«Ұлы дала жорығы»: Жетісу командасы жеңімпаз атанды
Жеңімпаз атанған Жетісу облысының командасы бас жүлде – 18 000 000 теңге, екінші орынды иеленген Ақтөбе облысының командасы – 16 000 000 теңге, ал 3-орын иегері Алматы қаласының командасы 9 000 000 теңгені қанжығасына байлады.
«AMANAT» партиясының қолдауымен екінші мәрте ұйымдастырылған республикалық «Ұлы дала жорығы» бәйге-додасы өз мәресіне жетті. Астанадан аттанған шабандоздар Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда облыстарын еңсеріп, Түркістанға дейінгі 1300 шақырым қашықтықты жүріп өтті.
Киелі шаһардағы «Түркістан-Арена» стадионында өткен салтанатты іс-шараға «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов, ҚР Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов және «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбек қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бәйге дүбірі күн өткен сайын алысқа тарап жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге ерекше маңыз бөліп отырғаны белгілі. Бұл орайда, ұлттық спортымыздың да тарихи орны төрде екенін атап өткен жөн. «AMANAT» партиясының қолдауымен өткен бүгінгі «Ұлы дала Жорығы» марафон-бәйгесі осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды шаралардың бірі. Бұл – ел мерейін асырған, рухымызды көтерген дүбірлі дода болды. Біздің қажырлы азаматтар мен қайсар қазанаттар батыр бабаларымыздың рухын жаңғыртты. Бірте-бірте бұл жорық үлкен бәсекенің, ұлттық сана-сезімді жаңғыртудың алаңына айналады деп ойлаймын», – деді партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.
Сондай-ақ, Дәулет Кәрібек «AMANAT» партиясы ұлттық спортты, соның ішінде ат спортын дамытуға алдағы уақытта да айрықша атсалысатынын атап өтті.
Осылайша, он төрт күнге созылған жарыс қорытындысында мәре сызығын бірінші болып Жетісу облысының командасы кесіп өтті. Жүлделі 2-орынды Ақтөбе облысының шабандоздары қанжығаласа, 3-орынды Алматы қаласының командасы иеленді. Ал Абай облысының шабандоздары мәреге 4-болып жетті.
Бұдан бөлек, биылғы бәйгеде әлемдік екі бірдей рекорд орнады. «Рекорд» командасының шабандозы Мағжан Абдолұлы 1300 шақырымды бастан-аяқ 1 атпен 98 сағат 50 минутта және соңғы 50 шақырымды небары 1 сағат 33 минутта жүріп өтіп, әлемдік рекорд орнатты. Барлық жеңімпазға қомақты қаржылай сыйақы табысталды.
Еске сала кетейік, екінші мәрте ұйымдастырылған республикалық бәйге-додасы 6 қыркүйекте бастау алып, 20 команданың 100-ден астам шабандозы атқан қонған болатын. Жорық барысында шабандоздар еліміздегі киелі жерлерге ат басын бұрып, тарихи орындарға зиярат етті. Алайда олардың басым бөлігі бәйгенің ауыр сынағына төтеп бере алмай, жарыс жолынан шығып қалды.
Бәйге барысында барлық қатысушы демалыс орнымен, азық-түлікпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «AMANAT» партиясы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, Ұлттық спорт қауымдастығы, Туризм мен спортты қолдау қоры ұйымдастырған ұлы дүбір Түркістан қаласында түйінделді.