Жаңалықтар

«Атамекен» сарапшылары қосылған құн салығын өсіруге қарсы шықты

Кәсіпкерлер палатасы бұл қадам тауарлардың бағасын күрт қымбаттатып, инфляцияға ұласатынын және шағын бизнестің орташа, ал орташа бизнестің іріге айналуына жол бермейтінін айтады.

«Атамекен» ҰКП сарапшылары қосылған құн салығының мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін өсіруге қарсылық білдірді, деп хабарлады turkystan.kz.

Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары және «Атамекен» ҰКП жаңа салық кодексінің жобасына ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының басшысы Тимур Жаркеновтың айтуынша, «Атамекен» бизнес-қоғамдастығының басым бөлігі ҚҚС мөлшерлемесін өсіруге үзілді-кесілді қарсы. Бұл қадам тауарлардың бағасын күрт қымбаттатып, инфляцияға ұласатынын және шағын бизнестің орташа, ал орташа бизнестің іріге айналуына жол бермейді.

Еске салсақ, жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді ұсынған болатын.

Министрліктің өкілдері ұсынылып отырған мөлшерлеменің ұлғаюы бюджетке қосымша түсімдер әкеледі, сондай-ақ көрші елдерден әкелінетін тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп санайды. 

Ал бизнес-қоғамдастық бұған келіспейді. 

Қазір Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесі – 12 пайыз. Еске сала кетейік, Салық кодексінің жобасын 2024 жылғы бірінші тоқсанда Парламент қарауына жіберу жоспарланып отыр.