Алматы – өмір сүруге қолайлы қала
Алматы – өмір сүруге қолайлы қала
Қазір әкімдердің есеп беру науқаны қызған шақ. Апта басында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза халық алдында екінші есеп беру кездесуін өткізіп, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер мен атқарылатын жоспарларды ортаға салған қала әкімі өз сөзінде өткен жыл еліміз үшін мерейлі, толайым табыстар мен жемісті жетістіктерге толы болғандығына ерекше тоқталды. Шаһар басшысы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы мерейтойының өз деңгейінде аталып өткеніне екпін түсіріп, сондай-ақ жақында ғана Алматыны екі апта бойы спорт пен достық мерекесіне айналдырған Универсиада ойындарын ойдағыдай үлкен жетістікпен өткізу универсиадалар тарихындағы ең ауқымды спорттық шара болғандығын жеткізді.
Ал Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жайында мәліметтерді алға тартқан әкім: «Алдын ала болжам бойынша, экономикалық өсім ең кемінде 2,5 пайызды құрайды. 25 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Инфрақұрылымдық даму назардан тыс қалған жоқ. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында сәулетті ғимараттар, мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру нысандары, балабақшалар мен тұрғын үйлер бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Бұл жұмыстардың бәрі 5 қағидаға негізделген «Алматы-2020» даму бағдарламасын басшылыққа ала отырып, жүзеге асуда», – деді.
Әдеттегідей әкімнің есебінде қаланың қордаланған түйткілдерінен бастап, тұрғындардың өмір сүру мәдениетіне дейін айтылды. Ол – айта-айта жауыр болған көлік кептелісі, экологиялық жайсыздықтардың ушығып кетуі, базарларды көшіру, айналма жолдардың құрылысы, сол сияқты жұмысы сын көтермейтін кейбір пәтер иелері кооперативтері қызметі. Бұл жолы Алматы қаласының әкімі туризмді дамыту, қала жұртының демалу мәдениеті жайына көбірек тоқталды. Азаматтардың денсаулығын жақсарту үшін өмірге деген көзқарасын өзгертуге шақырған ол: «Адамдар дәрігерлерге дер кезінде қаралмайды. Жағдайымыз мүлде нашарлағанда ғана, шағымдана бастаймыз. Әр адам спортпен айналысуы керек. Мәселен, туризмді табыс көзіне айналдырғысы келетін шаһардың тұрғындары өзге жұрт армандап жете алмай жүрген Шымбұлақ пен Медеуге бармайды. Қарағайлы ормандары қол бұлғаған Алатау бөктерлеріне қыдырмайды. «Шымбұлақ» қымбат деп айтады да, кешкі уақытта мейрамханаға барсаң, барлығында адам толы, дәмханаларда орын жоқ. Бұл әдетті өзгерту керек. Спортқа, туризмға ақша жұмсау дегеніміз – өзіңнің денсаулығыңа ақша жұмсау деген сөз. Біз әр жұма және сенбі күндері қонаққа барып, майлы тамақ жеп, артынан ыстық шәй ішеміз. Мұның асқазан ауруының пайда болуына әкелетінін бәріміз білеміз», – деді Бауыржан Байбек мырза. Сонымен қатар, әкім қазақстандықтардың ақша жетіспеушілігіне шағымданатынын, бірақ соған қарамастан түрлі іс-шараларға несие алып жататынын атап өтті. «Әрбір қазақ еуропалықтан бай болып саналады. Норвегияның бірде-бір азаматы 50 адамға той жасамайды. Бай адамдар көп ақша табатындар емес, бай адамдар – ақшаны дұрыс үнемдейтін адамдар. Адам өмір бойы шылым тартып, кейін қатерлі ісікке шалдықса, ол кімді кінәлауы керек? Ең алдымен өзін кінәлауы қажет. Сондықтан да бәрінен де денсаулық маңызды», – деген әкімнің пікірімен көпшілік келіскендей болды.
Бірнеше жылда көлік кептелісі болмайды
Алматы қаласы әкімінің айтуынша, тағы бірнеше жылдан кейін Алматыда көлік кептелісі деген болмайды. 2018 жылға қарай кіші көліктік айналма жолы іске қосылады. Одан бөлек биыл Алматы үлкен автомобильді айналма жолының құрылысы басталды. «Көлік кептелісі көптеген мегаполистерге тән. Біз бұл мәселеге көлік реформасын бастау арқылы, жүйелі түрде келдік. Елбасының тапсырмасы бойынша соңғы 15 жылда тек қана Алматыдағы 30 жолайрықты салуға 300 миллиард теңге бөлінді. Тағы екі айналма жолдың құрылысы 2018 жылы бітеді», – деді Бауыржан Байбек. Алматының көлік кептелісі жайында айтқанда, қаланың кіреберісіндегі «Алтын Орда» базары орналасқан тоғыз жолдың торабы туралы айтпау мүмкін емес. Әкімнің айтуынша, биыл бұл мәселе шешімін табатын көрінеді. Сол сияқты Алматы үлкен автомобильді айналма жолы қаланы транзиттік көліктерден арылтып, бұл Алматының Батыс Қытай мен Еуропа арасындағы логистикалық хаб ретіндегі экономикалық әлеуетін күшейте түспек. Бұл жобаға 350 миллиард теңге көлемінде инвестиция келеді деп күтіліп отыр. Қала әкімінің айтуынша, Алматыдағы көлік кептелісі жолайрық, айналма жолдармен шешілмейді. Себебі қазір жекеменшік емес, қоғамдық көліктерді дамытуға басымдық беріліп отыр. «Қоғамдық көліктер жүретін жолақтар көбейе түседі. Троллейбус желілерін жаңалауға 5,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл трамвай жолдарын қалпына келтіргеннен гөрі 3 есеге арзан. Тағы бір үлкен көліктік жоба – жеңіл рельсті трамвай. Биыл бұл жобаның мердігерлігіне байқау жарияланды. Ал 2020 жылға қарай тағы 2 метро стансасы пайдалануға беріліп, метро тармақтары Абай мен Момышұлы көшелерінің қиылысына дейін жетеді. Қазір метро өзін-өзі ақтай бастады. Жолаушылар саны 4 есеге көбейді», – деді әкім. Сол сияқты қоғамдық көліктерді электронды билеттендіру жайы да назардан тыс қалған жоқ. Басында шу туғызған бұл мәселеде қазір ілгерілеу бар. Тұрғындар бір жолғы билеттен гөрі, электронды билетпен жүрген тиімді екенін түсіне бастады. Яғни, Алматыда соңғы жылдары көліктер саны 10 есеге көбеюі көлік кептелістерін көбейтіп қоймай, қаланың экологиялық ахуалын да нашарлатып отыр. Осыған байланысты Алматы әкімі Бауыржан Байбек қазіргі уақытта көлігі бар болу байлықтың белгісі емес екенін айтты. «Кеңес кезінде адам көлік сатып алса, бай дейтін, ал сатып алмаса, жағдайы жоқ деп есептелетін. Бізде осы парадигма әлі де бар. Азаматтар көліктің абырой емес екенін түсінбейді, бұл – қозғалыс құралы. Кейде метромен жүру ыңғайлы, арзан әрі тиімді. Кешкі уақытта көлікпен жүруге болады. Осыны зерттеу көрсетіп отыр, таяуда реформаны халыққа таныстырып, талқылау өткіземіз. Көліктер кептеліс қана туғызбайды, сонымен қатар, ауаны 80 пайызға ластап отырған да солар», – деді әкім. Айта кетейік, «Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, төрт жыл ішінде ластану индексі 22 пайызға төмендеген. Ал энергетика нысандарынан шығатын зиянды заттар 2016 жылы 8 пайызға азайыпты. Бүгінде қоғамдық көліктердің 60 пайызы экологиялық таза. Бір айта кетерлігі, былтыр түтіні будақтаған ескі көліктерге 136 миллион теңге айыппұл салынған. Әкім қаланы экологиялық жағынан тиімді көлік түрлеріне көшіруге қатысты нақты есеп бере келе, бұл мәселенің 2018 жылға қарай қаланы толық газбен қамтамасыз ету арқылы шешілетіндігін қадап айтты.Мегаполисте 2,2 миллион халық тұрады
Әкімнің тұрғындарға берген есебі барысында пәтер иелері кооперативтері қызметінің сапасы да айтылды. Бұл мәселе әкім есеп берген сайын алдынан шығатын жайт. Қала әкімінің айтуынша, бүгінде ПИК-тердің қызметіне қоғамдық және партиялық бақылау күшейген. 150-дей ПИК тексерілген. Оның 86 пайызына айыппұлдар салынып, ескертулер жасалған. «Статистика бойынша Алматыда 1,7 миллион тұрғын бар. Шын мәнінде қазір мегаполисте 2,2 миллион халық тұрып жатыр. Бірақ оның 800 мыңы ғана қоқыс шығару ақысын төлейді. Мұнан былай біз бұл мәселеде қатаңдық танытамыз», – деді қаланың қақ ортасында қоқысын арнайы жәшікке емес, далаға тастай салған тұрғындарды өз көзімен көрген әкім. Бұдан бөлек кездесуде жан-жануарлары қайта-қайта өле берген Хайуанаттар бағының мәселесі қозғалып, жаңа басшының жоспарлық есебі тыңдалды. Денсаулық сақтау саласының қызметі мен жұмысынан қуылған шенеуніктердің жайы сөз болды. Кездесу барысында былтыр Алғабастағы қисайған үй туралы да әңгіме қозғалды. Әкімдік қисайған үй оқиғасынан кейін 13 жобалаушы, 19 мердігер мекеме жазаланғанын, апта сайын құрылыс сапасын бақылайтындарын айтты. 3 сағатта 25 адамның сұрағын тыңдаған әкім кездесуге жиналған 3000 адамның көкейіндегі жайттарды ортаға салған сияқты.