қарт ана әлі күнге дейін зейнетке шыға алмай отыр, деп хабарлады turkystan.kz.
Ұлының айтуынша, отбасы 1984 жылы Түрікменстаннан көшіп келген. Өмір бойы Қарлығаш Сұлтанқызы жолдасы екеуі Жыңғылды ауылында мал баққан. Қазақстан азаматы. Мал бағып жүрген уақытта құжаттарын жоғалтып алған. «Анамыздың құжаты жоқ, жасы 73-ке келді, зейнетақы әлі алмайды» дейді ұлы.
Ulysmedia.kz сайтының мәліметінше, жергілікті билік әжеге құжаттарын жөндеп береміз деген. Алайда уәде орындалмай келеді.
ОКҚ алаңында журналистер Қарлығаш Сұлтанқызының мәселесін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шенеуніктері алдында көтерген. Министрліктің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов жауап берді.
«Айтып отырған жағдайларыңызға қарағанда, жергілікті органдар жұмыс істеген шығар. Фамилиясын, аты-жөнін бәрін жазып алдым. Рұқсат болса, жеке сандық нөмірін берсеңіз. Толық осы кісінің мәселесін зерттеп, жауап беремін», - деді Төлеген Оспанқұлов.