«Рөлде мен отырдым»: әнші Нұржан Қалжан марқұм досы Руслан Бөлебайдың өмірін жалмаған жол апатын есіне алды
Әнші ол күн мәңгі есінде қалғанын айтады.
Әнші Нұржан Қалжан марқұм досы Руслан Бөлебайдың өмірін жалмаған жол апатын есіне алды. Әнші бұл туралы «Жұлдызды шаңырақ» бағдарламасында баяндады, деп хабарлады turkystan.kz.
Әнші ол күн мәңгі есінде қалғанын айтады. Оның қасында көлікте марқұм досы Руслан Бөлебай мен Бауыржан деген жездесі және Гаухар деген журналист қыз болған.
«Рөлде мен отырдым. Түнгі сағат 03:00 шамасында. Жол апаты Жамбыл мен Гагарин көшесінің қиылысында болды. Мен соққан жоқпын, мені келіп соқты. Қысқасы, Алматыға Іңкәр деген әпкем, жездем, бала-шағасымен келген. Солармен қыдырып жүргенмін. Руслан хабарласып, «Осындай жерде отырмыз, келсеңші» деді. «Жезделеріммен жүрмін, әпкем келіп еді» деп едім, ренжіді. Олар ертең Түркияға ұшатын болып жатқан. Әпкелерімді үйге тастадым да, жездемді өзіммен алып алдым. Сөйтіп, отырған жерлерінен алып, үйлеріне апарып тастайын дедім. Жолдан Бауыржанды аламыз деді. Бауыржан Төле би – Розыбакиев көшесіндегі дәмханада музыкант болып жұмыс істейтін. Соған сағат түнгі 02:00-де бардық. Барсақ, іші дүңкілдеп жатыр екен. Сыртта бір сағат күттік. Кафе жабылды, саксафонын машинаның артына салып, жүрдік. Төле би көшесінің бойымен келе жатырмын. Жароков көшесінен өтіп, Гагарин көшесінен оңға бұрылдым. Әңгімелесіп, жай келе жатқанбыз. Сол жағыма қарасам, жарық келе жатыр. Жан дауысым шыққан кезде ұрды», – дейді әнші.
Айтуынша, соққан көлік жол патрульдік полициядан қашып келе жатқан екен.
«Есімді жинасам, рөлге жабысып қалғанмын, айқайлап жатыр екенмін. Көлік мен жақтан, артқы есіктен соққан. Ол жақта Гаухар отырған. Руслан ортасында, Бауыржан шетінде отырған. Машинаның артқы есігін езіп жіберген, кейін ол айналып келіп, сау беті талға соғылған. Бауыржан мен Руслан екеуі басы бір-біріне соғысты ма екен, өйткені бастан кеткен. Есімді жинап, тұрып жатқан кезде «Көмектесіңдер» деп айқайлап жатырмын. Орысша дауыстар шығып жатыр. Орыстар қазақша түсінбей қалады ма деп, «Помогите» деп айқайлаймын. 10-15 бала келіп, есікті жұлып алып шығарды. Жатырмын, бірақ Құдайдан бірнәрсе тілеп жатырмын. Жездем үйде алты қыздың ішінде бір ғана ұл, менің де бір ғана әпкем. Руслан мен Бауыржан өліп қалды екен деп мүлдем ойлаған жоқпын. Ол екеуі тірі деп ойлап жүрмін», - дейді Нұржан Қалжан.
Әнші осы оқиғадан кейін өнерден қол үзіп, ауылда емделген. Ал досы Русланнан айырылып қалғанын кейін білген. Ауруханаға өнердегі әріптестері келіп, «Русландарға кіріп шықтық, жақсы» дейді. Әнші қай ауруханада жатқанын сұраған. Алайда артынша түс көріп, қайғылы жағдайды сезгенін айтады.
«Бір күні түсіме кірді. Бір туфлиі бергі жақта тұр, бір туфлиі арғы жақта тұр. Бірден кеткенін білдім. Ұйқымнан ояна сала «Руслан өліп қалыпты ғой, неге айтпайсыңдар» деп жыладым. Сол жерде бәрі айтты. Түс арқылы біліп қойғанымды білді. Білмеймін, мүмкін тағдыр солай болған шығар. Руслан жанып тұрған бала еді», – дейді ол.