Жаңалықтар

«Халықтың шыдамы шегіне жетті»: депутат саяжайларға ауыл статусын беруді ұсынды

ашық дереккөз

Бұл түйткілді мәселені үкіметтің деңгейінде күн тәртібіне шығармасақ, мұның арты үлкен әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін, – дейді Мақсат Толықбай.

Халық қысы-жазы тұрғынжай етіп отырған жүздеген саяжайда  мектеп, балабақша, қоғамдық көлік қатынасы, медициналық жәрдем  көрсету, асфальт, пошта, байланыс пунктері әлеуметтік қызмет инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандар атымен  жоқ. Электр қуатына дейін жекенің қолында. Екі есе тарифпен төлеуге мәжбүр.

Осы мәселені көтерген «AMANAT» фракциясының депутаты Мақсат Толықбай Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

– Тұрмысы тұралап қалған, бюджеттен бір тиын көмек көрмейтін, Алматының айналасында тұратын жарты миллион адамның өтініші – осы депутаттық сауалыма негіз болды. Жағдай күрделі, халықтың шыдамы шегіне жеткен. Жақында Алматы облысының аудандарын аралап,  мыңдаған тұрғынмен кездесу өткізіп, саяжай   алаптарында тұратын елдің  қалай күнелтіп отырғанын көріп шошыдым. Қонаев қаласы, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Іле ауданының өзінде 674 саяжай бар. Тұрғындарының саны бес жүз мыңға жақындаған.  Бұл деректің өзін де нақты айту қиын.  Себебі, азаматтар тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеле алмаған соң, жәрдемақы мен мемлекеттік көмек алу үшін Алматы қаласына тіркелуге мәжбүр, – дейді депутат.

Оның сөзінше, жүздеген мың отандасымыздың сұрайтыны – «ауыл» статусы.

– Оқу жылы басталғалы балалар бірнеше шақырым жердегі мектепке балшықпен барып, кейде итерге таланып жатыр. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Қысқасы, жүздеген мың отандасымыздың сұрайтыны - «ауыл» статусы. Өйткені, қолданыстағы заңнамаға сәйкес,  жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын қалалық және ауылдық аумақтарды дамытуға ғана бөле алады. Бұл түйткілді мәселені үкіметтің деңгейінде күн тәртібіне шығармасақ, мұның арты үлкен әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін, – дейді Мақсат Толықбай.

Сонымен қатар ол Үкімет жедел әрекет етіп, саяжай  мәселесін шешуге арналған нақты, ауқымды бағдарлама әзірлеуі керек екенін де айтып өтті.

– Саяжайлардың территориясын қасындағы ауылдық округтерге қосып немесе «ауыл» статусын бере салғанмен проблема шешіле қалмайды. Бір ғана облыс әкімдігінің шамасы жетпейді. Көп қаржыны қажет етеді. Сондықтан, Үкімет жедел әрекет етіп, саяжай   мәселесін шешуге арналған нақты, ауқымды бағдарлама әзірлеу керек. Ашығында, бұл Алматы облысында ғана емес, байтақ қазақстанның әр өңіріндегі түйнек, – деп сөзін түйіндеді депутат.