Саясат

Челахтан істі қайта қарауға үздіксіз өтініш түсіп жатыр – прокуратура

Азаттық радиосы

Сараптама оны психикалық тұрғыдан сау деп тапты.

15 адамды өлтірді деп өмір бойына сотталған Владислав Челахтан мемлекеттік органдарға жылда ісін қайта қарау бойынша үздіксіз өтініш түсіп жатыр, деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Алайда еліміздің Бас әскери прокуроры он жыл бұрын сотталған шекарашының арызында еш жаңа дерек жоқ, сол себепті оны қайта қарауға да негіз жоқ деп айтты.

«Бізге жыл сайын Челахтан арыз түседі. Жаңа бір дерек, дәйектерді көрсете ме деп, оны жан-жақты қарастырамыз. Алайда, ол ескі деректерді жазып жатыр, іс бойынша жаңалық жоқ. Мұнда мәселе кейбір психологиялық ерекшеліктермен байланысты болуы мүмкін. Белгіленген тәртіп бар, мезгіл сайын куәландыру жүргізіледі, оның шағымдары органдарға жіберіледі», - дейді Бас әскери прокурор Дастан Сәкенов.

Сараптама оны психикалық тұрғыдан сау деп тапты. 2012 жылдың мамыр айында қазақ-қытай шекарасындағы «Арқанкерген» заставасында 14 шекарашы мен бір орманшының мәйіті табылған болатын.

Бірнеше күннен кейін сарбаз Владислав Челах ұсталды. Тергеу мәліметінше, Челах алдымен сарбаздарды атып, кейін казарманың түгін қалдырмай өртеп жіберген. Сот шешімімен Челах өмір бойына бас бостандығынан айырылып, жазасын Қостанайдағы түрмеде өтеп жатыр.