Жаңалықтар

Үкімет басшысы әкімдіктердің жұмысын сынға алды

Премьер-министр жыл соңына дейін 18,5 трлн теңге инвестиция тарту қажеттігін атап өтті

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында 8 ай ішінде негізгі капиталға инвестициялар тарту қарқыны және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 9,6 трлн теңгені құрағанын, бұл өткен жылдың қаңтар-тамыз айларына қарағанда 12,2%-ға артық екенін баяндады. Оның айтуынша, қаражаттың көп бөлігі тау-кен өнеркәсібіне, жылжымайтын мүлік секторына, көлік және қоймалауға, өңдеу өнеркәсібіне тартылған. 20 өңірдің 13-і межелі міндетті асыра орындады, оның ішінде Маңғыстау, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды облыстары, Шымкент қаласы және басқа да өңірлер бар.

Премьер-министр жыл соңына дейін негізгі капиталға ең кемі 18,5 трлн теңге инвестиция тарту қажеттігін атап өтті. Алайда, 8 айдың қорытындысына сәйкес, жылдық жоспар небәрі 52%-ға орындалған. Осыған байланысты, жоспарды орындау үшін кейбір өңірлер мен мемлекеттік органдар өткен айларға қарағанда өте ауқымды көлемде инвестиция тартуы қажет. Әлихан Смайылов негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша ең төмен көрсеткіш тіркелген, яғни есепті кезеңде белгіленген жоспардың небәрі 54%-ын орындаған Ұлытау облысын мысал ретінде келтірді.

Ол кейбір инфрақұрылымдық аяқталмауына байланысты жалпы құны 11 млрд теңге болатын қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдеу зауытын іске қосу кешіктіріліп жатқанын айтты. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық дамуына кедергі келтіріп отыр.

Оның айтуынша, Алматыда да бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тоқтап қалған. Жалпы, биыл жоспар орындалмай, қаланың нақты экономикасына 200 млрд теңгеден астам қаржы салынбаған.

Аталған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров баяндама жасады, алайда ұсынылған ақпарат Үкімет басшысын қанағаттандырмады.

Бұдан әрі Инвестициялық штаб отырысында бірқатар ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды, олардың ішінде Алматы облысындағы тамақ өнімдерін шығаратын зауыт, Астанадағы 4 мың орындық халықаралық мектеп және биотехнологиялық препараттар шығаратын кәсіпорын бар.

Премьер-министр осы маңызды жобалардың әрқайсысы бойынша келісу рәсімдері мен басқа да өзекті мәселелерді шешу кешіктіріліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, министрліктер мен әкімдіктердің шетелдік инвесторлардың мәселелерін шешуге жеткілікті көңіл бөлмей отыр.

Жиын соңында Үкімет басшысы СІМ-нің Қазақстанға ірі инвесторларды тартудағы үйлестіруші рөлін күшейтуді, Kazakh Invest ұлттық компаниясы мен республиканың шет елдегі мекемелерінің жұмысын жандандыруды, сондай-ақ министрліктер мен әкімдіктер деңгейінде қажетті шешімдерді жедел қабылдауды талап етті.