Балалардың алтын сырғасын ұрлайтын шымкенттік тұрғын ұсталды (ВИДЕО)
Шымкентте кішкентай қыздардың алтын сырғасын ұрлаумен айналысқан 23 жастағы қыз ұсталды.
Тұран ауданының тұрғыны 102 қызметіне бейтаныс біреу кішкентай қызының алтын сырғасын алдап алып кеткені туралы хабарлаған.
Аулада ойнап жүрген 7 жастағы қыздың жанына белгісіз біреу келіп, өзін анасының құрбысымын деп таныстырып, құлағындағы қымбат сырғасын шешіп алған. Қыз балаға балмұздақ алып беремін деп оқиға орнынан ізін суытқан.
Полицейлер аталған деректі ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тергеушілер барлық куәгерден жауап алып, оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Нәтижесінде олар күдіктінің кім екенін анықтап, оны 2 тәулікте ұстады.
Тұран аудандық ПБ-ның тергеушісі Нұрдәулет Аязхановтың айтуынша, 23 жастағы қыздың осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар.
Бұған дейін ол тағы бір кішкентай қыздың алтын сырғасын иемденіп, қарт әйелдің телефонындағы онлайн-банкинг арқылы өзіне ақша аударып алған.