23 Ақпан 2017, 08:50 1942 0 Нұр Отан Анар ЛЕПЕСОВА

«Цифрлық Қазақстан» – жаңғыру даңғылы

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғановтың қатысуымен өткен жиынға ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері және интелигенция өкілдері, «Нұр Отан» партиясының белсенділері мен студенттер жиналды.

Алғашқы болып сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов Елбасы жолдауындағы мақсаттарды түсіндіріп, «Цифрлық Қазақстан» құру бойынша алдағы атқарылатын жұмыстарды айтып берді.

‒ Елбасы жолдауында атап өткендей, экономиканың жаппай сандық жүйеге ауысуы көп мүмкіндікке жол ашпақ. Ұлт Көшбасшысы сол себепті дамудың жаңа кезеңін «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп белгіледі. Елбасы 2012 жылы 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп қойса, биылғы Жолдау – Қазақстанның әлеуметтік-саяси, экономикалық және технологиялық жаңғыруын қарастыратын 2050 жылғы стратегиясының тікелей жалғасы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында Үкіметке осыған дейінгі бағдарламалардан асып түсуі тиіс «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жасап шығаруды тапсырды. Ондағы мақсат – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, цифрлық жүйені дамыту арқылы еліміздің экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Жалпы алғанда, 2020 жылға дейін аудандар мен ауылдарды қосқанда, ғаламтор пайдаланушыларын 78 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Цифрлық эфир хабарларын тарату бойынша халықтың 95 пайызын қамту және тұрғындардың 80 пайызының цифрлық сауаттылығын арттыру көзделуде, – дейді Фархад Қуанғанов.

Хатшының айтуынша, қазір еліміз Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісінде ғаламтор қолданушыларының саны бойынша 72 пайыз көрсеткішпен 41-орынға шығып отыр. Қазақстан ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту деңгейінің халықаралық рейтингінде Ресей, Италия және Түркия сияқты елдердің алдына шығып 39-шы орынға қол жеткізді. Республикамыздағы мемлекеттік қызметтердің 77% әлдеқашан автоматтандырылған. Олардың 760-тан астамын онлайн-режимде, соның ішінде 80-нін смартфонның көмегімен алуға болады. Қазақстанның электрондық үкіметінің мобильдік қосымшасының таяуда ғана инновациялық шешімдерді ендіру саласындағы «First World Govtechineers Race-2017» беделді сыйлығын иеленуі осының нәтижесі болып табылады.

Алдағы уақытта ғаламтор сапасы мен жылдамдығы бойынша қала мен ауыл арасындағы келеңсіздіктерді азайту үшін 2019 жылға дейін 2 миллионнан аса тұрғыны бар 1300 ауылды аймақ оптикалық-талшық желілерімен жабдықтау көзделген. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 4G стандартты интернет еліміздің барлық аудан орталықтарына енгізілмек. Оған қоса, 5G бесінші буын стандартын енгізу мәселесі де қаралып жатыр. Сонымен қатар, жиынға қатысқан «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова жастарға: «Елбасы болашақ жастардың қолында екенін жиі айтады. Қазақстан бүгінде әркімге қай саладан болмасын мол мүмкіндік туғызып отырған ел. Сондықтан цифрлық Қазақстанға қол жеткізу үшін жастарға артар үміт зор», ‒ деді.

Соңғы жаңалықтар