Жаңалықтар

Арба жеңіске кедергі емес

ашық дереккөзі

Арба жеңіске кедергі емес

«Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында (тірек-қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған) үстел теннисінен ашық облыстық турнир өтті. Партия филиалының саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Олжас Дүйсеков шараның басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту, мүгедектердің спорттық өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріне қоғам назарын аудару екендігін атап өтті. – «Нұр Отан» партиясы қоғамдық бірлестіктердің осындай бастамаларын әрқашан қолдайды. Сондықтан турнир биыл екінші жыл өткізіліп отыр. Жарысқа қатысушылардың саны жыл сайын өсіп келеді, бұл өте қуантарлық жағдай. Біз мұны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді көздеп отырмыз, – дейді Олжас Дүйсеков. Әйелдер арасында үстел теннисі бойынша бірінші орынға ие болған Нұрзия Сарқытбаеваның спорттың осы түрімен айналысқанына екі жыл болыпты. «Біз үшін осындай спорттық іс-шараларға қатысу – үлкен қуаныш. Менің қарсыласым да арбалы мүгедек кісі болды. Өзімнің ойымша, мен жаман ойнаған жоқпын, бар күшімді салдым. Бірақ қарсыласымның тәжірибесі мен мүмкіндіктері асып түсті. Сондықтан бұл маған үстел теннисімен әрі қарай көбірек айналысуды қажет ететіндігін көрсетті. Осындай іс-шараларды жиі өткізу керек деп есептеймін. Бұл біздің әрі қарай дамуымызға үлкен жол ашады», – деді Н.Сарқытбаева. Жарыс жеңімпаздарына «Нұр Отан» партиясы атынан кубок, медаль және алғыс хаттар табыс етілді.