Жаңалықтар

Жалақыға жарымай, қымбатшылықтың қамытын киген қазақ жастары шетелде қара жұмыс істеуге мәжбүр – Нартай Аралбайұлы

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Ресми дерекке сүйенсек, 2022 жылғы жағдай бойынша Оңтүстік Кореяда еліміздің 9600 азаматы заңсыз жұмыс істейді

Депутат Нартай Сәрсенғалиев еңбек мигранттарының мәселесін көтеріп, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. 

– Еңбек миграциясы қазір өте өзекті мәселеге айналды. Өзге елге жұмыс іздеп кеткен қазақстандықтардың саны мыңдап саналады. Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар? Жалақыға жарымай, табақтай дипломына лайықты жұмыс таппай, қымбатшылықтың қамытын киіп, әлеуметтік әділетсіздіктің зардабын тартқан қазақ жастары қазір әлемнің әр түкпірінде қара жұмыс істеуге мәжбүр. Оларды сөгуге ешкімнің құқығы жоқ. Қазір сол азаматтарымыз заңдық тұрғыда еш қорғансыз қалып жатыр. Оның бір дәлелі -  Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жатқан отандастарымыз, – деді депутат.

Ресми дерекке сүйенсек, 2022 жылғы жағдай бойынша, Оңтүстік Кореяда  еліміздің 9600 азаматы заңсыз еңбек мигранты болып жұмыс істейді. Бірақ ресми сандар шынайы жағдайдан алшақ екенін, себебі қазір Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақстандық жүргенін алға тартқан депутат бұл деректі отандастарымыздың басын біріктіретін орталықтар растайтынын айтады. 

– Еңбек құқығы қорғалмайды, заңға сүйеніп жұмыс берушіден өз құқығын талап ете алмайды. Салдарын санамалап айтсам, сұмдық.  Мәселен, 57 жасар қазақстандық Оңтүстік Кореяға еңбек мигранты болып барып көз жұмғанда оның денесін әкелу үшін туыстарының жылу жинап кеткені есімізде, одан бөлек, сол елдегі өндіріс орындарында  қолынан айрылған, басқа да жарақат алған отандастарымыз маған арыздарын айтты. Себебі оларға ешкім өтемақы төлемейді, қажет десе, жұмыс беруші оларды заңсыз еңбек мигранты ретінде құзырлы орындарға ұстатып жібере алады, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутат мәселенің себебіне де тоқталды. 

– Отандастарымыздың құқығының қорғалмауының себебі-   екіжақты келісімшарт негізінде берілетін Е-9 уақытша еңбек визасының берілмеуі. Мемлекет басшысы 2020 жылдың қазан айында «Бірқатар елде қазақстандықтар заңсыз, жасырын жұмыс істеп жатыр. Мұндай жағдайда еліміздің азаматтары өзге елде тіркеу қиындықтары мен әртүрлі тұрмыстық мәселелерге тап болады», - деп Үкіметке мәселені шешуді тапсырған болатын. Бірақ әлі күнге дейін бұл түйткілдің түйіні тарқаған жоқ. Корея Республикасымен 16 ел (Қытай, Вьетнам, Филиппин, Таиланд, Индонезия, Шри-Ланка, Моңғолия, Өзбекстан, Камбоджа, Бангладеш, Пәкістан, Непал, Мьянма, Қырғызстан, Шығыс Тимор, Лаос) Еmployment Permit System – EPS («Еңбек рұқсаттары жүйесі» - ЕРЖ) шетелдіктерді жұмысқа орналастыру жүйесіне қосылғанын білеміз. Аталған жүйеге Қазақстан неге қосыла алмай келеді? – деп сұрақ қойды ол.

Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, екі ел арасында жүргізілген келіссөздерден нәтиже жоқ.

– Үкімет жол картасын жүзеге асыру барысында жүргізілген дипломатиялық келіссөздер нәтижесінде, ү.ж. наурыз айында Корея Республикасы Үкіметі Қазақстанның көптеген сұрауларын ескере отырып, «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment Permit System (одан әрі - EPS) Қазақстан Республикасын енгізу мәселесін қайтадан қарастырып, тиісті келіссөздерді жүргізуге дайын екенін білдірді. Корея тарапынан келіп түскен хатта Қазақстанды ЕРS-ге енгізуге қатысты қойылатын шарттар көрсетілген. Атап айтқанда, жұмысқа жіберу үшін тиісті инфрақұрылым мен нақты маманданған жіберуші органның болуы міндетті болып табылады. Корея тарапы қажет болған жағдайда тиісті мамандарын жіберіп, әдістемелік көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген. Бүгінге дейін екі ел арасында 7-раундтық келіссөз жүргізілген, бірақ әлі нәтиже жоқ. Тіпті аталған мәселелерді реттеу үшін арнайы миграция комитеті де құрылып еді. Бірақ олардың нәтижелі жұмысын көрмеді. Ал шетелде заңсыз заңсыз еңбек мигранты ретінде көзі жәудіреп мыңдаған қазақ баласы отыр, – деді ол.

«Қазақстан қашан  «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment Permit System (одан әрі - EPS) енеді, қазақстандықтар қашан Оңтүстік Кореяда заңды еңбек мигранты ретінде еңбек ете алады?» деп Үкіметке сұрақ қойған депутат ұсынысын да айтты. 

– Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосу үшін тиісті іс-шаралар жоспарын пысықтауды тапсырамын. Екі ел арасында ортақ келісім жасалғанша Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты боп жүрген 20 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын қорғайтын заңдық тетікті табуды тапсырамын, – деді Нартай Сәрсенғалиев.