Жаңалықтар

Вера Ким Мәжіліс депутаты атанды

https://www.election.gov.kz/kaz

Орталық сайлау комиссиясының отырысында Вера Ким Мәжіліс депутаты ретінде тіркелді.

2023 жылдың 19 қыркүйегінде Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты В.А. Кимді тіркеу туралы» қаулы қабылданды, деп хабарлады turkystan.kz Ортсайлаукомның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 12, 45, 46-баптарына, 97-1-бабының 6-тармағына, 98-бабына сәйкес және «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Саяси кеңесі Бюросының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі № № 015PQ қаулысынан үзінді көшірмеге сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы қаулы етті:

1. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутатының бос мандаты «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Вера Александровна Кимге берілсін.

2. Вера Александровна Ким Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып тіркелсін.

3. Вера Александровна Кимге белгіленген үлгідегі тиісті куәлік пен омырауға тағатын белгі тапсырылсын.

Отырыс барысында ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңның 24-бабына сәйкес депутаттың өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталатынын хабарлады.

Нұрлан Әбдіров Вера Александровнаға белгіленген үлгідегі куәлік пен омырауға тағатын белгіні табыстап, оған депутаттық корпустағы жұмысына сәттілік тіледі.