Жаһан

Бейбіт тұрғындар мен әскерилер қаза тапты: Қарабақта не болып жатыр?

Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Баку мен Ереванды қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырды.

19 қыркүйекте Әзербайжанның Қарабақ аймағында соғыс қимылдары басталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлады turkystan.kz.

Әзербайжанның Cыртқы істер министрлігі Қарабақ аймағындағы армян қарулы күштері әскери арандатушылыққа барып, террористік акті жасады деп мәлімдеді.

 

Ресми мәлімдемеге сүйенсек, қазір террористерді аймақтан шығару үшін арнайы контртеррористік шара қабылданып жатыр.

Қарабақ аймағында Армения Қарулы күштері бөлімшелерінің жұмысын жалғастыруы 2020 жылғы 10 қарашадағы үшжақты мәлімдеменің ережелеріне қайшы екенін, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлкен қауіп төндіретінін бірнеше рет ескерткенін еске салған ел билігі бұл шараның бейбіт тұрғындарға қатысы жоқ екенін айтады.

Елдің Қорғаныс министрлігі де бейбіт тұрғындар жапа шекпейтінін мәлімдеген.

Әзербайжан Республикасы Президентінің көмекшісі, Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат мәселелері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Хикмет Хажиевтің сөзінше, Қарабақ аймағындағы армян тектес бейбіт тұрғындардың құқығы мен қауіпсіздігі Әзербайжанның Конституциясы мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес қорғалатын болады.

Ал Армения Сыртқы істер министрлігі Әзербайжанды тағы бір ауқымды агрессияны қозғады деп айыптады. Ел президенті Пашинян Қарабақтағы жағдайға байланысты Армения Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын шақырды.

Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Баку мен Ереванды қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырды.