Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Иран президентімен кездесті

Екі ел басшылары қазақ-иран ынтымақтастығының қазіргі жай-күйін және өзара қатынастарды одан әрі дамыту перспективасын талқылады.

Мемлекет басшысы Иран Президенті Ибрахим Раисимен кездесті, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Қазақстанның Каспий теңізі аймағындағы стратегиялық серіктесі ретінде Иранмен екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға баса мән беретінін айтты.

Келіссөз барысында екі ел басшылары қазақ-иран ынтымақтастығының қазіргі жай-күйін және өзара қатынастарды одан әрі дамыту перспективасын талқылады. Тараптар көлік, логистика және сауда-саттық салаларындағы ықпалдастықты арттыру үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы екі елдің Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастығын оң бағалады.

Иран Президенті Ибрахим Раиси Қазақстан мен Иранды достық пен өзара қолдауға негізделген үлгілі қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

Мемлекеттер басшылары елдеріміздің көлік-транзит байланыстарын дамыту үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда, өзара сауда-саттықты күшейту және Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау үшін "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" темір жолының мүмкіндігін кеңінен пайдалану жағдайы атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бендер-Аббас портында Қазақстанның сауда терминалын салудың маңызды екеніне назар аударды.

Президенттер белгіленген экономикалық жоспарды жүзеге асыру үшін үкіметаралық байланыстарды жандандыруға уағдаласты.