Жаңалықтар

Қазақстандық спортшылар Азия ойындарында 30 спорт түрінен бақ сынасады

фото: ашық дереккөз

Азия ойындарына 524 қазақстандық спортшы қатысады

 Қазақстандық спортшылар 19-Азия ойындарының бағдарламасына қосылған 40 спорт түрінің 30-ынан бақ сынайды, деп хабарлады turkystan.kz.

Отандық спортшылар 44 дисциплина бойынша 305 медаль үшін таласады. Жалпы, биылғы Азиадада 61 дициплина бойынша 481 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстандық спортшылар бокс, дзюдо, таэквондо, күрес, жеңіл атлетика, садақ ату, қазіргі бессайыс, брейкинг, бадминтон, триатлон, теннис, су спорты (жүзу және артистік жүзу), баскетбол, ескек есу спорты, велоспорт, семсерлесу, ауыр атлетика, гольф, гимнастика, гандбол, волейбол, құзға өрмелеу, ескек есу, регби, үстел теннисі, спорттық ату және хоккей сайыстарына қатысады. Сонымен қатар, отандық спортшылар 3 олимпиадалық емес спорт түрі: у-шу, жекпе-жек және интеллектуалды үстел ойындарында да жарысқа шығады.

Азия ойындарына жалпы саны 524 қазақстандық спортшы қатысады.

Әрине, кейбір спорт түрлерінде медаль алу мүмкіндігі басқаларға қарағанда жоғары. Азиадада спорттың 8 түрінен: бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис пен жеңіл атлетикадан Париж Олимпиадасына лицензия ойнатылады, - деді спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.

Айта кетейік, Азиада-2023 Қытайдың Ханчжоу қаласында 2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында өтеді.