Жаңалықтар

Сабаққа барғысы келмеген: оқушы мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлады

Фото: polisia.kz

"Мектепке жарылғыш зат қойдым" деп хабарлап, бұл іске жауапты мамандардан 10 миллион теңге ақша аударуды талап еткен.

Таразда сабаққа барғысы келмеген 8-сыныптың оқушысы "Мектепке жарылғыш зат қойдым" деп хабарлап, бұл іске жауапты мамандардан 10 миллион теңге ақша аударуды талап еткен. Жойқын жарылыс жайындағы хабарлама Білім басқармасының телеграм бот желісіне түскен, деп хабарлады turkystan.kz 31 арнаға сілтеме жасап.

Құзырлы орган қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызған хабарламадан соң саперлер мектеп ішін түгел тінтіп шыққан. Бірақ ғимараттан ешқандай қауіпті, жарылғыш затты таппаған. Ал хабарлама түнде түскен соң ешкімді эвакуациялаудың қажеті туындамапты. Белгілі болғандай, бұл туралы хабар таратып, 10 миллион теңге талап еткен бала сол мектептің сегізінші сынып оқушысы болып шықты. Кәмелет жасына жетпеген оқушының ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін. Қолданыстағы заң бойынша, әбігерден келген шығын өтеледі. Тіптен қылмыстық іс қозғалып, әкесін бас бостандығынан айыру да көзделген.

ГҮЛСАРА МҰХТАРҚҰЛОВА, Жамбыл облысы Полиция басқармасының баспасөз хатшысы:                                                                                                 

– Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 273-бабы, яғни терроризм актісі бойынша көрнеу жалған хабарлама үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Мұндай хабарлама түскен жағдайда барлық мүдделі мемлекеттік органдар жұмыс жасайды.